Құлдық қамытын бір кисең...
Пандемия, карантин жағдайында жұмыссыз қалған көптеген адам амалсыздан бұрын тұтынып келген біраз игіліктен бас тартты. Олар байланыс операторларына жүгініп, қызмет көрсетуді уақытша тоқтата тұруды сұраған. Толық бас тартуға болмайды, себебі кейін керек болса, телеком-компаниясы тағы қосылу ақысын төлеуді талап етеді. «Биылғы шілдеде Нұр-Сұлтан қаласынан кетуге мәжбүр болдым. Сондағы пәтерімде Қазақтелекомның телефон және интернет топтамасын пайдаландым. Содан бері компанияның WhatsApp нөміріне уақытша ағыту туралы ұдайы өтініш қалдырумен келемін. Бірақ өтінішім қабылданбайды. «Қазақтелеком» өз қызметін пайдаланбаған мерзімге де ақы есептеуін жалғастыруда. Араны ашылып, арыны тоқтаусыз кеткен алпауытты жөнге келтірер меморган бар ма, осы?!» – деп қамығады қала тұрғыны Нұрлан Нұрсұлтанов. Мұндай сергелдеңге түскен азаматтар аз емес. Арайлым Жақыпова да шағымын тыңдап, мәселесін шешер жер таппапты. – Карантин бастала салысымен «Қазақтелекомның» байланыс орталығына қоңырау шалып, қызмет көрсетуді уақытша тоқтатуды сұрадым. Олар бұдан бас тартты және өзара келісімде ондай қарастырылмағанын алға тартты. «Тіпті, пайдаланбасаңыз да ақы төлейсіз!» деп шорт кесті. Кейіндері компанияға бірнеше рет хабарластым және әртүрлі жауап алдым. Маусым айының орта тұсында қоңырау шалғанымда, оператор талабыммен келіскендей болды: «карантин кезеңінде үйде болмайтыныңызды ескертіп, бізге айтуыңыз керек еді. «Қазақтелеком» елде қалыптасқан жағдайдың қалыптан тыс екенін түсінеді және қызметтерді уақытша сөндіретін еді» дейді. Мұны ести сала қуанып, солай жасауын және пайдаланбаған уақыттың ақысын қайта есептеуді өтіндім», – дейді ол. Оның айтуынша, іле-шала компания бұрынғы қатаң ұстанымына оралыпты: «уақытша тоқтату келісімшартта көзделмеген. Ал карантин – төтенше жағдай емес». «Менің ойымша, карантин және шектеу шараларының енгізілуі, қоғамдық көліктердің жүрмеуі, жұмыс орындарының жабылуы форс-мажорға жатады. Келісімшарт бойынша форс-мажор, яғни еңсеруге келмейтін жағдай қызметтерді тоқтата тұруға себеп бола алады. «Қазақтелеком» үшін бүкіл қалада карантиннің енгізілуі қалыпты жағдай болса керек. Салдарынан компания маған көрсетпеген қызметі үшін айына 8 500 теңгеден төлеуге мәжбүр етті. Қарапайым адамдар табысынан айырылуда, оларға мемлекет көмектесуге тырысуда, ал алпауыттар ел қасіретінен қаражат тауып отыр. Өзім жалғызбасты анамын. Барлық ана «қайтсем, балаларымды аш қалдырмаймын?» деп әр теңгені үнемдеп, жанталасуда. Телекоммуникациялық компанияның мұнысы қиянат. Не істейтінімді білмеймін», – дейді А.Жақыпова.Ұялы операторлардан ұят кетті
Кейінгі кезде қазақстандықтар ұялы байланыс операторларының өз балансындағы қалдық ақшаны өз қалауынша жұмсайтынына куә болып жүр. Мысалы, теңгерімді тексергенде, шотыңызда мұнша ақша қалды деген SMS келеді. Ертесіне қайта есеп сұратсаңыз, ол қаржының едәуір азайып қалғанын байқайсыз. Мәнісін білу үшін Call-орталығына жүгінсеңіз, былдырлаған бот жауап береді. Содан кейбір адам қолды бір сілтейді, «садақалай» салады. Ал табандылары қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырады. Онда ақша қалпына келуі мүмкін. Заңгер Саурық Жақудаұлы өз атына тіркелген Kcell номері барын айтады. Оны пайдаланбапты. – Соған қарамастан, ол нөмірден 900 теңгедей ақшамды компанияның алып қойғаны белгілі болды. Одан жуық арада ешкімге қоңырау шалмағанмын. Kcell-ге хабарласқанымда оператор: «Сіз бір қызмет түрін қосып алыпсыз, оны өшіру үшін мына бір комбинацияны теріңіз!» дейді. Мен телефонды жақсы меңгерген пайдаланушы екенімді, ешқандай ақылы қызмет түріне қосылмағанымды, ондайға мұқият қарайтынымды жеткіздім. Сондықтан олардың өзі сыртымнан заңсыз қосып қойған ақылы қызмет түрін дереу өшіріп, ақшамды кері қайтаруын талап еттім. Оператор одан бас тартты. Бұған сөз өтпейтінін, былқ етпейтінін түсініп, компанияның электронды поштасына шағым жаздым. Тек сонда ғана маған айтпай, өздері заңсыз қосқан ақылы қызметін өшіріп тастады және өз ақшамның орнына 1 400 теңгедей салып қойыпты, – дейді С.Жақудаұлы. Егер операторға сеніп, «комбинацияны тергенде» өзі қосылып, өзі өшіргендей болатын және ақшасы қайтпайтын еді. Енді ол компанияны сотқа беру жайын ойластыруда. Заңгердің айтуынша, байланыс операторының бұл әрекеті біреудің мүлкіне қол сұғушылық саналады. «Оның үстіне, басқа абоненттерін де осылай алдап жатпасына кепілдік жоқ. Бұлар халқымыздың саяси және әлеуметтік белсенділігінің төмен екенін пайдаланады. Өйткені мұндай проблеманы көтеріп, құқығы үшін күресетіндер аз. Немесе мен сияқты өз проблемасы шешілген соң жылы жаба салады. Мен бұл қарекеттің бүге-шігесіне дейін тексеріліп, тиісті шешім қабылдануын қалаймын», – деді азамат.Қайта жүктеліңіз!
Ұялы операторлар қол салғанда, мол салатын жағдайлар кездеседі. Елисей Дудатий бір жыл бұрын Kcell-дің «Интернет бір жылға» қызметіне қосылады. Сол үшін шамамен 15 мың теңге ақысын төлеген. Нәтижесінде, ай сайын 20 GB интернет трафигін пайдаланып отырады. Биылғы 28 шілдеде компания оның интернетін және қоңырау шалуын бұғаттап тастапты: Жылдық интернет мерзімі түгесілген. – Бұл ретте әдеттегі тариф бойынша интернетті пайдалануымның ақысы ретінде балансымда болған 2 834 теңгені сыпырып алды. Дереу детализация сұраттым. Сөйтсе, 28 шілде күнгі түске дейін, яғни бір тәулікке де жетпейтін мерзім үшін көрсеткен қызметін осынша қаражатқа бағалапты. Салыстыру үшін айтсам, тарифтік жоспар бойынша 1 ай үшін осынша ақы алынады. Сорақысы сол, жылдық интернет қызметінің мерзімі аяқталғаны туралы смс-хабарлама 28-інде, түстен кейін келді. Әйтпесе, күні бұрын құлағдар етсе, саналы адам бір қамын жасайды. Алпауыт бұған мүмкіндік қалдырмай, тұтынушының келісімін алмай, қымбат тарифке автоматты түрде қоса қояды», – деп назаланады Елисей. Ол балансында 3 мың теңгедей болғанын жұбаныш етеді: егер онда 100 мың теңге жатса, оператор сонша қаржы аяқталғанша, қымбат тарифін таңа беруі мүмкін ғой. Осындай проблемаға кезіккен клиенттерінің шағымына операторлар абонентке мерзім туралы алдын ала хабарлап отыру міндеттемесі жоғын айтып, шығарып салады екен. Сол себепті Сауда және интеграция, Ұлттық экономика, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне арызданған тұтынушылар ұялы байланыс операторларына міндеттеме белгілеуді сұрайды. Біріншіден, бұл компаниялар акциялық топтама мерзімінің аяқталатыны және әдеттегі «қымбат» тарифке қосылатыны туралы клиентін алдын ала құлағдар етуі тиіс. Екіншіден, өзге тарифке көшіру үшін клиенттің келісімін алуы шарт. Ақтөбе тұрғыны Сергей Биль Теле2 операторының қызметін сынайды. «Ауыл болса бір сірә, тура Ақтөбенің орталығында тұрамын. Теле2 интернетінің сапасы ұзақ жылдан бері өзгерер емес. Деректер беру жылдамдығы сын көтермейді. Небары 1 минуттық бейнероликті көрейін десең, үнемі қайта жүктелумен болады. Оператор сайтында интернет жылдамдығы 4G-де секундына 75 мегабит, 3G-де 35 Мбит болатыны айтылған. 35 мегабит, тіпті 4 джиінде де жоқ! Күндізгі уақытта және кешке жылдамдық 0,5-тен 2 Мбит аралығында ғана құбылады. Абоненттерінің жүйкесін жұқартып бітті», – дейді Сергей Андреевич. Осыны айтып, ашына қоңыраулатқан клиенттеріне компания мамандары өз олқылықтарын түзеу орнына «смартфонын қайта жүктеуге» кеңес береді екен. Мұндай жартыкеш шара нәтиже бермейтіні, саланы дамытпайтыны белгілі. Істі реттеуі тиіс үш министрлік бір-біріне сілтеп, «сен салар да мен салар» ойынын жалғастыра берсе, сала былыққа әбден батып, терең дағдарысқа ұшырауы ғажап емес.Елдос СЕНБАЙ