65-бап жауапкершілікті күшейте алды ма?
Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесте сыбайлас жемқорлық бойынша сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заң жүзінде тыйым салуды тапсырды. Бұл Қылмыстық кодекстің 65-бабы қайта өзгереді дегенді білдірсе керек. Ал бұл бап былтыр Бас прокуратураның бастамасымен толықтырылған еді. Ондағы мақсат – сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту және жеке адамның құқығын қорғауды күшейту. Сол өзгертуге сәйкес, сыбайлас жемқорлық жасаған адам шын өкінсе, оны қылмыстық жауаптылықтан босату қарастырылған. Алайда бұл бап жауапкершілікті күшейтудің орнына босаңсытып жіберген сияқты. Себебі заң күшіне енген жылы екі бірдей облыс әкімі «қаржы жымқырды» деген айыппен қамауға алынды. Мысалы, биылғы қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының сол кездегі әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 27 мамырда Павлодар қалалық №2 сотының судьясы Нұрлан Қайырбеков Б.Бақауовты 3жыл 6 ай бас бостандығын шектеу және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады. Болат Бақауовтың қылмыстық жолмен немесе қылмыстық жолмен иемденген қаражатқа сатып алған мүлкінің жоғына байланысты оған мүлкін тәркілеу қосымша жазасы тағайындалған жоқ. Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов та үй қамауына алынды. Оған «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген айып тағылып отыр. Бұл іске қатысты сот талқылауы екі күннен соң, яғни 24 тамызда өтеді. Сотты болған облыс әкімдері дегенде Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев еске түседі. 2015 жылдың 11 желтоқсанында ҚР заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану, кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу баптары бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы 14 наурызда жазаны жеңілдетіп, жаза мерзімі 3 жылға қысқартылды. 2016 жылдың маусымында Б.Әбдішев мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шықты. Бауыржан Әбдішевтің үстінен қозғалған қылмыстық істерге байланысты 2009 жылы Қарағанды облысының әкімі болған, одан кейін ел Үкіметін басқарған, кейін Қорғаныс министрі болып үлгерген С.Ахметов те жауапқа тартылды. Б.Әбдішев С.Ахметовке қысым арқылы жалған куәлік еттім десе де, 2015 жылдың 11 желтоқсанында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты С.Ахметовті 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Арада жарты жыл өткенде жазасы 8 жылға дейін азайтылды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде нақты жаза мерзімін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру туралы Қарағанды облысы Абай аудандық сотының қаулысына апелляциялық шағым түспегендіктен, сот шешімі заңды күшіне еніп, 2017 жылдың қаңтарында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасалды. Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевтің де ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджеттің 72 миллиард теңгесін жымқырды деп айыпталғанын ұмытқан жоқпыз. Б.Рысқалиев шетел асып үлгергендіктен, Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты экс-әкімді сыртынан 17 жылға бас бостандығынан айырды. Дүние-мүлкін тәркіледі. Бірақ биыл Жоғарғы сот ағайынды Рысқалиевтерге тәркіленген дүние-мүлкін қайтарып беретін шешім шығарды.Жемқорды ақтап алатын бап мал ұрысына жүрмейді
Еуропалық құқық және адам құқы институтының директоры Марат Башимов былтыр өзгертілген 65-бапты лоббизмнің «жемісі» деп санайды. Оның пікірінше, ол бап Конституциямызға сай келмейді. Себебі еліміздің бас құжатында Қазақстан халқының тең құқылы екені жазылған. «Ауылда қой ұрлаған адам бірнеше жыл арқалап кетеді, ал миллиардтарды жымқырған шенділер шартты түрде бас бостандығын шектеп, айыппұлын төлеп, бостандықта жүреді. Әділет қайда? Жемқор шенеуніктің мал ұрысынан несі артық? Бізде құқық қорғау органдары тауық ұрлағанның соңынан қалмай жүріп, түрмеге отырғызуға бар, ал шенеуніктердің ізіне солай түспейді. Мен жемқор шенеунікті біріншіден, жымқырған ақшасын түгел бюджетке қайтартып, қылмысы үшін айыппұл төлетіп және жемқорлық әрекеті үшін бас бостандығынан айыруды ұсынамын», – дейді заңгер. Оның айтуынша, Еуропада сот жемқор шенеуніктің дүние-мүлкін тәркілейді, ұрлаған ақшасын да қайтарып алады, сосын кемінде 2-3 жыл бас бостандығынан айырады. Осы тұста шет мемлекеттерде жемқорлық әрекеті үшін қандай жаза кесілетіні туралы айта кетсек, АҚШ-та жемқорлық жасағаны үшін айыппұл қарастырылған, оның мөлшерін сот белгілейді және 10 мың доллардан кем болмайды немесе айыпталушы 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Қылмыстың ауыр немесе жеңілдігіне байланысты сот екі жазаны біріктіреді. Ал Канадада сот немесе заң шығарушы органда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметші жемқорлық әрекеті немесе осындай әрекетті жасауға материалдық және басқа да жеңілдіктер алуға келіскені үшін 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осыған ұқсас жаза полиция комиссарлары мен сот төрелігі саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асыратындарға да тағайындалады. Францияда пара алған коммерциялық кәсіпорындар басшылары мен жұмыскерлеріне 7 жылға дейін, ал шенеуніктер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Сонымен қатар француз заңы шенеуніктер арасында түрлі сыйлық алғандарды 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады немесе ірі көлемде айыппұл салады. Билікті теріс пайдаланғандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады және айыппұл түрінде жазаланады. Егер шенеуніктің жемқорлық қылмысының салдары ауыр болса, тағайындалған жаза екі есе ауырлайды. Германияда лауазымды тұлға өзінің қызметтік міндетін бұзатын әрекеттерді жасауға әрекеттенсе, 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Судья немесе төреші жемқорлыққа жол берсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жемқорлыққа қарсы ең радикалды шаралар Қытайда қабылданады. Мұнда пара алғаны үшін өлім жазасына кесу 1980 жылдардың басында Қылмыстық кодекске енгізілген. Жаза көпшілік алдында орындалады. Жылына лауазымды шенеуніктер мен ірі корпорациялар басшыларына қарсы бірнеше мың осындай үкім шығарылуы мүмкін. «Ал бізде «Қорғас» орталығының бұрынғы президенті «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған соң, көп ұзамай қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Заңгерлер қауымдастығы шу еттік те қойдық. Себебі 65-бап бар. Сол кезде біздің тауық пен қой ұрлағандардың ізінен қалмайтын құқық қорғаушылар қайда қалды? Мен мал ұрыларын ақтайық деп тұрған жоқпын, заң бәріне ортақ болуы керек. Василий Ни өкініш білдірді дейді, мал ұрлап ұсталғандар өкінбейді деп кім айтты? Бұл жерде Ниді босатқан сот Қылмыстық кодекстің 65-бабына сүйенді. Бұл – ақжағалы парақорларды ақтап алуға мүмкіндік беретін бап. Ол баппен мал ұрысын ақтап ала алмайсыз», – дейді Марат Башимов.Адамды ар соты ғана өзгертеді
Шыны керек, біздің елде сыбайлас жемқорлық дерегімен облыс әкімдеріне қарағанда, олардың орынбасарлары көбірек ұсталады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми деректері де солай дейді. Сосын облыс орталығы – қала әкімі мен аудан, ауыл әкімдері жемқорлыққа қатысты жауапкершілікке жиі тартылады. Арасында сотталып кеткені қаншама? Бірақ амалын тауып, бостандыққа шығып кеткені де жоқ емес. Адвокаты білікті ме, әлде біздің заңдар осал ма, әйтеуір бірер жыл бұрын сот шешімімен жемқор атанғандар мерзімінен бұрын босап жатады. Соны көрген өзгелер босаңсып кете ме, әйтеуір пара алудан танбай келеді. Бұл індеттің алдын алуға бола ма? Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бәрі адамның өзіне байланысты дейді. «Әкімдер әуелі өзін тәрбиелеуі керек, «откат» алуды қою керек. Мемлекеттік сатып алуда өз мердігеріне бүйрек бұруды доғарса, бәрі дұрыс болады. Бірақ ол үшін әкімдерде ерік-жігер мықты болуы тиіс. Мемлекеттік мүддені бәрінен биік қоя алатындай жігер қажет. Егер облыс әкімі жемқорлықтан таза боламын десе, қол астындағы қызметкерлер де аяқ тартады. Облыс басшысы болсын, басқа шенеунік болсын, өзіне ондай талап қоя алмаса, қаншама заң қабылданса да, бәрібір адами фактор жеңіп кетеді», – дейді депутат. Ол Қылмыстық қодекстегі 65-бап мемлекетке келтірілген шығынның орнын толтыру мақсатында өзгертілгенін айтады. Алайда жемқорлар бұл баптың әлсіз тұсын меңгере қойғанына налиды. Сондықтан бұл бапты тағы толықтырып, жемқорға шығынды да өтетіп, бас бостандығынан да айырып жазалау қажет деп санайды. «Қылмысы үшін өкіне ме, жоқ па, ол енді маңызды емес. Елді мекендерді аралаймыз, «құрылыс неге сапасыз?», «қылмысы үшін сотталғандар неге бостандықта жүр?» деген сұрақты жиі қояды. Сондықтан енді бұл мәселеде аяушылық танытудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл өзгелерге сабақ болуы керек. Облыс әкімінің орынбасары ұсталса, облыс әкімі таза деген сөз емес. Облыстан бір шенеунік ұсталды ма, онда бұл дерек сол әкімдіктің жемқорлықпен байланысы барын білдіреді. Сондықтан жемқорлық дендеген әкімдіктің аппаратын түгел жаңарту керек», – дейді Н.Сабильянов.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ