Мерзімінен бұрын босатылған жемқор көп
Мерзімінен бұрын босатылған жемқор көп
283
оқылды
 

Ақша жымқырғандар азаймаған

Соңғы жылдары жемқорлық бойынша істі болған шенеу­нік­терді естіп құлағымыз үйрен­ген­дей. Әріден тарқатпай-ақ Қы­зыл­орда мен Павлодар облы­сы­ның әкімдерін айтсақ жеткілікті. Осының бәрін «өте қауіпті симп­томға» балаған Мемлекет бас­шысы былтырғымен са­лыс­тырғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылғандар са­ны 11 пайызға өскенін тілге тиек етті. Бұл тұста ақша жым­қыр­ға­ны үшін сотталғандар мен мер­зі­мінен бұрын босап шық­қан­­дар санына көз жүгіртсек. Ор­таша есеп­пен алғанда, елі­мізде жыл сайын мыңнан астам адам жем­қорлық бойынша істі болады. Мы­салы, 2016 жылы 1 693 адам, 2017 жылы 1 574 адам, ал 2019 жы­лы 1 009 адам жем­қорлық әре­кеті үшін жауапқа тартылған. Бұ­дан бөлек, ірі көлемдегі айып­пұлмен жазаланғандар бар. 2016 жылы 405 азамат 2,1 млрд теңге, 2017 жылы 402 тұлға 2,5 млрд тең­ге, 2018 жылы 433 тұлға 4,5 млрд теңге, 2019 жылдың алғаш­қы тоқсанында 75 азамат 472 млн теңге айыппұлға кесілген. Де­мек, ақша жымқырушылар саны азаймаған. Әр жыл сайын бір өлшеммен қайталана береді. Жемқорлардың кесірінен 2018-2020 жылдары елге тиген залал 74,6 млрд теңгеге жетіпті. Бас про­куратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сенсек, соң­ғы 3,5 жылдың ішінде жем­қор­лық әрекеті үшін сотталған 111 адам шартты түрде мерзімі­нен бұрын босатылғандар 2017 жылы – 7, 2018 жылы – 47, 2019 жы­лы – 30, 2020 жылдың алғаш­қы 7 айында – 27 адам. Қылмыс са­наты бойынша жіктесек, 111 адам­ның ішінде аса ауыр қыл­мысы үшін – 14, ауыр қылмысы үшін – 74, орташа – 15, онша ауыр емес қылмысы үшін сот­тал­ған 8 адам болған. Мерзімінен бұрын босап шықты демекші, жоғарыда келтірілген мәліметке қа­расақ, биыл алғашқы 7 айда 27 адам бостандыққа шыққанын айт­тық. Жыл басында Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпек­баев департаменттің алқа оты­рысында сотталған жемқор­лар үшін шартты түрде мерзі­мі­нен бұрын босату, айыппұлдар мен түзеу колониялары бол­май­тынын мәлімдеген еді. Осыған қарамастан биыл 27 адамға не себепті рақымшылық жасалғаны бізге беймәлім болып отыр. – Сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті арттыру бойын­ша шаралар әзірленеді. Сы­байлас жемқорлықпен айна­лы­сатын шенеуніктер бас бос­тан­дығынан айыру жазасын коло­ниялардағы елді мекендерде жою, ауыр және аса ауыр сы­бай­лас жемқорлық қылмыстары үшін мерзімінен бұрын шартты түр­де және бірнеше рет айыппұл салу, парақорлық пен әрекетке делдалдық үшін жазаны қа­таң­дату туралы айтып отырмыз. Біз айыппұлдарды бейқам қабыл-дай бас­тадық, – деген болатын тө­ра­ға.  

Оңай құтылған экс-шенеуніктер

Елімізде жемқорлық бойынша ше­неу­ніктер жиі сотталып, көп жағдайда амнистиямен босатылатыны жасырын емес. 2020 жылы жарияланған Transparency International ұйымының жемқорлық индексінде Қазақстан 180 елдің ішін­де 113-орында тұр. Бұл көрсеткіш жем­қорлардан келіп отырған залалдың әсер­інен екені айтпаса да белгілі. Сонымен, жемқорлық бойынша сотталып, ұзақ уақыт өтпей шартты түрде бостандыққа шыққан бірнеше шенеунікке шолу жасап көрсек. Бұл көштің басын Қуандық Бишімбаев бастап тұр. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі ірі көлемде пара алып, ақша жымқырды деп айыпталып, 2018 жылдың наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ бар болғаны 1 жыл 7 айдан кейін экс-министр шартты түрде босатылды. Жемқор шенеуніктердің қатарында Қостанай қаласының экс-әкімі Ахметбек Ахметжанов та бар. 2016 жылдың сәуірінде 13 жылға сотталған ол 3 жылдан кейін босатылды. «Қазақстан инжиниринг» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2018 жылдың ақпанында «ірі көлемде пара алғаны үшін» 10 жылға сотталған. Алайда 2 айдан кейін бостандыққа шықты. Сот оның 10 жыл мерзімін 2 млрд теңге айыппұлға ауыстырған болатын. Пара алды, өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған БҒМ-нің бұрынғы вице-министрі Э.Суханбердиева айыппұл төлеп құтылды. Ал «Қорғас» ШЫХО президенті болған кезінде мил­лион доллар пара алған Василий Ни қыл­мыстық жауапкершіліктен босатылып кетті. Жемқорлық әрекеті үшін бұлайша айыппұлмен сытылып, рақымшылықпен құтылып отырғандардың тарихы жазадан қорықпауды үгіттейтін сияқты.  

Баптар босатуды қарастырып тұр

Қылмыстық кодексте қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықтардың ішінде 17-бап тікелей жемқорлық қылмысқа қатысты екен. Жаза қылмыстың қалай жасалғанына байланысты болады. Қылмыстың ауыр­лығы, параның немесе келтірілген зиянның мөлшері, шенеуніктің лауазымы, қылмысты топпен жасау, бірнеше рет жасауы, кінәлі адамның тұлғасы, оның ішінде құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мі­нез-құлқы, жауапкершілік пен жа­заны жеңілдететін және ауырлататын жағ­дайлардың бәрі ескеріледі. Пара алу, беру не парақорлыққа делдал болу (ҚК-нің 366, 367 және 368-баптары), сеніп тапсырылған бөтен мүлікті қызмет бабын пайдалана отырып иемдену немесе ысырап ету (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы), қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасаған (ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) – осы баптардың санкциялары тек бас бостандығынан айыруды не бірнеше есе үлкен мөлшерде айыппұлдар төлеуге тиіс болады. Сондай-ақ негізгі жазамен қатар, мұндай қылмыстар үшін мүлікті тәркілеу және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру сияқты жазаның қосымша түрлері де қарастырылған. Ең алдымен сотталған шенеунік мем­лекеттік қызметте жұмыс істеу құқы­нан, мемлекеттік наградалары мен әскери шенінің барлығынан айырылады. Ал мерзімінен бұрын шартты түрде босау үшін жазасын өтеуші онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің 3/1, ауыр қылмыс үшін тағайындалған жазаның кемінде 2/1, аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде 3/2 бөлігін өтеуі керек. Қорыта айтқанда, елімізде адамдардың өліміне әкеп соққан немесе аса ауыр қыл­мыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмысы үшін сот­талған адам­дар мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шыға алмайды екен. Егер жаза­­сын ауырсынбаған жемқорлар азайсын десек, оларды мерзімінен бұрын босатып жіберуге тыйым салған жөн.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ