Қорықшы болу қорқынышты ма?
Экология министрлігі ұйымдастырған Қорғалжын сапары қорықшы инспекторлар жұмысының қызығы мен қиындығына ой жүгіртуге түрткі болды. Көргеніміз бен көңілге түйгеніміз көп. Күрмеуін шешуді күткен мәселе де жоқ емес екен. Аздан тарқатып көрсек.. Қорықшы инспекторлардың жұмысында өліммен бетпе-бет келетін сәттер болып тұрады. «Охотзопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің қазасынан кейін бұл салада жұмыс істеуге тәуекел етушілер азайса, таңғалуға болмайды. Себебі браконьер деген «екі аяқты жыртқыш» ешкімді де аямайды. [caption id="attachment_67484" align="alignnone" width="924"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] «Охотзоопром» кәсіпорны орталық аймақтық өңірлік филиалы басшысының міндетін атқарушы Айбек Әліпбайдың айтуынша, Е.Нұрғалиевтің қазасынан кейін қоғам назары осы салаға бұрылды. Заң күшейтіліп, инспекторлар мен қорықшыларға жағдай жасау жақсара түсіпті. «Бұрын біз УАЗ мінсек, браконьерлер «Toйoтa-100» көлігімен жүретін. Ал бүгіндері инспекторлар да жол талғамайтын «Тойота» айдап жүр. 2014 жылдан бері автопарк жаңарып, әрбір инспекторға оқ өткізбейтін көкірекше, пулемет, карабин немесе тапанша берілді. Вахталық әдіспен 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалады», – дейді. [caption id="attachment_67372" align="alignnone" width="941"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] Қорықшы болу үшін батыл, шапшаң, қырағы, тез шешім қабылдайтын қасиет керек. Бастысы, табиғат жанашыры болып, адаммен қарым-қатынас жасап, тіл табыса білу маңызды. Айбек Әліпбай өзі білетін инспекторлар браконьерден қорықпайды дейді. «Алыстан бөгде көлікті көрсе, соған жеткенше асығады. Браконьерді ұстау – абырой. Біз кімнің браконьер екенін жобамен білеміз, бірақ олар да заңды жетік біледі, біздің жұмысқа қай кезде шығатынымызды да біліп отырады. Әлі есімде, Жезқазған жақта елсіз далада тұратын малшының үйі жанынан көліктің ізін көрдік. «Көлік өтті ме?» деп сұрасақ, «көрген жоқпын» дейді, ал «мына із ше?» десек, «енді ғана байқап отырмын» дейді. Себебі қорқады», – дейді ол. [caption id="attachment_67486" align="alignnone" width="1150"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption]Браконьерлер картасы керек
Жыл басынан бері республика көлемінде браконьерлерден 256 тұтас ет пен 1 245 киіктің мүйізі, сондай-ақ 5 қарақұйрық пен 2 ителгі тәркіленді. Бұл жануарлар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ал біз барған Қорғалжын қорығынан жыл басынан бері бірде-бір киік атылмапты. Бұл факті браконьерлердің мазасын қашырып жүргені анық. Айбек Әліпбай браконьердің үш түрі болады дейді. [caption id="attachment_67485" align="alignnone" width="1004"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] «Біріншісі – киікті бала-шағасын асырау үшін атады. Екіншісі – басқа аң атуға шыққан, бірақ алдынан кезіккен киікті атып алатын аңшылар. Үшіншісі – ұйымдасқан қылмыстық топ, киік атуды кәсіп еткендер. Олар киік мүйізін сатып, «бизнес» жасайды. Ең қауіпті жауымыз – осылар. Бірақ алдыңғы топтағылардың әрекеті де ақтауға келмейді, олар да – қылмыскер», – дейді. [caption id="attachment_67493" align="alignnone" width="1025"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] Браконьерлікті кәсіп еткендер бұл жолда миллиондар жұмсауға дайын. Олар бұл қаржыны құқық қорғау органдарының қызметкерлерін сатып алуға жұмсайтын көрінеді. Мысалы, браконьер атқан киікті экспертизаға апарсаңыз, ондағы маман оның киік емес, ешкі екенін растаудан танбайды екен. Алматы мен Сәтпаев қаласында осындай жалған анықтама берген экспертиза қызметкерлері сотталды да. «Мұндай жағдайда инспекторларымыздың сағы сынады, бірақ біз берілмейміз», – дейді А.Әліпбай. [caption id="attachment_67492" align="alignnone" width="923"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] Бүгіндері киік мүйізінің бір келісі қара нарықта 2-3 мың АҚШ доллары тұрады. Ал Қытайда 5-7 мың долларға бағаланады екен. Шетелге контрабанда жолымен кететін киік мүйізін кеденнің бақылау аппараты да байқамайды. Өйткені мүйізді сүт ұнтағы сияқты үгітіп алып өтетін көрінеді. Ең қызығы, браконьерлердің аты-жөні жария емес. Инспекторлар сот шешімі шыққан соң киік атушылардың есімін браконьерлер картасына енгізуді ұсынады. Бізде педофилдер картасы бар. Сол сияқты браконьерлер картасы жасалса, ондағы браконьерді танығандар тиісті орынға хабарласа, браконьерлікпен күрес нәтижелі бола түсер ме еді?.. [caption id="attachment_67487" align="alignnone" width="1209"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption]Туризм үшін таптырмас өлке
Нұр-Сұлтаннан Қорғалжын қорығына жеткенге дейін он екі мүшеңіз сау қалса, қуанасыз. Дәл осы сапасыз жол талай туристің жолын бөгеп тұр десек, қателеспейміз. Себебі шұрық-тесік жолда көлік селкілдесе, төбеңіз тесіле жаздайды. Қыста боран соққанда жол жабылып қалады екен. Соның салдарынан қорық маңындағы ел көше бастаған. Мәселен, біз жанынан өткен Абай ауылында санаулы үй қалыпты, инфрақұрылымы нашар ауылда тастанды үйге көз сүрінеді. Жол салып, қорық жұмысын жандандырып, туристер ағынын көбейтсе, қорық маңындағы ауылдан ел көшіп несі бар? Олар үшін екі қолға бір жұмыс табылар еді. Қорғалжын қорығы директорының орынбасары Жанат Жұртбаевтың айтуынша, ел астанасы жақын болғандықтан, қорыққа туристер жиі келеді. [caption id="attachment_67365" align="alignnone" width="928"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] «Қорықтағы эко-ағарту бөлімі туристік ұйымдармен тікелей жұмыс істейді. Былтыр 8 мың турист келген, биыл коронавирусқа байланысты туризмді тоқтатуға тура келді», – дейді ол. Егер пандемия жойылып, киік табынын көргісі келетіндер үшін сафари сияқты туристік саяхат ұйымдастырылса, табысқа кенелуге болады. Турист жүрген жерге браконьер де маңайлай алмас еді дейді бір ой. [caption id="attachment_67488" align="alignnone" width="922"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption] Біздегі дерек бойынша, қорыққа апаратын Нұр-Сұлтан – Қаражал автожолы «Қазавтожолдың» балансында екен. Бірақ қорықшылар автожолды жеті рет өлшеп барып салу керегін айтады. Себебі автожолдың картасы дұрыс жоспарланбаса, киіктер миграциясына кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, биыл құрылысы басталады деген «Орталық – Батыс» тасжолы еліміздегі киіктің үш популяциясының ең үлкені – Бетпақдала попу-ляциясының көшіне кедергі болады деген мәселе бар. Бетпақдала популяциясы Қорғалжын мен Теңіз көлдерінің төңірегін, Торғайдың төменгі жағын мекендеп, Ырғыз жақта төлдейді. Киіктер көктемде Қазақстанның оңтүстігінен Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстарындағы Ырғыз, Торғай, Ұлыжыланшық, Терісаққан өзендері алабы мен Теңіз көлі-не қарай ауады. Сонда тасжолдың құрылысы барлық миграция жолын жауып тастауы мүмкін деген қауіп бар. [caption id="attachment_67491" align="alignnone" width="949"] © фото: Айтжан Мұрзанов[/caption]Халима БҰҚАРҚЫЗЫ