25 жылда 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды
25 жылда 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды
144
оқылды
Конституциялық Кеңесінің мүшесі Үнзила Шапақ Кеңестің қызметі жайында есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Конституция – мемлекеттің ең жоғары заң күші бар Негізгі Заңы. Биылғы 30 тамызында республикалық референдумда Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 25 жыл толады. Негізгі Заңның мерейтойы қазақстандық мемлекеттілікті дамытудағы айтулы оқиға болып отыр», - деп атап өтті Ү. Шапақ Орталық коммуникациялар қызметінде. Осы орайда ол Конституциялық Кеңестің қызметі елдің Негізгі Заңының мызғымастығын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. «1996 жылғы ақпаннан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезең ішінде Конституциялық Кеңеске 200-ден астам өтініш келіп түсті. 29 өтініштің мәні Парламент қабылдаған және Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексеру болған. Ал 15 өтініш бойынша жалпы алғанда 17 заң Конституцияға сәйкес емес деп танылды. Конституциялық Кеңес Конституцияның нормаларын ресми түсіндіру туралы 100-ден астам өтінішті қарады, олар бойынша 80-нен астам нормативтік қаулы қабылданды. Осы қаулыларда азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру және қорғау, ҚР азаматтығы, сайлау жүйесі, мемлекеттік органдардың мәртебесі мен өкілеттіктері, және басқа да мәселелер қаралды», - деді Ү. Шапақ. Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы 24 жолдауы жария етілді. Оларда Конституциялық Кеңес елдегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жасайды және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту жөнінде нақты ұсыныстар береді. Үнзила Шапақтың айтуынша, Конституциялық Кеңес конституциялық құндылықтарды түсіндіру мен насихаттау және қоғамның конституциялық мәдениетін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда.