Төл өнер төрге озды
Төл өнер төрге озды
458
оқылды

Атырауда Nur Otan партиясы, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» және «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы арасындағы айтыс өнерін дамыту және насихаттау бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Маңызды құжаттағы міндеттемелердің іс жүзінде орындалуы да Атыраудан бастау алды десек болады. Атырауда поэзия падишасы Фариза Оңғарсынқызына арналған «Жыр жұлдызы Фариза» атты республикалық айтыс өз мәресіне жетті.

Nur Otan партиясы мен Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отырған айтысқа еліміздің барлық өңірінен 22 ақын келді. Екі күн бойы атыраулықтар мен қала қонақтарына өрелі ой мен әсем сөзден шашу шаш­қан ақындардың ішінде оза шап­қандары жүлделі орынға ие болды.

Ғұмырын жырмен жырла­ған ұлы ақын Фариза Оңғар­сынқызының 80 жылдығына арналған аламан айтысқа халық көп жиналды. Алғашқы күні 22 ақынның арасынан орақ тілді айтыскер Жансая Мусинаны іздеген тыңдармандар болды.

Дүбірлі айтыстың қорытын­дысында сөз алған аймақ бас­шысы Н.Ноғаев:

– Елбасымыз, Nur Otan пар­тиясының Төрағасы Н.Назарбаев жуырда өткен партиямыздың саяси кеңесінде елдікті сақтауға дәстүріміз, мәдениетіміз, ұр­пақ­тар сабақтастығы, ерліктің жалғасы керек деген болатын. Соны орындау бағытында пар­тиялық тапсырма берген болатын. Елбасының тапсырмасын орын­дау мақсатында партия Төра­ғасының бірінші орынбасары Б.Байбек мырза осы іске құлшына кірісіп, ата дәстүріміз айтысты өткізудің бастамашысы болып, барлық жағдайды жасап отыр. Еліміздің елдігін дәріптейтін, мәдени құндылықтарды жоғалт­пауға ықпал ететін шаралар үнемі ұйымдастырылады, – деген аймақ басшысы айтыс өнерін дамытуға қатысты барлық қолдауды жасайтынын айтып, поэзия падишасының өлең өміріне, адамгершілік қасиетіне тоқталып өтті. Бас жүлдеге ие болған батысқазақстандық ақын Талғат Мықиға 2 млн теңгенің сертификатын аймақ басшысы Н.Ноғаев табыс етті.

Өр ақынды жырына қосқан ақындардан оза шапқан атырау­лық жүйрік Шалқарбай Ізбасаров жүлде қоры 1 500 000 болатын жүлдені қанжығасына байлады.

Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына ар­налған мәдени шаралардың аясында өткен айтыстың да өзгешелігі тыңдарман жадында ұзақ сақталары анық. Өйткені Атырауда өткен айтыс «Қазақстан» ұлттық арнасы арқылы эфирден беріліп, республика жұртшылығы назарына ұсынылады. Бұл мүм­кіндік Nur Otan партиясы, «Айтыс ақындары мен жыршы-тер­мешілердің халықаралық ода­ғы» басқармасы және «Қазақ­стан» республикалық телерадио­кор­порациясы арасында үшжақты келісім негізінде болып отырғаны қуантады.

– Тәуелсіздік алғалы Nur Otan партиясы Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халық өнеріне қолдау көрсетіп келеді. Халықтың атамұра өнері айтысты қолдау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Халықтың өнерін өзіңе қызмет еттіру үшін жоспарлар құрылып жатыр. Анығын айтсақ, жыл соңына дейін Nur Otan партиясының толық қаржыландырылуымен және қолдауымен бес республикалық және халықаралық айтыс өтеді. Айтыста елдегі соңғы өзгерістер, Президент Қ.Тоқаевтың халыққа Жолдауынан туындайтын жаңа міндеттер ақындар айтысына арқау болмақшы. Мүмкін алдағы барлық айтыстардың өзекті тақырыбы халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы болып қалар деген ойдамыз. Көшбасшы партияның қолдауымен өтетін айтыстың ұлы ақын Фаризаға арналып өтуі жақсылықтың жаршысындай болып отыр,– деді Жүрсін Ерман.

Nur Otan партиясының хатшысы Ғабидолла Оспан­құловтың айтуынша, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құн­дылықтарды насихаттауға арнал­ған айтулы іс-шаралар өтуде. Соның бірі – қазақпен бірге ғасырлар бойы жасап келе жатқан айтыс өнері.

– Ұлтымыздың айтулы өне­рі талантты айтыскерлердің халық­қа танылуына себепкер бол­ды. Бүгінгі таңда айтыс өнері­нің дамуын Nur Otan партиясы өз қолдауына алып отыр. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев мә­де­ниетіміздің, рухани құнды­лықтарымыздың дамуына ден қойып отыр. Бұл мәселелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жалғасын таба беретін болады. Бүгін біз үшжақты меморандумға қол қойдық. Әр тараптың өзіндік жауапкершілігі бар. Біз оны жауапкершілікпен атқаруды міндетімізге алып отырмыз. Көрнекті қайраткер ақын Фариза Оңғарсынқызының 80 жылдығына арналған ай­тыс өз деңгейінде өтті. Ол ай­тыс Қарағандыда өтетін С. Сейфуллиннің 125 жылдығына орай өткізілетін халықаралық айтысқа ұласады. Бұдан басқа «Отан отбасынан басталады» ат­ты отбасылар айтысы, «Бере­ке бірлігіңде, Елім» атты ақын­дар айтысы және «Алтын домбыра» жылдық қорытынды ай­тысы өтеді, – деді Nur Otan пар­тия­сы­ның хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов.

Атырау облысы