Жасырын той жалғасып жатыр
Жасырын той жалғасып жатыр
268
оқылды
Мониторинг топтары 5 шіл­деден бері 12 415 нысанды тек­серіп шыққан. Оның ішінде карантин талаптарын орындамау, атап айтқанда бетперде тағу режимін бұзу 3 371 нысаннан анықталған. Тексерулер нәтижесі бойынша 698 нысанда тәртіп бұзушылықтар анықталғаннан кейін, олар өз еріктерімен қыз­мет­­терін тоқтатқан. Қазақ­стан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы ко­декстің 425-бабы 1-тармағы бойынша карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік құқық­бұзушылық туралы 3 371 хаттама толтырылып, заңды тұлғаларға – 119, жеке тұлғаларға 3 252 айып­пұл салынған. Мысалы, Жетісу ауданында түнгі мониторинг кезінде құ­рамына Жетісу ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, жер­гілікті полиция қызметі, Та­уарлар мен қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін ба­қылау басқармасы, «Nur Otan» партиясы филиалының өкілдері енген мониторинг тобы шек­теу шараларын бұзудың 3 фак­тісін анықтады: тыйым салын­ғанына қарамастан Құлагер ық­шамауданында компьютерлік клуб қызметін жалғастырған. Демалыс күні Яблочков көшесі бойындағы монша кешені қызмет етіп тұрған, сондай-ақ сағат 23.00-ден кейін Ақпаев көшесі бо­йындағы қоғамдық тамақтану нысаны жұмыс істеген. Жасыратын несі бар, шектеу шаралары бәсеңдеген сайын жа­сырын түрде басқосулар өткізіп, той-томалақ жасау көбейіп келеді. Әуезов аудандық мобильді тобы қаладағы мейрамханалардың біріндегі тойдың үстінен түсті. Мобильді топ шараны тоқтатып, тәртіпке бағынбаған мейрамхана иесі мен асабаға айыппұл салды. Карантин талаптарына сәй­кес, демалыс күндері қалада қыз­мет көрсететін жабық нысан­дардың жұмыс істемейтіні белгілі. Тәртіптің қаншалықты сақталып жатқанын бақылау үшін Алмалы ауданының әкімдік өкілдері, санитария мамандары, учаскелік полиция мен «Nur Otan» пар­тиясы қызметкерлері шағын биз­­нес ғимараттарын тексеріп шық­ты. Аудандағы көңіл көтеру орындарының бірі бір уақытта жүзден астам адамды қабылдаған. Шамадан тыс клиенттерге қызмет көрсеткен нысанды арнайы құ­рылған мобильді тексеру тобы анықтады. Мұнда әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Нысан әкімшісі орнынан табылмады. Десе де, тексерушілер кафе иесі жауапкершіліктен жал­тара алмайтынын айтады. Нә­тижесінде, қоғамдық орын жа­былып, жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ рейд барысында осы ауданда заңсыз жұмыс істеп тұрған сауна да анықталды. Мо­ни­торинг жасап жүргендерді кли­ент екен деп қалған олар өздерінің жұмыс істеп жатқанын айтып, қызмет көрсетпек болған. «Демалыс күндері жұмыс істемеуі тиіс нысан анықталды. Тексеру барысында сауна ашық тұрды әрі адам қабылдап қызмет көрсетуге әзір екенін білдірді. Бұл нысанның қожайынына әкімшілік заңбұзушылық туралы хабарлама қалдырылды. Ол бас­қармаға келуі керек. Содан кейін тіркелген кәсібіне қарай айыппұл салынады», – деді Ал­малы аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің бөлім басшысы Гуля Илялетдинова. Жалпы, Алмалы ауданы бо­йын­ша 2 мыңға жуық нысан тек­серіліп, заң бұзғандар анықталып, оның 34-і жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Наурызбай ауданында да қо­ғамдық монша карантин ере­жесіне бағынбастан келушілерді қабылдаған. Енді жуынатын орын қожайынына қатысты әкімшілік құқықбұзушылық толтырылып, айыппұл салынады. «Карантин мерзімінде ау­дан бойынша 389 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Аудандық әкімшілік, полиция бөлімі басқармасының, біздің басқарманың мамандарымен, «Nur Otan» партиясы, «Атамекен» ҰКП сияқты мемле­кеттік ор­гандармен мониторинг тобы шығып, қо­ғам­­­дық моншаның жұмыс істеп тұр­ғанын анық­тады. Сол бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынады», – деді Наурызбай ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қа­уіпсіздігін бақылау басқарма­сының бас маманы Шолпан Қойгелдиева. 17 тамыздан бері қызметін жаңарту туралы 14 577 хабарлама келіп, 4 361 өтініш түскен. Оның ішінде 14 344 хабарлама, 3 018 өтініш мақұлданған. Қызметке дайын екені жөніндегі акт 26 нысанға берілді. Жалпы, қалада карантинге қарамай той-томалақ  жасаған­дардың мәселесі қала әкімдігінің ғана емес, Денсаулық сақтау министрлігінің  де  назарына ілігіп отыр. Мәселен, жақында Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаеваның ұлы Әли Оқаповтың үйлену тойы мен танымал әнші Төреғали Төрәлінің қарындасы Фариза Төрәлінің тұрмысқа шығу тойында түсірілген видеолар  әлеуметтік желілерге тараған еді. Сөйтіп, аталған оқиғалар Денсаулық сақтау министрінің назарына іліккен. Шамасы тиісті сала мамандары карантин талабын бұзған адамдар қанша танымал болса да жазалаудан  тайынбайтын сыңайлы. Онсыз болмайды да. Өйткені қауіпсіздік бәрінен де  маңызды. Содан да болар, Денсаулық сақтау  ми­нистрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов екі тойға қатысты деректер тексеріліп жатқанын айтты. «Бұл мәселе Денсаулық сақтау министрінің жеке бақылауында. Таңертең ғана осы тақырыпта сөз қозғадық. Менің көзімше министр Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшинге телефон соғып, тап­­сырма берді» деген еді Б.Қожах­метов дүйсенбі күні. Ал Ал­маты қаласының Полиция де­­­партаменті аталған дерекке бай­ланысты  тексеру бастапты. Полицейлер тойлардың қашан, қайда өткенін, қанша адам қа­тысқанын анықтамақ екен.  Ка­­рантин талаптары бұзылса, әншілер айыппұл төлейді. Ал карантин талаптарын орындамаған көпшілікке зиялы қауым өкілдері алаңдаушылық білдірді. Жазушылар Дулат Исабеков пен Сәбит Досанов бастаған ел ағалары сақтық шараларына ерекше мән беру керегін айтып, елді тәртіп бұ­зушылыққа жол бермеуге ша­қырды.  

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ