Жұрт тағы дәрі іздеп сенделмей ме?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа толқыны қазан айында болатынын нақты айтып отыр. Күз айларында тұмау күшейетіні тағы бар. Сондықтан індеттің өршу ықтималдығы жоғары деген сөз. Көктем мен күзде болатын тұмау эпидемиясы денсаулық сақтау саласын біршама әлекке салатын еді. Ал онымен қабаттаса коронавирус инфекциясы күшейетін болса, эпидемиялық ахуал ауыр болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан қарсы тұру іс-қимылдарын барынша күшейту маңызы арта түспек. Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдағы күзгі-қысқы кезеңге белсенді дайындалып жатқанын айтты. Әрине, дайынбыз деп айту бір бөлек, ал оны іс жүзінде орындау бір басқа. Ең басты мәселе – дәрі тапшылығы. Оны болдырмау үшін қазірден бастап қам-қарекетке кірісу маңызды. Індет өршіген тұста дәрінің жоғы жығылғанға жұдырық болғаны рас. Президент осы мәселені ерекше тапсырған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта медициналық ұйымдар дәрілік препараттардың айлық көлемімен қамтамасыз етілді деп сендіріп отыр. 30 қыркүйекке дейін дәрілердің екі айлық тұтыну қоры жасалып, дәрі-дәрмектен мәселе тумайтынын айтты. Тек «арық сөйлеп, семіз шық» деген мақалға иек артпаған тым сенімді мәлімдеме болды. Дегенмен екі айға жеткілікті дәрінің қорымен қамтамасыз ету мақсаты қалай болатынын уақыт көрсетер. «СҚ-Фармация» базасында республикалық және 11 аймақтық тұрақтандыру қоры құрылған. Алайда ол жөнінде дистрибьютордан ақпарат ала алмадық. Тағы ашықтық, кері байланыстың жоқтығы. Министрлік өкілдері амбулаторлық деңгейде, яғни үйде ем алатын науқастарға арналған тегін дәрінің бес түрін сатып алу жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Тегін дәрілердің ішінде парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, апиксабан мен дабигатран деген препараттар бар, препараттар қоры шамамен 1 миллион пациентке жететін көрінеді. Ал қажет кезде дәрі-дәрмекті сатып алу былай тұрсын, оны таппай сандалған халықтың тегін дәрімен қамту ісіне сенімнен гөрі күдігі басым секілді.Медициналық құрал-жабдық жеткілікті ме?
Денсаулық сақтау министрі қазан айына дейін барлық облыстық аурухананы қажетті аппараттармен қамтамасыз етеміз деп отыр. «Ауруханаларды жабдықтау үшін 2 578 қосымша желдеткіш сатып алынады, оның 1 500-і – отандық өндірушілерден, 1 078-і – жергілікті бюджет, демеушілік және Дүниежүзілік банктің қаражаты есебінен. 23 890 төсек оттегімен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 13 153 – оттегі байыту фабрикалары арқылы және 2020 жылдың қазанына дейін еліміздің барлық облыстық ауруханаларын сандық рентген аппараттарымен 100 пайызға қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді министр. Ал тамыз айының басынан ахуал тұрақталды деп жоспарлы медициналық көмек қайта іске қосты. «Қазір терапевтік, кардиология, гастроэнтерология, аллергология, хирургия, неврология, пульмонология, реани_мация, акушерлік-гинекология, нейрохирургия, травматологиялық бейіндер, торакалдық хирургия, қалпына келтіру емі және медициналық оңалту қызметтерін көрсететін 626 медициналық ұйым жұмысын қайта бастады. Алматыда – 67, Шығыс Қазақстан облысында – 54 және Алматы облысында – 50 мекеме жұмысын жандандырды», – деді Денсаулық сақтау министрлігінің реми өкілі Бағдат Қожахметов. Алайда алдымызда індеттің үлкен толқыны келе жатқанда аталған дәрігерлерге ағылатын жұрт коронавирусты жұқтыру мен оны тартуға себепкер болатынын ескеру қажет секілді. Болжанған коронавирустың жаңа толқыны енді балаларға ауыр тиюі мүмкін деген пікірді мамандардан жиі естиміз. Ал оларды қорғау, тиісті дәрімен қамтамасыз етуге қатысты нақты шаралар тізбесі әзірге жоқ. Осы уақытқа дейін де екі мыңнан астам бала коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның ішінде қазіргі кезде республика бойынша ауруханаларда 114 бала ем алып жатыр. Жалпы, пандемия басталғалы Қазақстанда 104 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдығып, 1 415 адам көз жұмған. Ал 21 264 адам пневмониямен ауырып, 243 азамат қайтыс болған. Ал әлемде 14 миллион адам коронавирусқа шалдығып, 600 мыңға жуығы көз жұмған. Пандемия адамзат баласына ауыр сынақ болды. Тиісті ведомстволар мен денсаулық сақтау ұйымдарының атқарып жатқан қызметін жоққа шығармаймыз, алайда қиын кезең жедел әрекет етуді талап етеді. Сонымен бірге әр азамат тиісті талаптарды орындап, өз денсаулығы үшін жауапкершілікпен қарауы тиіс деп ойлаймыз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ