Президент қызметінде алғашқы Жолдауын Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жолдаған еді. Онда Үкімет пен Ұлттық банкке зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру тапсырылды. Ішкі істер министрлігі саласын реформалау бастамасы көтеріліп, алдағы 3 жылда бұған 173 млрд теңге бөлінетіні жария болды. Сондай-ақ балалар мен әйелдерге қарсы қылмыстар бойынша жазаны күшейту бастамасы қолға алынды. Бірқатар заңдарға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елді елең еткізген бір мәселе – зейнетақы жинағының бір бөлігін зейнетке шыққанға дейін пайдалануға мүмкіндік беру бастамасы. Бірақ қазірше бұл мәселе әлі де тиянақталған жоқ.
Алдыңғы Жолдауда 2024 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания жұмысшыларының саны 25 пайызға дейін қысқартылып, үнемделген ақшаны пайдалы қызметкерлердің іскерлігін арттыру үшін жұмсалатыны айтылды. Сот-құқықтық жүйеге де терең реформалардың енгізілу мүмкіндігі сөз болды. Жемқорлық қылмыс болған мекемелердегі бірінші басшылардың жауапкершілігін заңи тұрғыдан бекіту бастамасы көтерілді.
Ал биылғы Жолдауда қандай мәселелерге басымдық беріледі? Әрине, әлемді шарпыған пандемия салдарынан ұлттық экономикаға да салмақ түсіп, елдің әл-ауқаты төмендеп, коронадағдарыстың салдары бизнес, денсаулық, білім салаларына кері ықпалын тигізгені анық. Сол себептен экономикалық дағдарысты еңсерумен қатар әлеуметтің әлеуетін көтеру мәселелерінің көтерілетінін ішіміз сезеді. Ал сарапшылар алдағы Жолдаудан не күтеді?
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
– Менің ойымша, осы жолғы Жолдау әлеуметтік-экономикалық мәселелерге арналады. Басты мәселе – әлеуметтік қорғау. Әсіресе, дағдарыс кезінде әл-ауқаты, жағдайы төмендеген азаматтарды қолдау мәселесі қамтылуы керек. Мемлекеттің дәстүрлі әлеуметтік функцияларын жалғастыратын саясатын мәлімдеуден бөлек, екінші жағынан көптен күтіп отырған мәселе – коронадағдарыс кезінде опық жеген бизнес салаларын қолдау бастамасы. Сонымен қатар алдағы саяси науқанның басталуы да сөз болуы керек. Саяси науқандағы бастамалар мен реформалардың жиынтығы қозғалады деп ойлаймын.
Рахым ОШАҚБАЕВ,экономист:
– Алдағы Жолдаудан Мәжіліс пен мәслихатқа депутат сайлауда саяси бәсекелестіктің артуына жағдай жасайтын саяси реформалардың жүзеге асуын күтемін. Меніңше, уақыт бар, бізге науқанды аралас сайлау қағидаты бойынша өткізген абзал. Қазір бізде тек партиялық тізіммен, пропорционалды жүйе бар. Меніңше, Мәжіліс пен мәслихатқа өзін-өзі ұсынатын бір мандатты округтер бойынша үміткерлерді енгізу керек. Яғни, аралас сайлау жүйесі керек.
Әлеуметтік-экономикалық мәселе де аса өзекті. Қазір халықтың әл-ауқаты төмендеп барады. Жұмыссыздық артып кетті. Ең қиын мәселе – халықтың несиеге белшеден батуы. Соңғы мәліметтерге сенсек, 2,5 млн адам несиесін жабуда қиындықтарға тап болып отыр. Яғни, қарызы бар. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Қоғамдық сенім кеңесінде жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы заң қабылдауды ұсынып келемін. Жоғары несиелік мөлшерлемесі бар қарызын көп азаматтар өтей алмайды, оларға бұл бастама өз статусын құқықтық алаңда заңдастырып алуға мүмкіндік берер еді.
Ерлан САЙЫРОВ,саясаттанушы:
– Ресейдегі, Беларусьтегі жағдай Қазақстан азаматтарының сана-сезіміне әсер етеді. Қазіргі таңда саяси модернизация, реформалар өте қажет. Біздің еліміздің дамуын эволюциялық тұрғыдан әрі қарай ұйымдастыру үшін міндетті түрде саяси реформалар керек деп есептеймін. Оның ішінде өзін-өзі басқаруды дамыту, БАҚ туралы заңды өзгерту, тағы басқа мәселелер аса өзекті. Ең бастысы, еркіндік берілуі керек. Өкінішке қарай, халық кедейленіп кетті. Жұмыссыздардың саны артады. Сондықтан мемлекеттік бюджеттен халыққа тікелей көмек көрсету жағын қарастыру керек. Пандемия кезінде халықтың әлеуметтік жағдайын бір деңгейде ұстап отырудың тетіктерін жасау қажет.