«Nur Otan» партиясы «Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бауыржан Исабаев осы ұстаныммен Нұр-Сұлтан қаласының бірқатар әлеуметтік мекемелеріне қайырымдылық жасады.
Ол жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға кеңсе тауарлары, оқулықтар, тақта ойындары мен дидактикалық құралдар, бірінші сынып оқушыларына арналған жиынтықтар мен басқа да қажетті заттарды тапсырды. Оның айтуынша, бұл акция Қазақстандағы бала құқы жөніндегі омбудсмен Аружан Саинның өтінішін қолдауға бағытталған. «Нұрлы жүрек», «SOS Астана балалар ауылы», мамандандырылған балалар үйі және «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында» бүгіндері 500-ге жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Оларға, әсіресе пандемия кезінде қолдау аса қажет.
«Аналар үйі» жобасының қамқоршысы ретінде мен халықтың әлеуметтік әлсіз тобының мәселесін жақсы білемін. Пандемия балаларға білім алуға кедергі болмауы керек, өйткені олар үшін білім – болашаққа берілер жолдама. Бұл балаларда репетитор жалдауға, жеке мектепте оқуға немесе білімін арттыру курстарына қатысу үшін қаражат жоқ. Сондықтан біз олардың Білім күніне мұқият дайындалуына көмектесуді ұйғардық», – дейді ол.
Меценат ат басын бұрған әлеуметтік мекемелер басшылығы қазіргі жағдайды ескере отырып, оқу жылына дайындық қалай жүріп жатқанын сұрап, көмектесіп жатқандарға ризашылығын білдірді.
«Біз үшін отандастарымыздың қолдауын сезіну, біз сияқты ұйымдардың әдістемелік және дидактикалық қорын жақсарту мүмкіндігіне ие болу өте маңызды. Бізде 4 жасқа дейінгі балалар бар екеніне қарамастан, біз олармен жұмыс істеуде оқу материалдарын, кітаптар мен ойыншықтарды барынша пайдалануға тырысамыз. Бауыржан Әбдірашитұлына оқу жылының басындағы акцияны қолдағаны үшін алғыс айтамыз. Балалар үйінің қамқоршылар кеңесінің мүшесі ретінде бірнеше рет көмек көрсетті. Бұл – біз үшін өте құнды қолдау!» – дейді Нұр-Сұлтан Мамандандырылған балалар үйінің директоры Сәуле Кенжебаева.