Сіз бақыттысыз ба?
Сіз бақыттысыз ба?
386
оқылды
Әрине, мұндай рейтингтер түр­лі тәсілдер арқылы жасалатыны анық. Мәселен, әлем елдері ха­лық­тары­ның бақытын өлшейтін World Happiness Report дейтін рейтинг бар. Сол зерт­теудің биылғы нәти­же­сі бойынша, Қазақстан Еура­зия­лық экономи­калық одақ елдері ішін­де халқы бақытты мемлекет ре­тінде топ бас­тапты. Сөз басында айт­қан 50-орнымыз осы. Бізден кейін 73-орында Ресей, 74-орында Қырғыз Респуб­ликасы, 75-орында Беларусь, 116-орын­да Армения тұр. Халық­ара­лық рейтингтің кө­шін Фин­лян­дия бастап тұр. Тіпті, ал­­ғашқы бестіктегі төрт мемлекет Скан­динавия елдері. Оларға теріс­кейдегі тағы бір мемле­кет – Ислан­дия қосылған. Бұл мем­лекеттердің хал­қы өздерін ба­қыт­ты санайтын болса керек. Әрине, атал­ған мем­лекеттердің даму дең­гейін, халқы­ның әлеуметтік жағ­дайын ескер­сек, бақытты екеніне дау айта ал­мас­пыз. Өйткені World Happiness Report рейтингінде ел халқы­ның әл-аухаты, жан басына шаққан­да­ғы жалпы ішкі өнім мөл­шері, өмір сүрудің орташа ұзақтығы, азамат­тардың еркіндігі, олардың өздерін қауіпсіз сезінуі мен ертеңгі күнге сенімі, отбасының тұрақты­лығы, жұмыспен қамтылу кепілдігі, жем­қор­лық деңгейі тәрізді фактор­лар ескерілген. Сонымен қатар қоғам­дық құндылықтар, атап айтқанда өзара сенім деңгейі мен жомарттық, кең пейілділік те назарда болса ке­рек. Яғни, бір халықтың өзін ба­қыт­­ты сезінуі үшін осыншама та­лап­тар бар екен.  

Бақыттың «бағын байлайтын» мәселелер аз емес

Бірқатар әлеуметтанушы әр ха­­лықтың танымында бақытқа қа­тыс­ты ұғым әртүрлі болуы мүмкін еке­­нін алға тартады. Егер жемқор­лық  де­ректері адамдардың бақыт­ты өмір сүруіне кері әсер ететін болса, онда біздің жағ­дайымыз мәз емес. Transparency International ұйымы был­тыр жем­қорлыққа төзбеу тура­сындағы рейтингке қа­тыс­қан 180 мемлекеттің арасынан Қазақстанға 113-орынды берген. Сөйтіп, 2018 жылғы 124-орын­­­­нан сәл көтері­ліп­піз. Алай­да соңғы оншақты жылда біздің бұл рей­тингтегі орнымыз 100-ден ешқа­шан көтеріл­мегенін ескерсек, «ба­қы­­тымыз» баянды бол­мауы да ықти­мал. Оған Reporters Without Borders ұйымының рейтингінде сөз бостан­ды­ғы жө­нінен 157-орында тұрғаны­мызды, ажы­расу деңгейінің әлі де азай­маға­нын қос­саңыз, ба­қыт­­қа қатыс­ты мәселені өзге қы­рынан қарау­ға мәжбүр бола­тын сияқтымыз. Одан бөлек, өмір сүру­дің ұзақтығы да бар. Бұл жөнінен алға озып тұрған жоқпыз. Бұқа­раның табысы да әлемдік сарапшы­лардың ұғымын­дағы «бақытты» дейтін топқа кіруге ке­дергі жасай­ды. Өйткені елдегі ор­таша жалақы енді ғана 212 мыңға жет­ті. Мұндай жалақымен орта клас­ты жеңіл кө­лік алу үшін екі-үш жыл қатарынан ішпей-жемей жұ­мыс істеу керек. Баспана туралы айтпай-ақ қоюға болады. Мұндай та­быспен шетел­дерге демалысқа бару да қиын. Бәл­кім, бір адам бар­са барар, бірақ мұн­дай табыс от­басының дема­лысы­на жетпейді. Пандемия кезін­де 2 мил­­­­лионнан ас­там азама­ты­мыз­дың мемлекеттің қол­дауына мұқтаж бо­лып қалғаны та­ғы бар. Бұл жағдай әлеуметтік жағ­дайдың «бақытты болу» өлше­мінің халық­аралық шарт­­­тарына сай емес еке­нін көрсе­теді. Одан бөлек, қауіпсіз қоғам құру мәселесі де көлде­неңдейді. Мәселен, 2020 жылдың басынан бері 500-ге жуық бала жыныстық зорлық-зом­бы­лыққа душар болғаны да белгілі бол­ды. Демек, балалық шағы ба­қыт­­қа толы болуы тиіс балалардың өзіне қауіп-қатер төндіріп отырмыз деген сөз. Көлік апаттарынан мерт бола­тын, жарақаттанатын аза­мат­тары­мыз­дың да саны аз емес. Де­мек, ба­қытты болудың жаһандық өл­шем­дерінде көрсетілген қоғамда адам­­дардың өздерін қауіпсіз сезінуі мә­се­лесінде ұятты болып тұрмыз. Тек қандай қиын-қыстау күн туса да, ертеңгі күнге деген сенімі сөн­бейтін, жақ­сылықтан үміті үзіл­мей­тін хал­қы­мыздың кең пейілі мен жомарт­тығы ғана біз сөз еткен рей­тингте «ба­қытты еткенге» ұқ­сай­ды. Өзге факторлардың бар­лы­ғында олқы тұстарымыз көп.  

Еркектер «бақыттымыз» дейді екен

Бақыт демекші, Статистика ко­­ми­тетінің «Халықтың тұрмыс са­па­сы» дейтін зерттеуінің нәтиже­сінде Қазақстанда әйелдерге қарағанда еркектердің өздерін ба­қытты санай­тыны анық­талған. Қа­зақ­стандық еркектердің 61,8 пайы­зы өз өмірле­ріне разы болса, әйел­дер арасында бұл көрсеткіш 58,5 пайыз екен. Рас, бұл жерде сауал­­намаға қатысқандар бірден «ба­қыттымыз» деп ашық айтып отыр­ған жоқ, олар өмірге разы еке­нін біл­дірген. Ал өмірге разы болу ба­қытпен бірдей екені белгілі дү­ние. [caption id="attachment_67652" align="alignnone" width="631"]infagrafika © инфографика: Елдар ҚАБА[/caption] Айтпақшы, қазіргі тұрмыс-тір­шілігіне разы азаматтардың үлесі ел халқының 63,5 пайызына жетіп­ті. Қазіргі хал-күйіне шүкіршілік ете­тін­дер саны биыл ауылды жер­лерде 72,6, қалаларда 58,4 пайыз еке­ні анық­талды. Ал тұтастай ал­ғанда тұр­мыс-тіршілікке разы болу көр­сет­кіші 2019 жылы 60, 2018 жылы 56,5 пайыз еді. Яғни, соңғы үш жыл қатарынан Қазақстан азаматтары өз өмірлеріне разы еке­нін байқатқан. Әрі «бақыт­тылар» үлесі жыл сайын артып келе жат­қаны байқалады. Сөйте тұра, елде пан­демия кезінде мемлекеттің жәр­­де­міне мұқтаж бол­ғандар қа­расы кө­бейді. Демек, біздің ха­лық­тың бақыт туралы пайым-түсінігі халық­аралық сарап­шылар қоя­тын талаптан өзгеше болып тұр­ған тәрізді. Әйт­песе, тұрмыс-тір­шілік қиындап, табыс азайып, пан­демияның кесірі­нен ертеңгі күнге деген сенімге де селкеу түскен кез­де ел халқының 62 пайызға жуығы өмірге разы болар ма еді?! Бәл­кім,«бұдан да жаман күніміз­де той­ға бар­ғанбыз» дейтін ұстаным әлі де халықты алға жетелеп, қиын­дық­тардан мұқалмайтын қасиетін сақ­тап келе жатқан болар.  

Әр елдің салты ғана емес, танымы басқа

Негізі, дүниеге деген көзқарасы праг­матикалық ұстанымнан көрі пәлсапалық пайымға жақын ке­ле­тін шығыс халықтарының «бақы­ты» да басқа ма деп қаламыз. World Happiness Report рейтингінде 74-орын­да тұрған бауырлас қырғыз жұр­ты да солай тәрізді. Оны Қыр­ғыз Респуб­ли­­ка­сындағы әлеу­мет­танушы Қай­ратбек Жаманқұлов та мойындап отыр. «Батыс жұртында бақыттың өлшемі банктегі есеп­шот, жақсы көлік, тәуір баспана тә­різді мате­риал­дық игіліктер болуы мүмкін. Ал қырғыз халқы үшін бақыттың белгісі ретінде бала-шағаның амандығы бірінші орында тұрады. Қазақ үшін де солай шығар деп ойлаймын. Өйт­кені танымымыз бір, туыс халық­тармыз. Біздің халықтардың дү­ниеге деген көзқарасында дүние-мү­лікке деген қызығушылық екін­ші, бәлкім үшінші-төртінші орын­да тұратын шығар. Сондықтан World Happiness Report рейтин­гісін­дегі бақыттың өлшемі бөлек. Біз­дегі басқа. Алайда біздің елдер сол рейтингте бақытты болу талап­тары ретінде көрсетілген шарттарға лайық болу жағын ойлас­тыруы тиіс. Жақсы тұрмыс сүргеннің жа­ман­дығы болмайды», – дейді Қай­рат­бек Жаманқұлов. Ал қазақстандық әлеумет­тану­шы Сәуле Тағаева халық бақыт­ты болу ұғымын рухани құнды­лық­тар­мен бағалайтынын айтады. «Ме­нің­ше, біз­дің халық бақыт де­ген­ді жан ты­ныш­тығы ретінде баға­лай­ды. «Ба­қыт­ты балалық шақ» деп жиі айта­мыз, өйт­кені балалық шақ­­та жауап­кершілік түгелдей үл­кен­дер­дің қо­лын­да. Бала еш­теңе­­ге алаң­дамайды. Сондықтан әдетте олар бақытты сана­лады. Сол сияқ­ты ел­де­гі тыныш­тық, бейбіт өмір, тұр­мысқа қажетті азды-көпті игі­лік­тің болуын халық ба­қыт­қа ба­лай­ды. Ал батыс стан­дарттарына жү­гінсек, ба­қыт­ты болу үшін адам­ның ой ер­кіндігі, сөз бостанды­ғы­нан бас­тап, құқының тең болуы, демалыс, көңіл көтеру, ден­саулық сақтау, білім алу мүмкін­дік­терінің болуы, одан қал­са, табы­сы­ның мол­дығы тәрізді сан­сыз бел­гі­лер ескеріледі. Бәлкім, содан да шығар «бақытты елдер» рейтингінде топ ба­сында дамыған, халқының мате­риал­­дық жағдайы жақсы, білімі мен меди­ци­насы са­па­лы елдер тұр», – дей­ді зерттеуші. Әрине, әркім үшін бақыт деген әртүрлі болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Біреулерге дүние-мүлік пен жақсы демалыс, заң та­лап­­тарының сақталып, адам ретін­де мәрте­беңнің түспегені бақыт шығар. Ал тағы бір халықтар үшін бала-ша­ға, денсаулық, елдің ты­ныш­тығы тә­різді құндылықтар ба­қыт болып саналуы мүмкін. Оның үстіне, отыз жылға жуық уа­қыт азаттық алғаны­мызға шүкір ете жүріп, өзгенің бода­ны болған кез­дердің зардабы жайлы жыр­­лаумен келеміз. Рас, тарихта ұлт ретінде опық жеген, өзгеден зәбір көрген тұстарымыз аз емес. Бірақ World Happiness Report тәрізді рейтинг­­терде жалқының бақытты сәттерін жалпыға ортақ етіп есеп­тейді. Ал жеке адамның тіршілігіне қажетті игі­лік­­тердің қол­жетімділігі, адамға көр­сетілетін құрмет, азамат­тардың әлеу­меттік жағдайының жақ­сы бо­луы тәрізді мәселелерге кел­­генде бақыттың өлшемі өзгеріп кетеді. Содан да болар, әдетте өзіміз­ді бақыт­тымыз десек те, халықаралық рейтингте топ ортасында жүрміз.  

Амангелді ҚҰРМЕТ