Қазір «ұялатын есім» жоқ, алайда ...
Кеңес заманында Октябрь, Пионер, Совет, Марлен деген сияқты ат қойса, қазір діни есімдер мен тарихи тұлғалар есімін қою сәнге айналды. Тағы бір ескеретін жайт, жоғарыда біз мысалға келтірген «елеусіз есімдерді» ата-аналар бүгінде балаларына қоймайды деп айтуға да болады. Себебі қазіргі сәбилерден есімін айтуға ұялатындай аттарды естімейсіз. Есесіне жаңа, ерекше аттар көптеп қойылуда. Мәселен, өткен жылы ер балаларға қойылған сирек есімдерге Теңіз, Байқазақ, Саввелий, Бронислав, Растислав, Құдірет, Нұрәлем, Бейбарыс-Сұлтан, Мұхаммед-Раджаб, Ерлер, Ақихат, Елтұлға, Нұршашхан, Нұртұяқ, Таңсұлтан, Нұрпарасат, Анисим, Бай-Арыстан, Батый, Ибрайым, Шах-Мұхаммед, Лаврентий, Ерқабыл, Байпатша, Нұр-Иман, Қорғанбек, Елшібек, Шах-Кәрім, Бақислам, Али Ибраһим, Мұхаммед Амин, Лазарь, Нұркелды, Нұршапағат, Ұланғасыр, Доминикан, Ізкелді, Ақсұлтанбек, Азииз-Хакиим, Сақтар, Елбақыт, Қасым-Жомарт Керей, Елсүйер, Із-Нұр, Сүйініш, Ердана, Святозар, Лучезар, Өмірұзақ, Сақтапберген, Айпатша мен Арқау жатады. Ал қыздарға Сәтті, Севостьяна, Еңлік Сұлу, Ақпатша, Андриана, Тұмарсұлу, Рабиям, Нұршаһ, Аксиния, Евангелия, Бриллиант, Сахара, Ақ-ниет, Айдайсұлу, Ай Күнім, Ақбиік, Нұр Ханшайым, Аннамария, Шаттық, Інжу-Маржан, Усьтинья, Тілекші, Ақшырақ, Таңшуақ, Любава, Рәбина, Моншақ, Ақжүзік, Көрікті, Офелия, Теймия Гликерия, Күміс, Сильвия, Королина, Полинария, Шариат, Қызғалтақ, Августина, Сүйкімді, Арья, Күнке, Бөпежан, Скарлетт-Роуз, Жұмақыз, Ақмамық, Мыңжылқы, Тәслима, Нұрдариға, Ангела, Сәнді, Нұрбалым, Тұнық, Балбөпе, Аймүсін, Жаншырайлым, Таңсамалы, Хұснижамал деген өте сирек есімдер қойылған. Аталған есімдерді саралай отырып, ұл балаларға қойылған есімдерді ел мен ер ұғымдарының жиынтық атты, ал қыз балаға тән нәзіктік пен әдемілік қасиеттерімен қатар, ханшайымдық титулды аңғартатын аттарды байқау қиын емес. Ал бұған дейін Нью-Йорк, Атланта, Рим, Астана, Мекке-Мәдина, Венеция, Қазақстан, Еділжайық, Тараз, Астанай секілді елді мекен атаулары мен Ромео, Царь, Эдельвейс, Теңіз, Саша Александр Людовик, Қошкелді, Кришна, Василиса-Мейрим, Қасиет-Раббым, Клеопатра Алина, Нина Жания Кулянда, Октавия, Сюзаннавиктория, Абдусаиднұрисламхан, Кайраткер, Керімзат, Өміржалғас, Хазретсұлтан, Адал, Ёлка секілді есімді балаларды білеміз. Тағы бір аңғаратын жайт, біз тізбелеген адам аттарынан шетелдік есімдерге бас қойып, етене еніп бара жатқанымызды да аңғартатын секілді. Сонымен қоса Мәжіліс, Мәслихат, Пионер, Нұрлыжол, Нұротан, Сенат, Саммитхан, Саммидастана, Азиада, Партия деген саяси атауларды баласына есім қылып беріп, елді таңғалдырған жағдайлар да кездескен. Бүгін бар, ертең жоқ атауларды балаға есім ретінде қою бұрыннан бар үрдіс және бола да беретін секілді. Дегенмен жиі қойыла бермейтін, алайда ерекше мәнге ие атаулар да жиі қойылып жатады. Мәселен, Спандияр деген есімді баршамыз білгенімізбен, Аспандияр деген атты бұрын естімеген боларсыз. «Кенже ұлымның есімі – Аспандияр. Атын өзінің әкесі қойды. Екі ұлымның арасы – он төрт жыл, сағынып күткен бала болды. Менің жолдасым отбасында сегіз ағайынды: төрт ұл, төрт қыз. Сол төрт ұлда да отбасында бір-бір ұлдан. Біздің отбасында ғана екінші ұл өмірге келгендіктен, осындай ерекше есім берілді. Аспандияр «Тәңірдің сыйы» деген мағынада, Құдайберген есімінің синонимі іспетті», – дейді Зарина Мәскеуқызы.
«Әлиханнан» көрі Алихан көп
Қазіргі таңда ер балалар арасында ең жиі қойылатын ат – Әлихан. Бұл есім соңғы төрт жылда көшбасында. Тек былтырдың өзінде 4 268 балаға Әлихан есімі берілген. 3 270 балаға Айсұлтан, 2 528 балаға Нұрислам есімі қойылыпты. Әділет министрлігінің АХАТ бөлімі мамандары биыл жыл басынан бері 1 204 Әлихан, 841 Айсұлтан және 765 Нұрислам дүниеге келгенін айтты. Бір аңғарғанымыз, Әлихан атын иеленгендерден гөрі Алихан атанғандардың саны басым. Осы бір мысалдан-ақ қазақша есімнің өзін орысшаға икемдеп алу үрдісін байқауға болады. Ал қыздардың есімінде өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы 5 601 ата-ана қызына Раяна деп ат қойған. Екінші орында Медина (5 320 қыз), үшінші орында Айзере (4 510 қыз) есімді сәбилер болды. Ал осы жылы Раяналар сәл азайып, Медина есімі көш бастады. «Екінші орында Асылым тұр. 1 183 жаңа туған нәрестеге осы есім берілді. Өткен жылдың көшбасшысы болған Раяна есімі бұл жылы да үштікке кірді. Жыл басталғалы 1 172 нәрестеге Раяна есімі берілді», – деді Әділет министрлігінің АХАТ бөлімі. Одан бөлек, биыл Айлин, Айзере, Айша, Айым, Аяла, Томирис, Айару, Кәусар, Сафия, Айкөркем, Адина деген есімдерді иеленушілердің қарасы қалың. Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, қыздар арасында Айзере мен Раяна есімдері 2015 жылдан бері үздік үштіктен түспей келеді екен. Соңғы кезде мағынасыз есімдер мен өзге тілдегі аттар көптеп қойылуда. Бұл жалғаса берсе, қазақы есімдер көмескеленіп, өзгелерді былай қойып өзімізді-өзіміз танымай қалмасымызға кім кепіл?!Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ