Анықтама: «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына Qazaqstan, Qazsport, Balapan, Abai tv арналары, Qazaq radiosy, Shalqar, Aстана, Classic радиолары және 14 аймақтық телеарна кіреді. TNS GallupMedia компаниясының зерттеулеріне сәйкес, өткен жылмен салыстырғанда Qazaqstan телеарнасының аудиториясы 53%-ға өсті. Ал тек қазақтілді аудитория бойынша бүгінде ұлттық арна елдегі ірі 27 телеарнаның ішінде екінші орынға шықты. Balapan телеарнасының өсім көрсеткіші 37%-ға артты. Телерадиокорпорацияның барлық әлеуметтік желідегі аудиториясы 6,5 миллионды құрайды. Бұл бойынша корпорация еліміздегі БАҚ арасында бірінші орында. Бүгін біз телерадиокорпорацияның әлемдік пандемия жағдайындағы тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік.– Биыл телевизия мамандары мен көрермендер үшін өзгеше жыл. Төтенше жағдай, оқшаулану сынды бұрын болмаған құбылыстарға ет үйрене бастады. Бір қызығы, осы кезеңдегі зерттеулер қазақстандықтардың телебағдарламаларды көру үлесінің артқанын анықтады.
– Иә, TNS агенттігінің мәліметтері бойынша, төтенше жағдай кезінде елде теледидар көру үлесі шамамен 22 пайызға өсті. Оның ішінде жаңалықтарға деген сұраныс аса жоғары болды. Бұл кезде алдымызда екі міндет тұрды: сенімді ақпарат тарату және қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Телевизияның өзге БАҚ-тан айырмашылығы барлық міндетті қашықтан атқару мүмкін емес. Адам көп шоғырланатын ауқымды бағдарламаларды уақытша тоқтатуға тура келсе, студияда жүздеген көрерменнің қатысуымен түсірілетін жобаларға көрермен шақыруды бірден доғардық. Жалпы, бұл кезеңде негізгі күш алдыңғы шепте толық құраммен жұмыс істеген жаңалықтар қызметіне түскенін атап өткім келеді. Түсірілім алаңдарынан сау кетіп, кешкі эфирге дейін ауру белгілері байқалып, ертеңінде сырқаттанып қалған мамандарымыз аз болған жоқ. Вирус кең таралған кезеңде жаңалықтар редакциясында 3 тілші ғана қалған күндер де болды. Бірақ дерттен айыққан бетте қайтадан қатарға қосылып жатты. Тілшілермен бірге операторлар мен техникалық мамандардың да осы кездегі қызметі ерлікке пара-пар. Мамандық пен азаматтық борышқа деген адалдық осы болса керек.
Жұмысқа келетін адамдар саны азая бергенімен, жаңалықтардың күнделікті шығарылымы екі еседей көбейді. Яғни, Aqparat әдетте күніне үш рет болса, сенімді жаңалыққа зәрулік туындаған кезде шығарылымдар санын 5 ретке дейін көбейткен кездер болды. Ал 30 минуттық кешкі қорытынды жаңалықтар бір сағатқа дейін ұзартылды. Маңызды шаралар онлайн форматқа ауысқанын білесіздер. Бір жағынан бұл үлкен мектеп болды, тележаңалық дайындаудың түрлі тың тәсілі жетілдірілді. Жаңалықтардан бөлек, тікелей эфирдегі «Ашық алаң» бағдарламасы тек осы тақырыпқа арналса, өзге де жобалар бағытын өзгертіп, коронавирус жөнінде хабар таратты.
Пандемия радиодағы әріптестерімізге де үлкен сынақ болды. Корпорацияға қарасты 4 радиоарна төтенше жағдай енгізілген күннен-ақ хабарлардың 95-97 пайызын қашықтан эфирге шығара бастады. Қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеді. Әрине, студияның өзіндік аурасы, тікелей эфир драйвы мұндай жағдайда сезіле қоймайды. Дегенмен бағдарламаларды үйден телефон арқылы шығару баға жетпес тәжірибе екені сөзсіз. Таспа хабарларға спикерлерді үйден жазудың өзіндік машақаты болды, әрине. Мәселен, дыбыстың таза әрі анық шығуы үшін кәсіби журналистеріміз өз үйінен шкаф-шифоньердің ішіне кіріп, мәтінді оқып, оны саунд дизайнердің музыкамен әрлеуі бұрын-соңды болмаған жағдай. Алайда пандемияға байланысты мәжбүрлі шара болғандықтан, тез икемделуге тура келді. Бұл жұмыстың бәрі қашықтан жүзеге асырылды.
– Qazaqstan ұлттық телеарнасы осы қиын кезеңнің өзінде жаңа жобалар дайындап, эфирге беріп отырды. Бұл жұмыстар қалай жүзеге асырылды?
– Науқастанғандар саны күрт өскен тұста ұлттық арна санаулы маманмен тікелей эфирде «Теледәрігер» жобасын шығарды. Өздеріңіз білетіндей, карантин уақытында ауруханалар мен емханалар лық толып, дәрігер тапшылығы туындады. Бұл кезде көрерменге онлайн кеңес айтып, сұрақтарына жауап беру үшін жаңа алаң қажет болды. «Теледәрігердің» әр хабарынан кейін түрлі мессенджер арқылы 2000-ға жуық көрерменнен хат алып отырмыз. Дәрігерлер бізге келген барлық бейнесауалдар мен қоңырауларға эфирден тыс уақытта да жауап беруге тырысты. Дегенмен олардың да көбі сырқаттанып жатты. Десе де, осы орайда қазақстандық ақ халаттылардың жанкешті жұмысының куәсі болдық. Мысалы, реабилитолог Мейірбек Бағдатұлы түнгі ауысымнан шығып, 36-37 сағат ұйықтамағанына қарамастан, «Теледәрігер» жобасына қатысып, көрермендерге кеңес берді. Инфекционист Жадырасын Қалдыбайқызы, реаниматолог Ғабит Нұрханұлы, пульмонолог Сапаргүл Ералықызы да түнгі ауысымнан шығып, өз жұмысын әрі қарай «Теледәрігерде» жалғастырып отырды. Пульмонолог Сапаргүл Ералықызы кейін екіжақты пневмониямен ауырып, үйінде оттегі аппаратымен жатса да, біздің көрерменге онлайн кеңес беріп, көмектесті. Бастапқы кезде тұрғындардан тек «Ковидтен қалай емделеміз, ағзаны қалай қалпына келтіреміз?» деген сауалдар келіп тұрды. Қуантарлығы, қазір бұл сауалдардың легі азайды. Денсаулықты күшейту, дұрыс тамақтану, қандай жаттығулар жасау қажеттігі туралы сұрақтар жиі қойылатын болды. Бұл «Теледәрігердің» індеттің бетін қайтаруға қосқан үлесі деп білеміз. Бұдан өзге, тілшілеріміз Нұрбек Бекбау, Азат Рыстанбек, Азамат Алдоңғар апта сайын коронавирус тақырыбына арналған жобалар дайындап, эфирге беріп отырды. Бір қызығы, мұндай хабарлар қай күні дайын болса, сол сәтте беріп отырдық. Яғни, әдетте журналистер эфир кестесіне қарай жұмыс істесе, бұл жолы эфир кестесі тілшілердің жылдамдығына орай бейімделе берді.
– Корпорация құрамында Qazsport бар. Пандемия кезінде барлық дерлік спорт шаралары тоқтады. Тіпті, 4 жыл күткен олимпиада да. Мұндайда арнаның эфиріне қандай жобаларды шығардыңыздар?
– Qazsport арнасы тарихында спорттық шаралардың толықтай тоқтап қалуы бұрын-соңды болмаған. Әлемдік спорттық телеарналар сияқты Qazsport арнасында да тікелей трансляциялар көрсетілімі үзілді. Сөйтіп, ішкі жобаларды көбейтуге тура келді. Осы кезде жаңадан ашылған «Qazsport алаңы» ток-шоуы, «PRO футбол», «Доп дода» жобалары жарыққа шықты. Кейін көрерменсіз өтіп жатқан футболдан ел чемпионатын көрсетуді қолға алдық. Бұл стадиондарға барып, жанкүйерлік ете алмаған барша спортсүйер қауымға үлкен сый деп білеміз. Сонымен бірге спорт жанкүйерлері пандемия салдарынан тоқтатылған UEFA Чемпиондар және Еуропа лигасының плей-офф кезеңі ойындарын бүгінге дейін бір ай бойы Qazaqstan және Qazsport арналарынан тікелей эфирде тамашалап келді. Қазан айынан бастап әлемнің ең үздік клубтық турнирінің жаңа маусымы да біздің арналардан тікелей трансляцияланады.
Пандемия жылдам, тіпті тәуекелі жоғары шешімдер қабылдауға мәжбүр етті. Осы орайда, телевизияның білім саласына қосқан үлесін де атап өтейін. Balapan телеарнасының ұжымы жалпы хронометражы 221 сағатты құрайтын 1 077 бейнесабақ көрсетті. Балалар арнасының эфир тарату аумағы еліміздің 87 пайызын қамтиды. Телеарна көрсетпейтін 3 500 елді мекенге Qazaqstan арнасынан эфир ұйымдастырылды. Күн сайын 3 миллионға жуық бала телеарна арқылы білім нәрімен сусындап отырды. Сабақтар есту қабілеті нашар оқушылар үшін толыққанды сурдоаудармамен берілді. Сурдоаудармашылар Шырын Жанқабыл мен Айдана Өтеген 2 айға жуық, күн сайын 4 сағаттан тікелей эфирде жұмыс істеді. Сурдоаудармашылардың 4 сағат бойы тікелей эфирде отыруы бұрын болмаған жағдай және бұл – өте қиын жұмыс. Қазір Balapan арнасы жаңа оқу жылына дайындалып жатыр. Биыл да балалар арнасы онлайн мектепке айналады.
Балалар бұрынғыдай көпшілік, қоғамдық орталарда емін-еркін асыр салып ойнай алмайтын, бар ермек теледидар мен гаджеттер болған заматта Youtube желісін шетелдің үздік мультфильмдерінің қазақ тіліндегі нұсқасымен толықтыруды қолға алдық. Ол үшін шетелдік ең үздік туындылардың интернет құқықтарын сатып ала бастадық. Жыл соңына дейін жалпы бөлім саны 800-ден асатын анимациялық жобаларды Balapan-ның Youtube каналы арқылы көрсетеміз. Бұл бастама болашақта жалғасын табады. Бұдан өзге, биыл 10 жасқа толып отырған Balapan өз көрермендері үшін күзгі маусымда 253 бөлімнен тұратын 17 отандық анимациялық жоба ұсынады.
– Осы қиын кезеңде Корпорация құрамынан ашылған Abai tv арнасы туралы айтып өтсеңіз...
– Abai tv арнасын ашу туралы жоспар өткен жылы бекітілген еді. Бірақ эфирге шығатын сәт карантин кезеңімен тұспа-тұс келді. Қысқа мерзімде, қиын сәтте телеарна ашудың қаншалықты ауыр іс екенін осы саланың мамандары жақсы біледі. Арна ашылған екі айдан астам уақыт ішінде санаулы маманмен 10 жаңа жобаны жарыққа шығардық. Күзгі маусымда тағы 20-ға жуық жаңа бағдарлама ұсынылады. Әрине, телевизия нарығына енді қосылған арнаның кемшілігі әлі жетерлік. Атқарылар істер, артылған міндеттер ауқымды. Мәдениетіміз бен әдебиетіміз, төл өнеріміз бен тарихымыз туралы айтарымыз, көрсетеріміз барда Abai tv арнасы да алға жылжи бермек. Хакім Абайдың аты берілген арнаны бар дүниені дүрбелеңге түсірген пандемия кезінде ашудың тағы бір артықшылығы әлем тарихында небір алпауыт мемлекет ел басына күн туған сәтте мәдениеттің басты құндылық екенін алға тартты, қай қиындыққа қарамастан оны қолдады, қорғады. Өйткені рухани құндылықтар халықты қиындықта қайсар мінез танытуға тәрбиелеп, бағыттай алады. Сәйкесінше, мамандардан да әр жобаны жасауда асқан ыждағаттылық пен жоғары кәсіби шеберлік талап етілуде. Телеарна өзінің сапалы деңгейіне көтерілгенше әлі де біраз уақыт қажет.
– Медиаменеджер ретіндегі басты ұстанымыңыз қандай?
– Менің басты ұстанымым – телевизия үздіктерін біріктіру. Барлық мәселені білікті кадрлар шешетінін уақыт дәлелдеді, өзімнің телевизиядағы көпжылғы тәжірибемнен де түйгенім осы. Мемлекеттік телерадиоарналарда жалақы мөлшері анағұрлым төмен екенін білесіздер. Дегенмен «Қазақстан» телерадиокорпорациясында оңтайландыру нәтижесінде өткен жылдан бері 300-ге жуық қызметкердің еңбекақысын көтердік.
Былтырғы телемаусымда қатарымызға қазақ телевизиясының мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлы, сараптамашы-журналист Жайна Сламбек қосылды. Сондай-ақ журналистикадағы қазіргі буынның көшін бастап тұрған Мақсат Толықбай, Гүлназ Әлімгерей, Әйгерім Сейфолла, Альбина Әшім, Армангүл Тоқтамұрат секілді мамандарымызды жаңа қырынан көрдіңіздер. Биылғы маусымда Қымбат Досжан, Нұрбек Бекбау, Ләйлә Сұлтанқызының авторлық бағдарламалары эфирге шығады. Әріптестеріміздің барлығының атын атап шығу мүмкін емес, әрине.
– Биылғы эфирдегі өзгерістер жайлы айттыңыз. Ал жаңа телемаусымға жоспар қандай? Тың жобалар эфирге шыға ма?
– Жаңа маусымда 12 жаңа жобаны эфирге шығарамыз. Қазір көрерменге қандай бағыттағы жобалар ұсынуымыз қажет деген мәселеге арнайы зерттеу жүргізілді. Қазір экономикалық сауат, экологиялық мәдениет секілді мәселелер біздің қоғам үшін өткір тұр. Осы бағыттар бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның бастамасымен бірнеше жаңа жоба іске асырылып жатыр. Өңірлеріміздің даму ерекшеліктері, экономикасы мен әлеуетін танытатын, бағамдайтын бағдарламалар жарыққа шығады. Әлеуметтік мәселелер, халықтың мұң-мұқтажы эфир кестесінен түспек емес. «Тәуелсіздік тәуекелдері» деп аталатын жаңа жобамызда ел тарихындағы шешуші сәттер, соңғы 30 жылда тәуекелге барған тұстарымыз тарқатылады.
Білікті жүргізуші Қымбат Досжанның «Қымбат жандар» бағдарламасы арқылы жақындарын іздеген жандарға қол ұшын созамыз. Ұлттық құндылықтар мен мәдениетіміздің жауһарлары дәстүрлі өнердің жанашыры, әнші Айгүл Қосанова жүргізетін «Күміс көмей» және жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Үркер» авторлық жобасына өзек болады. Күзгі маусым алдында көрерменге екі жобаның да бірнеше шығарылымын ұсынып үлгердік, екі бағдарламаға қатысты да көпшілік тарапынан келіп жатқан жылы лебіздер өте көп. Бұл маусымда да көрерменнің қатысуымен өтетін тікелей эфирдегі хабарларға басымдық береміз. Сондай-ақ коронавирус қаупін ескеріп, барлық жобаға жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз. Мысалы, «Жүзден жүйрік» атауымен интеллектуалдық бағыттағы ең ауқымды жаңа жобаның түсірілім жұмыстарын бастадық. Корпорация заманауи технологияларды қолдану арқылы бұл жобаға бір уақытта 100 қазақстандықтың үйінде отырып онлайн қатысуына мүмкіндік жасады. Мұндай технология отандық телевизия саласында қолданылмаған.
– Үй шаруасындағы әйелдер – телеарналардың мақсатты аудиториясының бірі. Олар көбіне телехикая көреді, іздейді. Пандемия телехикая өндірісіне кедергі болған жоқ па?
– Телехикаялар өндірісіне де ерекше назар аударылуда. Соңғы жылдары отандық сериалдарға айтылып жатқан сын аз емес. Сапаны арттыру бағытында еңбектеніп жатырмыз. Әрине, карантиндік шектеулерге байланысты бірқатар кедергі болды. Дегенмен шығармашылық топ әрбір күнді, әрбір мүмкіндікті, әрбір сәтті қапы жібермеуге тырысты. Биыл тарихи телехикаяларға ерекше ден қойылып отыр. Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай телехикая түсіріп жатырмыз. Сондай-ақ әл-Фарабидің 1 150 жылдығына арналған сериал, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың романы желісімен түсіріліп жатқан «Махаббат, қызық мол жылдар» телехикаясы, жалпы бөлім саны 200-ден асатын 14 сериал эфирге шығады.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы отандық өнімді өндіріп қана қоймай, оларды шетелдерге белсенді түрде сатуда. Ұлттық арнаның сериалдары жуырда Amazon Prime платформасында көрсетіледі. 30-ға жуық телехикаямыз бен Balapan арнасының бірнеше анимациялық өнімі испан, португал, ағылшын тілдеріне аударылып, Латын Америкасы елдерінде және АҚШ-тың кабельдік телеарналарында, сондай-ақ IVI.RU онлайн кинотеатры арқылы көрсетілмек. Түркияның ең ірі медиақұрылымы TRT арнасы біздің деректі фильмдерді түрік тіліне аударып, өз эфирінде көрсетпек. Бұл жөнінде тиісті келісімдер жасалды. Мұның бәрі – үлкен нарық екені даусыз. Бұған қоса, біздің сериалдар Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Татарстан арналарында көрсетілуде.
Корпорацияның өңірлік филиалдарының да жаңаша бағытта дамуына жол ашуды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін аймақтардағы филиалдарды корпорация құрамынан шығарып, ғимараты, материалдық-техникалық базасымен жергілікті әкімдіктердің құзыретіне беру көзделуде. Қазір филиалдар бюджетінің көп бөлігін өздері табады. Соған қарамастан қызметкерлерінің жалақысын көтеруден бастап қандай да бір техника сатып алу мәселелеріне дейін бас кеңсемен мақұлдауға тура келеді. Біздің құрамнан шыққаннан кейін нарық ағымына қарай дамиды. «Үлкен корпорация» деген атау үшін ғана бәрін бір уыста ұстап отыру дұрыс емес. Ол арналар да бәсекеге сай, бүгінгі нарықтың сұранысына жауап бере алатын дәрежеде болуы тиіс. Бұл ретте «Жетісу», «Алматы» телеарналарын сәтті мысал ретінде келтіруге болады. Корпорация құрамынан алғашқы болып Шымкенттегі филиал – Ońtústik телеарнасы шығады деп жоспарланған, қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
– Әлем әлі де дүдамал күйде. Кім, қай бағытта жұмыс істеу қажеттігін білмей дал. Пандемия телерадиокорпорацияның ұзақмерзімді жоспарларына өзгерістер енгізе алды ма, алдағы стратегиялық қадамдарыңыз жайлы айтып өтсеңіз...
– Жаһандық коронавирус пандемиясы мемлекетімізде енгізілген төтенше жағдай және одан бергі елдің ірі қалалары мен аймақтарындағы карантин біздің үлкен мақсаттарымызды орындауды кешіктіргенімен, бағытымызды өзгерте алмады. Қайта жылдамдық, дәлдік, сияқты ақпарат құралдары үшін басты өлшемдерге лайық бола түстік деп айта аламын. Еліміз осы бір қиын кезеңнен аман-есен өтіп, қалыпты өмірімізге қайта оралғаннан кейін көрермендеріміз бен тыңдармандарымыз үшін талай тың жобалармен сүйіншілейтін боламыз. Ең бастысы, жұмыс істеу тәртібі қалыпты жағдайға көшкен күннің өзінде карантин кезінде пайда болған ережелер мен жаңашылдықтарды күн тәртібіне енгізіп, жұмыс істеудің оңтайлы тәсілдерін құруға болатынына көз жеткіздік.
– Әңгімеңізге рақмет!