Жетісуда қызылшаның жаңа сорттары өсірілуде
Жетісуда қызылшаның жаңа сорттары өсірілуде
265
оқылды
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ биыл  Франция, Германия және Даниядан жоғары өнімді қант қызылшасы тұқымының 14,2 мың данасын сатып алған. Бұл тұқым­дар облыстың 500-ден астам ауыл шаруашылығы өндірушісіне таратылыпты. 2011 жылдан бастап мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар 625 бірлік ауыл ша­руашылығы техникасымен қам­тамасыз етілген. Қызылша ба­ғытында 29 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Бұл жөнінде таныстырылым барысында ак­цио­нерлік қоғам  басқармасы тө­ра­ғасының бірінші орынбасары Ерғазы Орынбасаров баяндады. Егістік алқабында Оңтүстік-Шығыс өңірлік инспектураның мамандары даниялық Maribo компаниясынан алынған қызыл­ша сорттары едәуір жақсы көрсет­кішке жеткенін айрықша атап өтті. Сорт сынау учаскесінде отыр­ғызылған, тәтті түбірдің 24 гиб­ридінің ішінде Maribo кәсіп­орнының 8 сорты бар.
– «Данюша», «Мустанг» си­яқты сорттардың нәтижесі жоға­ры. «Шкипер» деген сорт екін­ші жыл қатарынан өнімділігі мен қант мөлшері бойынша жақсы  көрсеткіш көрсетіп келеді. Өткен жылы өнімділігі гектарына  766 центнерді, қанттылығы 17 пайыз­ды құрады. «Торпедо» сорты да екін­ші жылы сынақтан өтуде. Оның өнімділігі гектарына 586 центнер, ал қант мөлшері 18,8 пайыз, – дейді  Ауыл шаруа­шылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңір­лік инспектурасының дирек­торы Қанат Бекиев.
Алайда агрономдардың пікір­інше, ең жақсы нәтиже Maribo шы­ғарған «Ванилла» сортына тиесілі. Олардың айтуынша,  «Ва­нил­ла» алғаш рет сыналуда. Соған қарамастан, басқа сорт­тармен салыстырғанда жоғары көрсет­кіштерге ие. Дәл қазіргі таңдағы көрсеткішінің өзі жақсы. Ал қызылша енді тағы екі ай өседі. Жалпы, «Ванилла», «Мустанг», «Хоней» сорттарының өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда гектарынан 50-70 центнерге жоғары болады деген болжам бар. Maribo компаниясының Қа­зақстан бойынша аймақтық өкілі Вячеслав Дизер еуропалық кә­сіпорын баға мен сапаның ең жақсы арақатынасын қамтамасыз етуге ұмтылатынын жасырмайды. Зауыт үлкен ғылыми жұмыс жүр­гізеді және ол 90 жылдан астам әлем елдерін жоғары өнімді қы­зылша тұқымдарымен қамтамасыз етіп келеді. Тәтті түбірді өсіру кезінде бар­лық технологияны сақтаудың ма­­ңызы туралы «Жетісу» ӘКК агротехнология жөніндегі кеңес­шісі Әбілқайыр Бексұлтанов баяндады. Білікті маманның ай­туынша, шаруаларға суару жү­йесіне ерекше назар аудару ке­рек.
– Егер суару жұмыстарының бірінші жартысында ылғал шама­дан тыс көп болса, онда тамыр жер­ге тереңдемейді. Осыған бай­ланысты алғашқы суару 10-15 мау­сымға дейін жүргізілуі керек. Ары қарай суару жұмыстары ауа райына байланысты жүргізілуі ке­рек. Ылғалдылық деңгейі да­лалық ылғал сыйымдылығынан 80-85 пайызға сақталуы тиіс. Бұл тұрғыда тамшылатып суару жүйесі тиімді. Онда барлық технология сақталады, – деп түйіндейді са­рап­шы.
Сорт сынау алқабында қант қызыл­шасының тұқымдарын алу, сапасы мен бағасы турасында, сон­дай-ақ кәсіпкерлердің про­б­лемалық мәселелері мен ұсыныс­тары да талқыланды. Дақылдың сынау нәтижелерімен таныстыру және оны шаруашылықта қолдану үшін алдағы уақытта алқапта қы­зыл­ша өсірушілермен кездесу ұйым­дастырылмақ. Жалпы,  ауыл шаруашылығы дақылдарының сортын сынау жөніндегі Оңтүстік-Шығыс өңір­лік инспектурасының учаскесінде сынақ жүргізу және патент алу мақсатында 14 дақыл, оның ішін­де, дәнді, дәнді-бұршақты, жем­шөптік, майлы дақыл және көгал­дандыруға арналған шөптер өсір­іледі.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы