Апам да аң-таң
Апам да аң-таң
345
оқылды

Бәрекелде!

Біреудің тастап кеткен әйелін алып, тұрмысын түзеп алған әлдекімдер сияқты бүгінгі өмірде біреудің жүрегімен не бүйрегімен күн көріп, түтін түтетіп, қалқайып кейде талтайып жүрген адамдар да жеткілікті. Медицина мешел күйде мызғымай тұрып қалса әлгі бөтен бүйрекпен, жат жүрекпен жүрген жүгермек әлдеқашан о дүниеге сапар шегіп, Жұмақтың қақ төрінде шалқып жүрер еді немесе Тозақта біреудің шашқан отына күйіп не өзі біреуге от шашып ойнап жүрер еді. Бірақ медицинаның мұнарасы биіктеген сайын әсіресе бай-қуатты адамдар машинасының қосалқы бөлшектерін сатып алғандай тозған дене мүшелерін ауыстырып алатындарына имандай сеніп, алаңсыз ғұмыр кешіп жатыр.  

Жаса!

Осындай жетістіктерді есітіп-көріп отырған қазақ­стандықтар ешқашан ауырмайтын, өлмейтін секілді сезінді. Медицина осы шабысынан танбай Құлагердей құйғыта берсе адамның ең бір маңызды мүшелері Жүрек, Бауыр, Өкпе, Бүйрек жаңа ғана бабында үзіп алған алмадай уыз күйінде ұзақ сақталары сөзсіз. Біздің майталмандар мұның да жолын таппас дейсіз бе? Әйтсе де бүгінгі медицинаның мешел, мүшкіл халі ойда-жоқта ашылып қалды. Коронавирус деген кесірлі кесел ақ желеңді абзал жандардың тосын толқынға дайын емес екенін дәлелдеп берді. Дәрігерлер тұрмақ, министрліктерде қол қусырып қарап отырыпты. Жасыратын несі бар, іріңді індеттің алғашқы толқыны адам­дарымызды қынадай қырып салды. Небір жақсылар мен жайсаң­дарымыздан көз жазып қалдық. Адам жанының арашашысы деп дәріптеп жүргендеріміз ашкөзділікке салынды. Бар дәріні жоқ деп қоймаға тығып қойғандар бүгінде әшкереленіп жатыр. Дәрі-дәрмек бірнеше есеге қымбат бағаға сатылды.  СҚ Фармация басшысы Берік Шәріпті Нұр-Сұлтан қаласының мамандандыврылған ауданаралық соты екі ай мерзімге тұтқынға алу жөнінде бұлтартпау шарасына санкция бергені белгілі болып отыр. Бетпердені бүкіл қаланы айналып таба алмайтын күндерді бастап кешірдік. Осындай-осындай олқылықтарға орын бергені үшін де шығар, Денсаулық сақтау министрі Ержан Біртанов қызметінен кетті. Жолы болсын! «Ковит» деген көп ит есігімізден кіріп айбат шеккелі шошымалы болып қалған адамдар бір құдіретті құтқарушыны Көктен күткендей күтіп-ақ еді. Біздің бағымызға Алексей Цой деген мықты маман келді.  

Алақай! Тоқтай тұрыңыз!

Цой келгелі той болып жатпаған сыңайлы. Үкімет алдында есеп берген ол шілде айының үш аптасында төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың инфекциялық және провизорлық төсек-орынға дейін ұлғайды, мұқтаж пациенттерге медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты деп бір қуатып еді, артынша коронавирустың таралымы төмендеді деп тағы сүйінші сұрады. Жалпы, осы уақытқа дейін коронавируспен күреске 6 трлн теңге бөлінген екен. Алексей мұнымен де тоқтамады. «Бүгінгі таңда тестілеудің нақты қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Алдағы уақытта мұны тәулігіне тағы 8000-ға өсіру керек. Мәселені шешу үшін 1 тамыздан бастап ветеринарлық қызметтің 67 маманын тарта отырып, ветеринарлық қызметтің зертханаларын пайдалануды жоспарлап отырмыз. Осы мамандардың көмегімен күніне 5200 тест зерттеуін жасауға қол жетеді. Осылайша өңірлерде ПТР тестілеу тапшылығы  Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық зертханалары есебінен теңестірілетін болады» деп Айды аспанға бірақ шығарды. Алайда, ветеринарлық қызметтің де шекесі қызып тұрған жоқ. Айталық, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Ескелді Ерденбеков 2013-2014 жылдары жергілікті атқарушы органдардың жанынан 2534 ветстанция мен ветпункт құрылып, бүгінде олардың жартысынан көбінде жеке ғимарат жоқтығын алға тартады. Сол 2534 ветстанция мен ветпункттің 834-інде ғана  ғимарат бар екен. 115 ветстанция ғимаратқа зәру. 431 ветстанция мен ветпункт орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұны қойшы, елімізде тіркелген 6,5 миллион ірі қараның 30 пайызы жыл сайын түрлі індеп жұқтырып, эпизотикалық ошақтарға апарылып көміліп жатыр. Осының арасында кейбір жылпостар ауру малды базарға апарып сатып та жібереді. Малда кездесетін сібір жарасы, күйдіргі, аусыл, бруцеллез, нодурярлы дерматит сияқты жұқпалы аурулар әр көктем сайын өршиді.  Былтыр қауіпті ауруларға қатысты 149 миллион екпе жасалынған. Ал, дала еркесі-ақбөкендер жыл сайын белгісіз аурудан қырылып қалатыны тағы да жасырын емес. Бұл мал арасында инфекцияның өршіп тұрғанын байқатады. Ветеринарлық қызмет саласында осы проблемаларды шеше алмай тұрғанда  олардың зертханаларын пайдалану қай сасқандық? Менің ойыма баяғыдағы бір оқиға түсіп отыр. Төрт жыл соғысып, үйіне оралған жауынгердің жары екі-үш жасар балақайды ұстап отырған көрінеді. - Мен ғой, төрт жыл бойы үй бетін көргенім жоқ. Ал, мына бала қайдан пайда болды?-деп сұрамай ма күйеуі. Сонда келіншегі саспай: - Тастап кеткен көйлегіңдң киіп жүрген едім. Содан осы бала пайда болды. Бұған апам да аң-таң, мен де аң-таң,- дейтұғын көрінеді. Сол келіншек айтпақшы, біздің мамандардың «тапқыр­лығына»  біз де аң-таңбыз. Әлде бұл «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері ме екен?  

Сабырбек ОЛЖАБАЙ