Облыс әкімдері және жемқорлық немесе «қауіпті симптомға» қалай жол бердік?
Облыс әкімдері және жемқорлық немесе «қауіпті симптомға» қалай жол бердік?
165
оқылды
 

65-бап жауапкершілікті күшейте алды ма?

Мемлекет басшысы жемқор­лық­­пен кү­рес жөніндегі кеңесте сы­байлас жем­қор­лық бойынша сот­талғандарды шартты түрде мер­зімінен бұрын босатуға заң жү­зінде тыйым салуды тапсырды. Бұл Қыл­мыстық кодекстің 65-ба­бы қайта өзгереді де­генді білдірсе ке­рек. Ал бұл бап былтыр Бас про­­­куратураның бастамасымен то­­лық­тырылған еді. Ондағы мақ­сат  – сыбайлас жемқорлық үшін жауап­кершілікті күшейту және же­ке адамның құқығын қорғауды кү­шейту. Сол өзгертуге сәй­кес, сыбайлас жемқорлық жа­са­ған адам шын өкінсе, оны қыл­мыс­­тық жауаптылықтан босату қа­­рас­тырылған. Алайда бұл бап жауап­­кершілікті күшейтудің ор­ны­­на босаңсытып жіберген сияқ­ты. Себебі заң күшіне енген жы­­лы екі бірдей облыс әкімі  «қаржы жым­қырды» деген айыппен қа­мау­ға алынды. Мысалы, биылғы қаң­тарда Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­теті Павлодар облысының сол кез­дегі әкімі Болат Бақауовқа қа­­­тыс­ты лауазымдық уәкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойын­ша қылмыстық іс қозғалды. 27 ма­­мырда Павлодар қалалық №2 со­тының судьясы Нұрлан Қайыр­беков Б.Бақауовты 3жыл 6 ай бас бостандығын шектеу және өмір бойы мемлекеттік қызмет ат­қару құқығынан айыру жазасын та­ғайындады. Болат Бақауовтың қыл­мыстық жолмен немесе қыл­мыс­тық жолмен иемденген қара­жат­қа сатып алған мүлкінің жо­ғы­на байланысты оған мүлкін тәр­кілеу қосымша жазасы та­ғайын­­далған жоқ. Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов та үй қамауына алынды. Оған «аса ірі кө­лемде алаяқтық жасады» деген айып тағылып отыр. Бұл іске қа­тыс­ты сот талқылауы екі күннен соң, яғни 24 тамызда өтеді. Сотты болған облыс әкімдері де­генде Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев ес­ке түседі. 2015 жылдың 11 жел­тоқ­санында ҚР заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау, қызметтік өкі­леттілігін асыра пайдалану, кә­сіпкерлік қызметке заңсыз қа­тысу баптары бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылған бо­латын. Алайда облыстық сот­тың апелляциялық алқасы 14 нау­рызда жазаны жеңілдетіп, жа­за мерзімі 3 жылға қыс­қар­тыл­ды. 2016 жылдың маусымында Б.Әбдішев мерзімінен бұрын шарт­ты түрде бостандыққа шық­ты. Бауыржан Әбдішевтің үстінен қозғалған қылмыстық істерге бай­ланысты 2009 жылы Қара­ған­ды облысының әкімі болған, одан кейін ел Үкіметін басқарған, кейін Қорғаныс министрі болып үл­герген С.Ахметов те жауапқа тар­тылды. Б.Әбдішев С.Ахметов­ке қысым арқылы жалған куәлік еттім десе де, 2015 жылдың 11 жел­­­тоқсанында Қарағанды об­лы­сы­ның қылмыстық істер жөні­н­дегі мамандандырылған ауда­на­ра­лық соты С.Ахметовті 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Арада жарты жыл өткенде жазасы 8 жылға дейін азайтылды. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде нақты жа­за мерзімін бас бостандығын шек­теу жазасына ауыстыру тура­лы Қарағанды облысы Абай ау­дан­дық сотының қаулысына апелляциялық шағым түспеген­дік­тен, сот шешімі заңды күшіне еніп, 2017 жылдың қаңтарында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасалды. Атырау облысын басқарған Бергей Рысқалиевтің де ұйым­дас­­қан қылмыстық топ құрып, қыз­мет бабын асыра пайдаланып, бюджеттің 72 миллиард теңгесін жымқырды деп айыпталғанын ұмыт­қан жоқпыз. Б.Рысқалиев ше­тел асып үлгергендіктен, Аты­рау облыстық қылмыстық істер жө­ніндегі мамандандырылған ау­данаралық соты экс-әкімді сыр­тынан 17 жылға бас бостан­ды­ғынан айырды. Дүние-мүлкін тәркіледі. Бірақ биыл Жоғарғы сот ағайынды Рысқалиевтерге тәр­кіленген дүние-мүлкін қай­та­рып беретін шешім шығарды.  

Жемқорды ақтап алатын бап мал ұрысына жүрмейді

Еуропалық құқық және адам құ­қы институтының директоры Ма­рат Башимов былтыр өз­гер­тіл­ген 65-бапты лоббизмнің «же­місі» деп санайды. Оның пі­кі­рін­ше, ол бап Конституциямызға сай келмейді. Себебі еліміздің бас құ­жатында Қазақстан халқының тең құқылы екені жазылған. «Ауылда қой ұрлаған адам бір­­­неше жыл арқалап кетеді, ал мил­лиардтарды жымқырған шен­ділер шартты түрде бас бос­тан­дығын шектеп, айыппұлын тө­леп, бостандықта жүреді. Әділет қайда? Жемқор шенеуніктің мал ұрысынан несі артық? Бізде құ­қық қорғау органдары тауық ұр­ла­ғанның соңынан қалмай жүріп, түрмеге отырғызуға бар, ал ше­неу­ніктердің ізіне солай түспейді. Мен жемқор шенеунікті бірін­ші­ден, жымқырған ақшасын түгел бюд­жетке қайтартып, қылмысы үшін айыппұл төлетіп және жем­қорлық әрекеті үшін бас бос­тан­дығынан айыруды ұсынамын», – дейді заң­гер. Оның айтуынша, Еуропада сот жем­қор шенеуніктің дүние-мүлкін тәр­кілейді, ұрлаған ақшасын да қайта­рып алады, сосын кемінде 2-3 жыл бас бостандығынан айырады. Осы тұста шет мемлекеттерде жемқорлық әрекеті үшін қандай жаза кесілетіні тура­лы айта кет­сек, АҚШ-та жем­қорлық жаса­ғаны үшін айыппұл қарастырылған, оның мөлшерін сот белгілейді және 10 мың доллардан кем болмайды немесе айып­талушы 2 жылға бас бостанды­ғынан айырылады. Қылмыс­тың ауыр немесе жеңілдігіне байланысты сот екі жазаны біріктіреді. Ал Канадада сот немесе заң шығарушы органда қызмет атқаратын мемлекеттік қызметші жем­қорлық әрекеті немесе осын­­дай әрекет­ті жа­сауға материалдық және басқа да жеңіл­діктер алуға келіс­кені үшін 14 жылға дейін бас бостанды­ғынан айы­рылады. Осыған ұқсас жаза поли­ция комис­сарлары мен сот төрелігі саласын­дағы өкілеттіктерді жүзеге асы­ра­­тындар­ға да тағайындалады. Фран­цияда пара алған коммерциялық кә­сіпорындар бас­шылары мен жұмыс­керлеріне 7 жылға дейін, ал шенеуніктер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бері­леді. Сонымен қатар француз заңы шенеу­­ніктер арасында түрлі сый­лық алғандарды 2 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады немесе ірі көлемде айыппұл салады. Би­лікті теріс пайдаланғандар 5 жылға дейін бас бос­тандығынан айы­рылады және айыппұл түрінде жаза­ланады. Егер шенеуніктің жем­қорлық қылмысының салдары ауыр болса, тағайындалған жаза екі есе ауыр­­лайды. Германияда лауа­зымды тұлға өзінің қызметтік міндетін бұзатын әре­кеттерді жасауға әрекеттенсе, 6 ай­дан 5 жыл­ға дейін бас бостандығынан айы­рылады. Судья немесе төреші жем­қор­лыққа жол берсе, 10 жылға дейін бас бостан­­дығынан айырылады. Жемқорлыққа қарсы ең радикалды шаралар Қытайда қабылданады. Мұнда пара алғаны үшін өлім жазасына кесу 1980 жылдардың басында Қылмыстық ко­декске енгізілген. Жаза көпшілік ал­дында орындалады. Жылына лауазым­ды шенеу­ніктер мен ірі корпорациялар басшыла­рына қарсы бірнеше мың осындай үкім шығарылуы мүмкін. «Ал бізде «Қорғас» орталығының бұ­рынғы президенті «1 миллион доллар пара алды» деп айыпталған соң, көп ұза­май қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Заңгерлер қауымдастығы шу еттік те қой­дық. Себебі 65-бап бар. Сол кезде біздің тауық пен қой ұрлаған­дардың ізінен қал­майтын құқық қорғау­шылар қайда қалды? Мен мал ұры­ла­рын ақтайық деп тұрған жоқпын, заң бәріне ортақ болуы керек. Василий Ни өкініш білдірді дейді, мал ұрлап ұстал­ғандар өкінбейді деп кім айтты? Бұл жерде Ниді босатқан сот Қылмыстық кодекстің 65-бабына сүйенді. Бұл – ақ­жағалы парақорларды ақтап алуға мүм­кіндік беретін бап. Ол баппен мал ұрысын ақтап ала алмай­сыз», – дейді Марат Башимов.  

Адамды ар соты ғана өзгертеді

Шыны керек, біздің елде сыбайлас жем­қорлық  дерегімен   облыс әкім­деріне қа­рағанда, олардың орын­ба­сарлары көбі­рек ұсталады. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес агенттігінің ресми деректері де солай дейді. Сосын облыс орталығы – қала әкімі мен аудан, ауыл әкімдері жем­қор­лыққа қатысты жауап­кершілікке жиі тартылады. Арасында сотталып кеткені қаншама? Бірақ ама­лын тауып, бостан­дыққа шығып кеткені де жоқ емес. Адво­каты білікті ме, әлде біздің заңдар осал ма, әйтеуір бі­рер жыл бұрын сот шеші­мімен жем­қор атан­ғандар мерзі­мінен бұрын босап жатады. Соны көрген өз­гелер босаң­сып ке­те ме, әйтеуір пара алудан танбай келеді. Бұл індеттің алдын алуға бола ма? Мәжіліс депутаты Нұртай Са­билья­­нов бәрі адамның өзіне бай­ланысты дейді. «Әкімдер әуелі өзін тәрбиелеуі ке­рек, «откат» алуды қою керек. Мемле­кет­тік са­тып алуда өз мердігеріне бүй­рек бұруды доғарса, бәрі дұрыс болады. Бірақ ол үшін әкімдерде ерік-жігер мықты болуы тиіс. Мемлекеттік мүддені бәрінен биік қоя алатындай жігер қажет. Егер облыс әкімі жемқорлықтан таза боламын десе, қол астындағы қызмет­керлер де аяқ тартады. Облыс басшысы болсын, басқа шенеунік болсын, өзіне ондай талап қоя алмаса, қаншама заң қабылданса да, бәрібір адами фактор жеңіп кетеді», – дейді депутат. Ол Қылмыстық қодекстегі 65-бап мем­лекетке келтірілген шығынның ор­нын толтыру мақсатында өзгер­тілгенін айтады. Алайда жемқорлар бұл баптың әлсіз тұсын меңгере қойғанына налиды. Сондықтан бұл бапты тағы толықтырып, жемқорға шығынды да өтетіп, бас бос­тандығынан да айырып жазалау қажет деп санайды. «Қылмысы үшін өкіне ме, жоқ па, ол енді маңызды емес. Елді мекендерді аралаймыз, «құрылыс неге сапасыз?», «қылмысы үшін сотталғандар неге бос­тандықта жүр?» деген сұрақты жиі қоя­ды. Сондықтан енді бұл мәселеде аяу­шылық танытудың қажеті жоқ деп ой­лаймын. Бұл өзгелерге сабақ болуы ке­рек. Облыс әкімінің орынбасары ұсталса, облыс әкімі таза деген сөз емес. Облыстан бір шенеунік ұсталды ма, онда бұл дерек сол әкімдіктің жем­қор­лықпен байланысы барын білдіреді. Сондықтан жемқорлық  дендеген әкім­діктің аппаратын түгел жаңарту ке­рек», – дейді Н.Сабильянов.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ