Есте болса, былтыр мамыр-маусым айында балабақшадан кезек ала алмаған астаналық ата-аналар шу шығарған-ды. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының сол кездегі басшысы Әнуар Жанғозин балабақшадан орын беретін жүйенің істен шығуын хакерлер шабуылымен байланыстырған. Ең қызығы, проблема балабақшадағы бос орындарды 2015 жылы e. astana.kz арқылы беріп келген басқарма бұл қызметті indigo24.kz порталына (сайтты «КДС Азия» ЖШС жасаған) ауыстырғанда пайда болды. Тағы бір түсініксіз тұсы, астаналық әкімдік бұл қызмет үшін келісімшартты қашан жасағаны белгісіз. Мемлекеттік сатып алу порталынан бұл сұрақтың жауабын табу мүмкін болмады. Есесіне, 2018 жылғы 28 наурызда «Астана қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі тендердің жеңімпазы IT Factory ЖШС-мен ҚҚС-сыз 9 170 000 теңге көлемінде «Электронды қызметтер» ішкі жүйесін қолдау туралы келісімге қол қойғаны (мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшарт нөмірі 010140002030/180101/00) ) туралы дерек бар. Осы шарттың техникалық сипаттамасына сәйкес, қызмет ұсынушыға «мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама алу үшін мектепке дейінгі жастағы (7 жасқа дейінгі) балаларды кезекке қою» мемлекеттік қызметін автоматтандыру жүктелген. Осылайша, 2018 жылы елорда балабақшаларындағы орындар мемлекеттік электронды қызметтер жүйесі арқылы әкімдіктің e.astana.kz сайтында таратылды. Ал сол жылдың соңында Астана қаласының Білім басқармасы «Коммон Фактор» ЖШС-нің қызметін бір көзден сатып алып, e.astana.kz жүйесін балабақшалардағы орындарды бөлудің жаңа жүйесіне ауысады. Мемлекеттік сатып алу порталында жасалған келісімшарт нөмірі 880740000016/180292/00, Шарттың жасалған күні: 2018 жылдың 21 қарашасы, шарт сомасы: 35 000 000 теңге, ҚҚС-сыз деп көрсетілген. Осы келісімнің техникалық сипаттамасы балабақшаға жолдама беру үшін жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қызметті автоматтандыру міндетін сипаттайды. Яғни, бұл қолданыстағы жүйеден 4 есе қымбатқа сатып алынған жүйе болып тұр.
Ал 2019 жылдың 22 мамырында Білім басқармасы жүйенің кезекті рет жаңартылғанын және 10 маусымда балабақша орындарын бөлу басталатынын хабарлады. Дәл сол күні (22.05.2018 ж) e.astana. kz жұмыс жүйесінен indigo24.kz сайтына ауыстырылды. Бірақ 22 мамырдан 10 маусымға дейінгі аралықта әлеуметтік желілерде және жедел хабарламаларда пайдаланушылар кезек нөмірі кері кеткенін айтып шу шығарды. Мысалы, кезек нөмірі 500 болса, жаңа жүйеде ол кезек 1 500 орынға кері жылжыған. Ал 10 маусымда жаңа жүйе балабақшалардағы орындарды бөлу басталмай жатып, сыр берді. Жауапты мамандар бұған хакерлер кінәлі деуден танбады. Хакердің шабуылына төтеп бере алмайтыны бар, онда электронды үкімет (еgov.kz) платформасында қала бермеді ме деген сұрақ туындаған. Кейін мұның жауабы қаржыға келіп тірелгенін түсінгендейміз. Себебі электронды үкіметтен «енші» алған бұл қызметті ұсыну үшін жеке компаниялар білім басқармаларымен миллиондардың келісімшартына қол жеткізген. Мысалы, 2018 жылы Custom solutions center ЖШС Қарағанды облысы, БҚО, ШҚО және СҚО білім басқармаларымен 223 774 437,64 теңгеге жалпы 27 келісімшарт жасайды. Hanali 2013 ЖШС Қостанай, Атырау және Павлодар облыстарының білім басқармаларымен 306 757 592 теңгеге 63 келісім жасаған.
Бір назар аударарлық жайт, Hanali 2013 ЖШС-мен келісімшарт жасаған өңірлік білім бөлімдері, балалар мен олардың ата-аналарының жеке деректері Hanali 2013 ЖШС-нің ғана емес, сонымен қатар үшінші тарап – Custom solutions center ЖШС-нің директорына тиесілі indigo24. kz сайтына да берілген. Жеке бас деректерін бір сайттан екінші сайтқа ауыстыру жеке дерек иелерінің рұқсатынсыз жүзеге асқаны қалай? Мұндайда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі неге ескерілмеген?
«Электронды үкіметтің құзыреттілік орталығы» ЖШС Қарағанды мен Шымкент қалаларының білім бөлімдерімен жалпы сомасы 167 668 475,44 теңгеге 8 келісім жасаған. Осылайша, 2018 жылы аталған компаниялар 698 200 504 теңге сомасында келісімшарттар жасады. Былтырғы келісімшарттарда да шамамен осындай сомаларды көреміз. Ең таңғаларлық жағдай – мемлекеттік сатып алу порталында Нұр-Сұлтан қаласымен ресми келісімшарт жоқ. Сонда indigo24. kz сайты республика астанасындағы балабақшалар орындарын қандай негізде таратып жатыр? Бәлкім, бұл сұраққа елорданың бүгінгі әкімінің аппаратынан жауап келіп қалар. Себебі біз айтқан «өзгерістер» бұрнағы әкімнің тұсында болған.
Егер электронды мемлекеттік қызметтің басқа түрлері де осылай жеке платформаларға көшсе, жеке бас деректеріміздің жария болып кетпеуіне кепіл бар ма деген сұрақ мазалайды. Ондайда қайтпек керек?
Ақпараттық технологиялар маманы, сарапшы Аршат Ораз ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан балабақшаға орын үлестіретін мекемелер бір платформада болғаны жөн деп санайды.«Бүгіндері барлық мемлекеттік мекемелер бір платформаға кіргізіліп жатыр. Бұрын әрқайсының бөлек сайты болатын. Бірізділік, бір стиль болмайтын. Бір жағынан ақпараттық қауіпсіздік үшін де бұл дұрыс қадам. Ал енді мемлекеттік қызметтер де дәл сондай принципте болуы керек. Бір орталық, бір деректер қоры болуы керек. Сондықтан түрлі сайт, қосымшаларға бөлмей, біртұтас жерге жинақталғаны дұрыс шешім болады. Тек балабақша кезегі емес, медицина бойынша да, білім саласы бойынша да барлығы бір платформада болуы тиіс. Сонда ғана нағыз электронды үкімет болмақ», – дейді ол.
Біз өз кезегімізде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына «Балабақша орнын үлестіру қызметі электронды үкіметтен неге бөлініп жатыр?» деген сауал жолдадық. Себебі бұл компания «электронды үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы саналады. Компания жауабы қысқа-нұсқа болды: «Пайдаланушы баласын балабақшаға кезекке Нұр-Сұлтан қаласынан басқа кез келген аумақ бойынша eGov.kz порталы арқылы қоя алады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қызметті өзге ресурс арқылы жүзеге асыру Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және Білім және ғылым министрлігінің шешімімен ұйымдастырылды». Болды. Басқа бірауыз сөз жоқ.
Сонда аталған компания мамандары indigo24.kz сайты арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Шымкент қаласы мен 8 облыстағы балабақша орындарын үлестірумен айналысып келе жатқанынан бейхабар болғаны ма? Біз бұл деректі жолдаған сауалымызда анық көрсеткен едік. Ендеше indigo24.kz сайтын ашып, «сіздің қалаңыз» деген батырманы басса, бұл платформаны қанша қаланың пайдаланып отырғанын көре алатынын ескерткіміз келеді.