«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқашев та биылғы жылдың 17 тамызында бастау алған праймеризге қатысуға бел буған. Партияның өңірдегі Jas Otan жастар қанатының жетекшісі қызметіне кіріскеніне көп болмаса да жігерлі жас халықтың арыз-шағымы мен ақ үмітін арқалап топқа түстім дейді.
– Баршамызға белгілі партияішілік іріктеу – праймериз де келіп жетті. Қаншама сөздер айтылып келеді, сындар тағылды, мұның бәрі халықтың көкірек көзімен көріп, түйсігімен тереңнен түсініп жеткізуі деп білемін. «Халық айтса, қалып айтпайды» дейді дана халқымыз.
Баласы бәйгіге шапса, анасы тақымын қысады. Бұл додаға халықтың арыз-шағымы мен ақ үмітін арқалап кірмекпін, – дейді Алмас Айтмұқаш.
Алмас ұлы Абайдың отыз жетінші қара сөзіндегі «Биік мансап – биік жартас. Ерінбей жылжып жылан да шығады, екпіндей ұшып қыран да шығады» деген аталы сөзін үнемі жадында ұстап келеді.
– Биік мансап үшін емес, биіктен көрінетін халықтың болашағы үшін, баянды тағдыры үшін барымды салмақпын. Бас пайдамды емес, халық игілігі жолында алыстан айқайлаған ағайынның бақытты жылдары үшін бұл бәйгеде топқа түстім. Ақыл-кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңызды беріп, қолдайсыздар деген сенімдемін, – дейді «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Алмас Айтмұқашев.
Дәурен Аллабергенұлы,
Шығыс Қазақстан облысы.