Ақмола облысынан мамонттың сүйегі табылды
Ақмола облысынан мамонттың сүйегі табылды
Фотоны Ақмола облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы түсірген
328
оқылды
Орталық мамандарының мәліметінше, мамонттың сүйегі Новобратск ауылдық округіне қарасты Буденновка ауылы маңынан ағып өтетін Аршалы өзенінің жағасынан табылған. Сүйекті жергілікті тұрғын Валерий Дубовик кездейсоқ тауып алып, кейін тиісті органдарға хабарлаған. Мамонттың сүйегі табылған жерге облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Серік Ысқақов пен мамандары барды.
«Елімізде коронавирустың таралуына байланысты эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Орталық табылған мамонт сүйегін одан әрі терең зерттеуге Қазақстан Ұлттық музейінің ғалымдарын шақыра отырып, осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылғы жоспарға енгізуді жоспарлап отыр», – дейді Серік Ысқақов.
Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мамандарының айтуынша, кездейсоқ олжаны зерттеуге ғалымдар мен зерттеушілер қызығып отыр. Сүйек жануарлардың тіршілік ету ортасын кешенді зерттеуге мүмкіндік береді.    width= Табылған сүйек осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйегі болуы мүмкін. Сүйектің ұзындығы – 1,5 метр. Қалыңдығы – 30 сантиметр. Қазіргі таңда, аталмыш мамонттың сүйегі дәйекті әрі егжей-тегжейлі зерттеу үшін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды. Айта кетейік, осыған дейін алып жануарлар сүйектері Зеренді, Шортанды, Жақсы, Целиноград аудандарында табылған еді.