Дрондардың шабуылынан кейін Сауд Арабиясында мұнай өндіру көлемі күрт құлдырады (видео)
Дрондардың шабуылынан кейін Сауд Арабиясында мұнай өндіру көлемі күрт құлдырады (видео)
147
оқылды

АҚШ: Осы үшін Тегеранды жауапқа тартамыз

Сауд Арабиясында екі бірдей мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасап, қара алтын өндіру көлемі күрт құлдырап кетті. Saudi Aramco мемлекеттік мұнай-газ компаниясының мәліметінше, тәулігіне 5,7 миллион баррель мұнай өндіру көлемі тоқтап қалған. Ал бұл дегеніңіз әлемдік мұнай тасымалының 5 пайызы.

Елдің шығысындғы Абкайка және Хурайса кен орындары аса көп зардап шеккен. Ұшқышсыз әуе көліктерінің шабуылынан соң сенбіге қараған түнде аталған кен орындарында алапат өрт болған. Абкайка – әлемдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі саналады. Парсы шығанағынан экспортталатын саудия мұнайының көп бөлігі дәл сол жерде өңделеді.

Йемендік хуситтердің мәлімдеуінше, мұнай өңдеу зауыттарына олардың ондаған ұшу аппараттары шабуылдаған. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео болса бұл жерде кінә Йеменде емес, шабуылға тікелей Иранның қатысы бар деп мәлімдеген.

Wall Street Journal газеті ел билігі мұнай өндіру көлемін дүйсенбі күні қалыпқа келтіреді деп хабарлаған. Басылымның мәліметінше, Сауд Арабиясы басшылары қазіргі таңда қорда қалған мұнайды шетелдік тұтынушыларға сату мәселесін қарастыруда. Бұл мұнайды әлемдік нарыққа шығару іркіліп қалмас үшін өте маңызды болмақ.

Еске салсақ, 2014 жылдың тамыз айынан бері президент Әбд Раббу Мансұр Хади жағындағы күштер мен шиіттер арасындағы күрес жалғасуда. Ал 2015 жылдың наурыз айынан бері Хадидің жағына бірқатар араб елдері де қосылған. Оның ішінде Сауд Арабиясы да бар. Содан бастап хуситтер корольдік территориясына жиі шабуылдап, әртүрлі нысандарды бомбалай бастады. Сауд Арабиясы йемендік хуситтермен біраз жылдан бері күресіп келеді. Олардың айтуынша, хуситтер Иран бұйрығы бойынша жұмыс істейді.

«Тегеран Сауд Арабиясына 100-ге жуық шабуыл жасады. Бірақ Роухани (Иран президенті) мен Зариф (Иран СІМ басшысы) дипломатиялық қарым-қатынас жасаған сыңай танытып отыр. Тегеранды жауапкершілікке тарту үшін АҚШ өз серіктестерімен белсенді жұмыс істейді» депті дипломат.

Сондай-ақ араб ханзадасы Мұхаммед бен Салман АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлескен. Трамп ресми Вашингтонның Сауд Арабиясы қауіпсіздігіне кепілдік беруге дайын екенін айтыпты.

Би-би-си бизнес-корреспонденті Кейти Прескоттың айтуынша, Сауд Арабиясындағы ірі мұнай өңдеу зауыттарының қысқа уақытқа жұмысын тоқтатуы әлемдік нарыққа елеулі кері әсерін тигізбек.

«Aramco – әлемдегі ең ірі мұнай өндіру зауыты ғана емес, әрі ең табысты компания. Хураисада әлемдік мұнайдың 1 пайызға жуығы шығарылады. Абкайкада әлемдік мұнай тасымалының 7 пайыздан астамы өңделеді. Әлемдік мұнайдың 10 пайызы Сауд Арабиясына тиесілі. Ал енді олардағы өндіріс көлемінің тең жартысына дейін құлдырауы нарыққа әсер етпек. Бұл ретте өңірдегі жағдайдың ушығуы жаһандық мұнай тасымалына қауіп төндіреді» дейді ол.

https://youtu.be/cC5sfra6FjM

https://youtu.be/5f9m2ANDpDE