Навальныйдың халі ауыр
Навальныйдың халі ауыр
145
оқылды
АҚШ президенті Дональд Трамп ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың ауру­­ханаға түсуін зерттеп жат­қан­дарын мәлімдеген. Ресейлік сая­саткердің хал-ахуалы туралы мемлекеттік хатшы Майкл Пом­пео баяндама жасауы тиіс. Германия канцлері Ангела Меркель Наваль­ныйдың ауруханаға түсу себебі барынша жедел анықталуы тиіс деп отыр. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон саясаткерге француз елі тарапынан баспана беріліп, қорғауға алынатынын, тиісті ем жасалатынын жеткізді. Германияның құқық қорғау ұйым­­­дары Ресейге Навальныйды алып кету үшін ұшақ та жіберіп үлгерді. Бірақ ресейлік дәрігерлер оппозиционерді бір орыннан қозғауға болмайды дегенді алға тар­тады. Батыс басылымдары Наваль­ныйды Путин жүйесіне қарсы шық­қан тұлға деп жоғары баға­лаумен қатар, оны әр кезеңде улан­ған Александр Литвиненко, Сергей Скрипаль, тағы басқа аза­маттардың қатарына қояды. The Walt Street Journal басылымы «Навальный 20 жылдан астам уақыт билік құрып отырған Путинге қарсы шыққан жалғыз дауыс еді» деп бағаласа, The New York Times «оған немқұрайды қарағандай боп көрінсе де, Кремль оның аузын бірнеше рет жап­қысы келген» деп жазады. Расында да, Ресей оппо­зиционерлері мен журналис­терінің «жұмбақ улануы» трендке айналмаса да, жиілеп барады. Бәрі неден басталды? Znak сайтының мәліметінше, 2004 жылы «Новая газета» басылымының журналисі Анна Политковская «Аэрофлот» ұшағында шай ішіп уланған. Ре­дакция басшылығы біреулердің журналисті уақытша жұмыстан алшақтату үшін қасақана ула­ғанын жеткізген. 2006 жылы Анна Политковскаяны өлтіріп кеткен. 2003 жылы «Новая» басылымы редакторының орынбасары Юрий Щекочихин уланып, қай­тыс бол­ды. Әріптестері оның Федералды қауіпсіздік қызметіне қатысы бо­луы мүмкін контрабандалық қыл­мысты зерттегенін айтады. 2006 жылы Федералды қауіп­сіздік қызметінің бұрынғы қыз­меткері Александр Литвиненко полоний-210 радиоактивті изотоп қосылған шай ішіп уланған. Бұл әлемді дүр сілкіндірген қыл­мыс болды. Британдық та­рап қылмыстың ізі мемлекеттік ду­маның депутатына баратынын жеткізді. Бірақ бұл айып әлі дә­лел­денбеді. 2018 жылы ауыр жағдайда ауруханаға «Медиазона» бас­шысы Петр Верзилов түсіп қал­ды. Алдымен ол көру мен сөйлеу қабілетінен айырылған, одан кейін жүріп-тұрудан қал­ған. Дәрігерлер қоғам бел­сен­дісінің өзі қабылдап келген дәрі­лерден улануы мүмкін десе де, жақындары мұны жоққа шы­ғарып, тіпті оппозиционердің қауіпсіздігіне алаңдап, арнайы рейспен Берлинге ұшып кеткен. Верзиловқа ұшақпен көмек қолын созған азамат белгісіз қалуды жөн санапты. Неміс полициясы оппозиция өкілін күні-түні кү­зетіп, оған зиян тигізуі мүмкін жағдайдың бәрінен сақтауға тырысқан. Неміс дәрігерлерінің емінен кейін өз-өзіне келген жур­налист улануының екі се­бе­бін айтқан. Бірі – билікке қарсы Лужники алаңында ар­найы акция ұйымдастыруы бол­са, екіншісі – ресейлік жур­налистердің Орталық Африка республикасында қаза табуын зерттей бастауы. Естеріңізге сала кетсек, әскери журналист Орхан Джемаль, режиссер Александр Росторгуев пен оператор Кирилл Радченко «Вагнер» әскери то­бының осы африкалық елде қандай қызмет атқарғанын зерт­темек болған еді. Бірақ бәрі де қаза тапқан. jedel jardem Полковник Сергей Скрипаль Британияның Солсбери қала­сында қызымен бірге кафеде түс­теніп отырып уланған. Әкесі мен қызы екі аптадай комада жатқан. Бірақ көп ұзамай ес жиған. Лондон бұл жағдайды зерт­тей келе бар айыпты Ресейге таққан болатын. Олардың зерт­теуі бойынша, қос азаматқа қарсы КСРО заманында ойлап табылған «Новичок» улы заты қолданылған. Мәскеу әлі де бұл айыпты мойындамай отыр. Ал Скрипальдардың қайда жүргені белгісіз, бірақ олар дін аман. 2015 және 2017 жылдары «Ашық Ресей» қозғалысы төра­ғасының орынбасары, Борис Немцов қорының басшысы Владимир Қара-Мырза уланған еді. Екі жағдайда да оған белгісіз токсинді затпен уланды деген диа­гноз қойылған. Танымал оппо­зиционер Борис Немцовты атып кеткеннен кейін үш айдан соң оның қосшысы Владимир Қара-Мырзаға қастандық жа­са­лып, ол өлім аузынан қал­ған еді. Қара-Мырзаның айтуын­ша, оны АҚШ пен Еуропада «Сергей Магнитский актісін», яғни адам құқықтарын бұ­зып, жемқорлыққа барған ресей­лік шенеуніктерге қарсы санк­цияларды қолдағаны үшін өл­тір­мек болған. Оппозиционер уланғаннан кейін ұзақ уақыт емделген. Қазір Америкада тұ­рады. 2019 жылы жазушы, жур­налист Дмитрий Быков Ека­теринбург ауруханасына шұғыл жатқызылған. Ол комаға түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Кейін өзіне келген. «Эхо Москвы» радиостансасы қызметкерлері ауруханаға барып, журналиспен тікелей эфирде сұхбат жүргізген. Онда танымал азамат белгісіз затпен уланғанын мәлімдеген. Батыс басылымдары мен ре­сей­лік оппозициялық БАҚ бұл оқи­ғалардан бірізділік байқайды. Навальныйдың жағдайы да Ре­сейдегі сөз бостандығы мен адам құқықтары жайын тағы сарап­тауға негіз болды.  

К.ӘЛІМ