Ауызсу ауылда әлі де тапшы
Ауызсу ауылда әлі де тапшы
333
оқылды
Бұл халық не ішпеді?! Қар суы, құртты су, тат, құм мен лай ара­лас­­қан су, ауыр ме­тал­дар­мен уланған су. Кейбір су құбырларының мал өлекселері көмілген орында төселгені туралы сора­қы деректер де анықталған. Қазіргі кезде елді мекендерді ауыз­сумен қамту және су бұру мәселелері мүлдем басқа бағдарламада көз­делген. Мысалы, ол Өңірлерді дамыту мем­бағ­дарламасының және «Нұрлы жол» инф­ра­құрылымды дамыту бағдарламасының бір бө­­лігіне айналды. Ауызсу проблемасын ше­неуніктер көп ауызға ала бер­мейді. Мы­салы, осы саладағы ахуалды ел Үкіметі былтырғы маусымдағы отырысында қарапты. Бірақ бұл – Қазақстанда кәусарға қатысты бү­кіл мәселе түбегейлі ше­шілді деген сөз емес. Шенділердің марқаятындай жөні жоқ. Тек олар ауызсу жайын қозғауға ұялатын се­кілді. Айтпайтыны содан. Ал бұқа­раның қи­на­лысы, азап-мехнаты жалғасуда.  

Лайлы суға бөккен өмір

«Халық тәулігіне 24 сағат бойы ауызсумен қамтамасыз етіледі»  деп «Ақ бұлақ» бағдарламасында 2020 жылға қарай осы мұрат-межеге жету белгіленген болатын. Одан не шықты? Бірер мысал келтірелік. Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғыны Жомарт Уәлиев облыста біраз ауыл ауызсу мәселесінің зардабын тартып келе жатқанын айтады. «Мысалы, Айыртау ауданын­дағы Қарақамыс ауылында тұр­ғындар лайлы, кермек су ішуге және соған тамақ әзірлеуге мәжбүр. Сараптама растағанындай, ол судың құрамында темір шектен тыс көп болып шықты. Ауылдықтар ескірген су шығару ұңғысынан су алады. Онысы ерте кеңес зама­нында бұрғыланған және күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінде ұңғының көзін ішінара батпақ жауып қалған, құбырларын қалың тат басқан. Жергілікті жұртшылық өз күшімен, білгенінше тірлік қылып, жыл сайын жөндеуге тырысады. Алайда су сапасы барған сайын нашарлауда», – дейді ол. Мамандардың айтуынша, бұл істен ештеңе өнбейді, онда қайтадан ұңғы бұрғылау, коррозия мен химиялық ықпалға төтеп бере алатын заманауи материалдардан жасалған құбыр төсеу, сорғы-насосты жаңарту қажет. «Ондай қызмет көрсететін ком­панияны жалдауға ауылдықтардың ақшасы жетпейді. Сапалы ауызсу халықтың жақсы тұрмысының, ұлт денсаулығының бірінші кепілі ғой. Қарақамыстықтар ішіп отырған шалшықты соның кепілі деу ұят. Керісінше, ондағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін – әр­қайсына денсаулығының одан әрі нашарлауы, ілеспе және созылмалы дерттерге шалдығу қаупі төніп тұр. Бұған жоғарыдағы аза­маттар мән берсе дейміз», – дейді ауылдастары атынан қа­йырыл­­ған Жомарт Уәлиев. Аталған ауылдың мәселесімен «жоғарыдағылар» таныс көрінеді. «Айыртау ауданындағы Қа­рақамыс ауылындағы сумен жабдықтау көзі – су шығаратын ұңғы 2019 жылғы желтоқсанда иесіз ретінде есепке алынды. Оны коммуналдық меншікке алудың тәртібі бар, мерзімі сақталуы керек. Сол мерзім өткесін және ол нысанды сот иесіз мүлік деп танығаннан кейін ұңғы Сырымбет ауылдық округінің балансына қабылданады. Тиісті рәсімдері аяқталған соң сумен қамту нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім беріледі. Қолданыстағы ұң­ғыны жөндеу немесе жаңа сумен жабдықтау көзін салу мәселесі шешіледі», – деді Солтүстік Қа­зақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.  

Кәусардан қалталылар қанып ішеді

Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының тұрғыны Аманқос Нұрмағамбетов облыс басшылығына жазған хатында саладағы тағы бір проблемаға назар аудартады. «Жақында су құбыры тартыла бастады. Бүкіл ауыл болып қуан­дық. Артынша қуанышымыз су сепкендей басылды. Өйткені ол құбырға қосылу үшін әр үй 130 мың теңгеден төлеуі тиіс екен. Неге сонша қымбат екенін сұ­ра­ға­нымызда, құбыр жүйесін жеке компания салып жатқанын, ақы­сын сол белгілегенін түсіндірді. Тұрғындар бұған қарсы болып, жергілікті әкімге бардық. Ол сыр­ғытпа жауаппен шығарып салды. Мемлекеттің ауылды таза сумен қамтимыз дегені жалған бо­лып шықты. Мемлекеттің өзі айна­лыс­пай, жекеменшік секторға беріпті. Қашықтан оқытылатын 2020-2021 оқу жылы келіп қалды, бізде интернет те жоқ, ол туралы жақ аша алмаймыз. Себебі бізде қара­пайым судың өзі жоқ», – дейді ол. Үкімет ауыл-аймақты сумен жабдықтау үшін МЖӘ тетігіне жү­гінуде. Жұмыс істейтін ауыл­дықтардың көбі айлықты айлыққа әзер жалғап, «шықпа жаным, шықпа» деп күн көруде. Өзгесі ашық­пау үшін дүкеннен азық-түлік­тің өзін қарызға, жылдам несиеге алатынын білеміз. Ендеше басы артық 130 мың теңгені олар қайдан тапсын?! ayissy Жалпы, ауыл-қалаға су ма­гистралі келгенімен, оған қосылу бұқараға мұң болатын секілді. Бұл мәселе барлық дерлік өңірге тән көрінеді. Алматылық Лидия Тимурзиева «Самғау» ықшамауданы тұр­ғын­дары атынан мәселе көтеріп, шағымдануда. «Осының алдында мен ық­шамауданымыздағы 450 тұрғын үйдің иелері атынан су құбырын ақылы тартуға қарсы шағым жазғанмын. Оған жауап ретінде 2014 жылы жасалған құжатты жіберіпті, ондағы сметада 800-дей тұрғын үйдің тек 300-і ғана көрсетілген. Ол қатарға кірген үй­лер құдыққа жақын орналасқан. Ал алыс жатқан, демек, ұзын құ­быр тартуға тура келетін үйлер сметаға енбей қалыпты. Бізге өз есебімізден қалалық су арнасына қосылуды ұсынады. Ол 30 метр қашықта. Арамызда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар жетерлік. Олар құбыр тарту ақысын көтере алмайды. 450 үйдің сметада ес­керіл­­мегені дұрыс болмады», – дейді Лидия Тимурзиева.  

Ақша игерілді, су келмеді

СҚО-ның Шал ақын ауда­нын­дағы Жалтыр ауылының тұр­­­ғыны Асылхан Тұяқов Сы­бай­­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағыммен жүгінді. Оның мәліметінше, 2008 жылы Жалтырда «Ауызсу» мембағдарламасы бойынша орта­лықтандырылған су жүйесінің құрылысы басталыпты. «Республикалық бюджеттен 26,8 миллион теңге бөлінді. Алайда оған жыл сайынғы қызмет көрсету жүргізілмегендіктен, су­мен қамту көзі 2015 жылы істен шықты. 2018 жылы жаңа ұң­ғы­ны қазуға 1,5 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Мұны сол жылғы біздің шағымымызға орай облыс әкімдігі хабарлады. Шынында, жаңасы сол бойы бұрғыланбады. Оның орнына 2016 және 2017 жылдары су із­де­­ген геологтар қазып кеткен ұңғы­ны іске жаратпақ болған. Оны­сы ауылдан қашықта, 1,5 шақырым­дай алыс жатыр. Ұңғы бензинді генератормен жұмыс істеді. Себебі ауылдан сырт жатқандықтан қуат көздерінен тыс қалды, – дейді Жалтыр ауылының тұрғыны. Кейін әкімқаралар бұл ол­қы­лықты жоюға ниеттенеді. 2019 жылы Жалтыр ауылындағы сумен жабдықтау объектісіне электр беру желісін (ЭБЖ) тарту үшін аудандық бюджеттен 2 миллион теңге бағыттайды. Бағаналар тұр­­ғызылып, сым тартылған. Ел сон­да игі­лікке кенелген болар? Жоқ, керісін­ше түйткіл түйткілді тудырыпты. «Сорақысы сол, әлгі ЭБЖ ұңғының жұмыс істеуі үшін қажет қуаттылықты бере алмайтыны әшкереленді. Мұны әкімдік шағымымызға биылғы 6 қаңтарда берген жауабында айтты. Қазіргі уақытта, яғни 2020 жылы жалтыр­лықтарға су жеткізу үшін жалпы сомасы 30,6 миллион теңге ел қар­жысы шығындалып кеткен. Бірақ бүгінде ауылда су жоқ. Облыстағы жауапты атқарушы органдардың табалдырығын тоздырдық, нәтиже шықпады. Ауылдықтардың бар­лығы бірдей суды алыстан та­сып іше алмайды, салдарынан сани­тарлық нормаларға сәйкес кел­мей­тін суды ішуге тура келуде», – дейді Асылхан Тұяқов. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев СҚО бойынша анти­коррупция қызметіне жергілікті тұрғындар келтірген деректерді тексеруді жүктепті: «Қылмыс жа­салып, заңның бұзылғаны анық­талса, сотқа дейінгі тергеу жүргізілетін болады», – дейді ол.  

Су табу да проблема

Қазақстанның су шаруашы­лығы қауымдастығының прези­денті Нұрлан Атшабаров елдегі суға қатысты түйткіл осы ғасырда ушыға түсетініне сенімді. Мем­лекет ауыл мен қаланы ауызсумен қамту мәселесін түпкілікті шеше ал­мады. Оған қазір сумен жабдық­талған елді мекендер де қосылуы ықтимал, себебі олар ішіп отырған су қоймалары, өзен-көлдер тар­тылуы, су құрылысы нысандары бұ­зылып, істен шығуы мүмкін. – Қазақстанның географиялық орналасуына қарасақ, еліміздегі 8 ірі өзеннің жетеуі – трансшекаралық, яғни олардың бастауында көр­ші елдер отыр. Тиісінше, біз тұ­тынатын судың жартысынан ас­тамы республикамыздан тыс жерде қалыптасады. Трансшекаралық өзендер бойынша сыртқа тәуел­діміз, оның қайнарында жайғасқан Қытайды, Орталық Азия елдерін және Ресейді келісімге иліктіріп, олар беретін судың көлемі бойынша ымыраласуға мәжбүрміз. Оның үстіне, Қазақстан бұл өзендердің ортасында да емес, аяғында орналасқан. Соның кесірінен су не аз, не ластанған күйде жетеді. Сондықтан ел басшылығының су шаруашылығына мән беруі бекер емес. Қазақстандықтардың суды үнеммен жұмсауы маңыз­ды. Көктемгі су тасқыны кезін­де артық келген ресурсты ар­найы су қоймаларына бұрып, сақ­тауға үйренуіміз керек. Бұл эконо­мика, экология, ауызсумен жаб­дық­тау үшін қажетті су қорын қалып­тастыруға мүмкіндік береді, – дейді Н.Атшабаров. Сарапшы Үкімет пен әкімдер елді сумен қамту мәселесімен ара-тұра емес, ұдайы айналысуы керегін атап өтті. Биылғы 28 қаңтарда ел Үкіметі Су ресурстарын басқару жөніндегі онжылдық мембағдарлама тұ­жырымдамасын бекітті. Ол 2020-2030 жылдарда шешілуі тиіс мәселелерді анықтап, осы бағытта атқарылатын шараларды белгіледі. Мәселен, су шаруашылығы құры­лыстарын қалпына келтіру және жаңаларын салу, суару жүйелерін тұрғызу қарастырылған. Сондай-ақ құбырмен тасу кезінде жолай ағып кетіп, ысырап етілетін су көлемін қазіргіден 3 есеге азайту, жаңа су қоймаларын тұрғызу көзделді. Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, бағдарламаны іске асыру нәти­жесінде ұлан-байтақ даламызда жаңа көлдер пайда болып, ша­мамен 400 мың гектар суармалы егістік іске қосылады, 130 мың­дай жұмыс орны құрылады, ірі және орташа 70 елді мекен су тасқыны қаупінен құтылады. Ауызсу көздері ашылады. Министр жаңа су қоймаларының салынуы Қазақстанның Қырғызстаннан келетін суға тәуелділігін 30%-ға, Өзбекстан мен Ресейден 15%-ға азайтуға мүмкіндік береді дейді. Айта кету керек, біраз жылдан бері Қазақстандағы су тапшылығы мәселесін шешуге Еуропа қайта құру және даму банкі көмек қаржы бөліп келеді. ЕҚДБ өкілдігінің директоры Агрис Прейманис: «ТКШ секторы – осы ұйымның Қазақстандағы жұмысының басым бағытының бірі. Қазақстанның облыс­тарында іске асырылып жат­қан сумен жабдықтау және су тарту жобаларына ЕҚДБ 30 мил­лиард теңгеден астам қаражат инвестициялады. Бірлесіп ат­қарған жұмыс нәтижесінде бір­қатар ауылда ауызсу сапасы жақ­сартылды, су беру көлемі ұл­ғай­тылды, су шығыны төмен­детілді». Үкіметтің мәлімдеуінше, Қа­зақстанда қабылданып жатқан шаралар 2023 жылы халықты ауызсумен 100% қамту мәселесін шешеді. Өңірлерді салыстырсақ, Қызылорда және Алматы облыстарында таза ауызсуға қол жеткізген ауылдар үлесі жоғары. Жамбыл, Қостанай және Павлодар облыстары артта қалып келеді. Әзірге ауызсуға әкімдер жауап береді. Дегенмен Үкімет ауылдық, топтық су таратқыштар жағдайын жақсарту үшін осы функцияларды олардан алып қойып, Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне өткізу мәселесін пысықтауда. Себебі жер­гілікті биліктің бюджеті орталыққа қарағанда анағұрлым шектеулі. Мүмкіндіктері де бірдей емес. 2023 жылы қала мен ауылды сумен жүз пайыз жабдықтау үшін Премьер-Министр Асқар Мамин әкімдер мен министрлерге өңірлік жоспарларға түзету енгізіп, барлық сумен қамту нысанын пайдалануға беру бойынша шара қабылдауды жүктеді. Рас, 3 жылда Министрлер кабинеті де, әкімдер корпусы да толық өзгеріп кетуі мүмкін. Сонда халықты таза суға жеткізу жоспары болғанын еске алатын адам табылса игі.  

Елдос СЕНБАЙ