Анкара қаласындағы Анадолы өркениеттер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды. Бұл көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында өтуде. Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 207 зат ұсынылды. Ежелгі және ортағасырлық өнердің қайталанбас жауһарлары саналатын бұл заттар – Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін туындылардың аз ғана бөлігі.
Шараның ашылу рәсімінде сөз алған Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Анкара қаласында ұйымдастырылған бүгінгі көрменің мақсаты – Еуразияның ұлы дала белдеуінде көне темір дәуірінен қазіргі заманға дейінгі қалыптасқан тарихи-мәдени бауырлас Түркия еліне таныстыру. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық музей жүзеге асырып отырған бұл жоба аясында Қазақстан тәуелсіздігінің символына айналған Алтын адам Еуропа, Азия және өзге де жиырмаға жуық мемлекеттің назарына ұсынылмақ», – деді.
Сонымен қатар А.Мұхамедиұлы көрмені ұйымдастыруға көмек көрсеткен Түркияның Мәдениет және спорт министрлігіне, Түркия Республикасындағы Қазақстанның елшілігіне, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының ұжымына алғыс білдірді. Шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Музейлер мен мәдени ескерткіштердің бас директоры Гокхан Язгы, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.
Қазақстан әлемдік қауымдастықты өзіндік көшпелі өркениетімен және тарихымен қызықтырады. Бүгінде еліміз бойынша Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының аясында мәдениет пен өнер саласында көптеген жұмыстар атқарылуда. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы да осының бір дәлелі.
1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды. Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал «Алтын адамның» мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды.
Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Македония музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті. Көрме 2019 жылдың соңына дейін жер шарының тағы да екі еліне баратын болады.
Ақбота ӘЛІМ