Үш облыста баға ушыққан
Бұрынғылардың «қыстың қамын жаз ойла» дейтіні дәл осы мал шаруашылығына бағытталып айтылғандай көрінеді кейде. Жеке қожалықтарды есепке алмаған күннің өзінде, ауыл халқының түгелі дерлік мал өсіреді. Қыс кезінде қамсыз отыра алмасы анық. Бірақ өңір-өңірде жем-шөп бағасы қымбаттап жатыр. Науқан сайын үйреншікті әдет осы. Мысалы, былтыр 1 орам (рулон) шөптің бағасы ел аумағында шамамен 3-7 мың теңгеге сатылса, биыл 4-10 мың теңгеге дейін өскен. Тіпті, Атырау облысында 1 орам шөптің құны 15 мыңға, ал қуаңшылықтан ылғи зардап шегіп, көбіне шөпті өзге облыстардан тасымалдайтын Маңғыстау аймағында 25 мыңға дейін шарықтап кеткен. Сонымен, әр облыстағы шөп бағасына шолу жасап көрсек. Жамбыл облысында бір орам шөп 5 мың теңгеден саудаланса, Атырау облысында кем дегенде 10 мың теңгеге табасыз. Еліміздің солтүстік өңірлерінде 5-6 мың теңге болса, Алматы облысындағы баға көңіл көншітпейді – 8-9 мың теңге аралығы. Қостанай мен Қарағанды аумағында 8 мыңға бағаланған бір орам Ақмола облысында 5-7 мың теңгеден сатылып жатыр, Ақтөбе жерінде – 6 мың теңге. Алайда Шығыс Қазақстан облысында баға мәз емес – құн өсімі 10 мың теңгеге тірелген. Яғни, Атырау, Маңғыстау және Шығыс Қазақстанда шөп бағасын қымбат деп тұспалдауға болады. Қалған өңірлерде орташа есеп – 5-9 мың теңге. Ал Батыс Қазақстан облысында сәл де болсын арзан бағаға табуға болатын сияқты, соған сай таңдау да көп. Бірақ баға біркелкі емес, бір ғана облыстың әр ауданында әртүрлі. Шыңғырлау ауданында бір орам 2,5 мың теңге, Жәнібек пен Сырым ауданында 4 мың теңге болса, Тасқала мен Бөкей орда аймағында 6 мың, Ақжайық пен Жаңақала ауданында 8 мың теңгеге жеткен. Алайда облыстағы кей тұрғындар құнның қымбаттағанына ғана емес, дайын ақшасына сатып алар шөп таба алмай жүргенін айтады.Бағаны кім реттемек?
Мал иелері шөп бағасының қымбат екенін айтып дабыл қаққанымен, жергілікті ауыл шаруашылығына қатысты басқармалар мен шаруалардың әдеттегі айтар назы біреу – «биыл қуаңшылық болды». Расында да, елді мекендерде шөппен қамтамасыз ету жайы күрделі мәселеге айналған. Ал бағаны ешкім қадағаламайды, әркім өз қалаған құнын белгілеп, саудалай бермек. Төрт түліктің қыстан аман шыққанын ойлайтын мал иелері жоғары бағаны амалсыз елемей, жыл сайын қымбаттай беретін жем-шөбін сатып алуға мәжбүр. Мысалы, орташа есеппен алғанда Қазақстандағы әр ауданға 200 мың тонна шөп керек екен. Шамамен бір ірі қара қыстан аман шығу үшін жемін есептемеген күннің өзінде 10 орам шөпті қажет етеді делік. Елімізде бір орам шөптің орташа бағасы 8 мың теңге деп алсақ, бір ғана ірі қараның қыстық азығын қамдау үшін 80 мың теңгеге шығындаласыз. Ал он бастан артық малы бар адам миллиондап шығындалса да таңғалмайсыз. Тұрғындарға шөпті жеткізіп, шөп тасымалымен айналысатын адамдар бар. Көбіне жайылымда шөп шабатын шаруалардан тиімді бағаға алып, өзінің шығыны мен көруі тиіс пайдасын есепке алып, тұрғындарға қымбаттатып сатады. Бірақ шөп тасымалымен айналысатындардың да айтар уәжі бар екен. Жуырда Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары шөп тапшылығын ең алғаш қозғап, бағаның өскеніне наразылық білдірген болатын. Тек тұрғындардың талабын ғана ескермей, шөп тасымалымен айналысатын жандардың пікіріне құлақ асқан едік. Мысалы, БҚО-да талай жылдан бері шөп тасымалымен айналысып жүрген Қуат Хасанов есімді азамат өз ісі қарабайыр көрінгенімен, машақаты мен шығыны бастан асатынын жеткізді. – Бірен-саран адамға түсіністікпен қарап, жеңілдік жасап, 7 мыңнан тасып береміз. Бірақ науқан бойы ол бағамен таси алмаймыз ғой. Жолға кететін шығын өзін ақтамайды. Шөпті Жымпиты деген жердің арғы жағынан тасимыз. Бір бару – 400 шақырым жер. Барып-келуіміз 800 шақырымға созылады. Таңғы 5:30-да шықсақ, түстен кейін 15:00-де әрең жетеміз. Шөп тиеп, кері шығамыз. Жолда қонып қалатын кездеріміз бар. Паромнан өту тағы ақша. Көлік бос болса 4 мың, шөп тиелген болса, 10 мың теңге төлейміз. Кейде жол бойында МАИ қызметкерлері тоқтатады. Техникамды бұзып, жөндеуге қоймақшымын. Ол тағы шығын. 4-5 күннен соң тасымалдауға қайта шығамыз. Биыл шөптің бір орамы 8 мың теңгеден кем болмасы анық. Шаруалардан өзіміз 3,5-4 мың теңгеден аламыз. Бұл баға уақытша, әлі де өсуі мүмкін, – дейді ол. Қорыта айтқанда, «малым – жанымның садағасы» дейтін мал иелеріне қыс оңай соқпайын деп отыр. Мал азығы турасында түйткілдер мен шешілмеген мәселелер көп екеніне көз жеткіздік. Баға бақылаудан шыққан. Сондықтан орған шөбін кім қаншаға сатса да, өз еркі. Алдағы кезеңдерде мұндай келеңсіз үрдіс жалғаса бермеуі үшін Ауыл шаруашылығы басқармалары жағдайды қадағалап отырғаны жөн секілді.Мадияр ТӨЛЕУ