Қазақ дәстүрін сақтауды талап етті
Қазақ дәстүрін сақтауды талап етті
178
оқылды

Қазақстан келесі аптаның сәрсенбісінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының жиынын өткізуге әзірленуде. Басқосу қарсаңында Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Иорданияның Қазақстандағы елшісі Юсеф Әбделғаниді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан ары нығайту жайы, соның ішінде визасыз тәртіп пен тікелей әуе бағытын ашу мәселесі талқыланды.

Дариға Нұрсұлтанқызы Иор­дания елі мен Король ІІ Абдалланың Таяу Шығыстағы күрделі үдеріс­терді реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті.

– Мемлекетіміздің жақын до­сы – Король ІІ Абдалланың еліндегі қоғамдық-саяси өмірді және эко­номиканы реформалаудағы қыз­метін, сондай-ақ халықаралық өзек­ті мәселелер жөніндегі сын­дарлы ұстанымын жоғары баға­лаймыз. Корольдің 2017 жылғы қа­раша айында Қазақстанға келген сапарының маңызы зор, – деді ол.

Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылық мәселелеріне қос­қан күш-жігері ескеріліп, ІІ Аб­далла «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» алғашқы иегері атанған.

Тараптар халықаралық және ай­мақтық көптеген мәселелер бо­йынша Нұр-Сұлтан мен Амман ұстанымдарының ұқсас екені жө­нінде ортақ ойға тоқайласты. Пар­ламенттің Жоғарғы палатасының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшы­лы­ғының басшысы Д.Назарбаева хатшылықтың кезекті XVIII оты­рысына дайындық жұмыстарына тоқтала келе, форумға қолдау көр­сеткені және белсенді қатысқаны үшін иорданиялық тарапқа алғыс білдірді.

Өз кезегінде елші Иордания азаматтары үшін визасыз тәртіп енгізуді және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын ашуды өтінді. Бұл сауда-экономикалық ын­тымақтастықты кеңейтуге, ту­ризм әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді және Иордания студент­терінің көптеп келуіне жол ашады.

Сенат басшысы елші ұсыныс­тарына қолдау білдіріп, екі ел ара­сындағы өзара іс-қимылды ны­ғай­туда визасыз тәртіптің маңызына назар аудартты.

Дариға Назарбаева Палестина елшісі Монтасер Абу Зейдпен кез­десуінде Қазақстанның Таяу Шы­ғыстағы көкейкесті мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтай­ты­нын мәлімдеді.

– Қазақстан тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күнінен бастап Таяу Шы­ғыстағы өзекті мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтап келеді және Палестинаны әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тезірек оңалтуға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың гуманитарлық акцияларын қолдайды, – деді Сенат төрағасы.

Өз кезегінде дипломат Д.Назарбаеваға Жоғарғы палата басшысы қызметіне сайлануына байланысты Палестина Ұлттық кеңесінің құттықтауын жеткізді және оның алдағы уақыттағы қызметі табысты болуына тілек­тестігін білдірді.

М.Абу Зейд сауда-эконо­мика­лық ынтымақтастықты дамыту жайын сөз ете келе, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең биік ғимарат болғалы тұрған көп салалы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің құрылы­сының барысы жайында хабардар етті. Күні бүгінге дейін 76 қабаты салыныпты, қазан айының соңында онда Sheraton қонақүйі пайдалануға берілмек.

Тараптар инвестициялық ын­тымақтастықты кеңейту, Палестина азаматтары үшін виза тәртібін жеңілдету мүмкіндіктерін, сондай-ақ «Теңіз» мұнай кен орнындағы қақтығысты талқылады. Атырау­дағы төбелес барысында Иордания мен Ливан азаматтары сыртында палестиндік жұмысшылар да зар­дап шеккені мәлім. Мәселелерді пысықтау үшін мекемеаралық ко­миссия құрылды.

Сенат төрағасы Дариға Назар­баева шетелдік азаматтардың Қа­зақстан заңнамасын сақтауы, сон­дай-ақ қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлеріне құрметпен қа­рауы қажетін қадап айтты.