– Полигон – қасірет. Қасіретті жүректен өткізу оңай емес, қалай тәуекелге бардыңыз? – 1949 жылдың 29 тамызы күні Семей ядролық сынақ полигонында алғашқы 22 тонналық атом бомбасы жарылған. 1989 жылға дейін 470 ядролық жарылыс жасалған. Оның 354-і жерасты, 28-і жерүсті, қалған 90-ы әуеде жарылған. Осылайша, Семейде 40 жыл бойы сыналған ядролық жарылыстардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе асып түсіпті. Уақыт таспаға түсірген тарихты ғаламдық өлшеммен «жетпіс жыл бұрын болған» деп айтуға ғана оңай. Сол жылдардың қатпар-иінінде ғаріп күй кешіп, өмірінің дал-дұлы шыққан, көзінен жас орнына қан сорғалаған, аузынан қарғыс ақтарылған жетпіс мың тағдыр бар. Жартысы кебінге оралып, жер қойнына кетті, топыраққа айналды. Қалған жартысы көңін сүйретіп, кебенегін іліп, тұқымының тұздай құрып кетпеуінің қамын жасамасқа амалы қалмаған. Бұл зобалаң кәріні де, жасты да аяған ба? Жан сауғалатпасына қойған ба?! Міне, бұл қасірет емей немене?! Әлемде адамдар мен жан-жануарлар өмір сүріп жатқан жерге атом жарған – жалғыз Қазақстанның «Семей сынақ алаңы». Оны жасаған – социалистік жүйе. Сахаровтың жобасымен жасалған алғашқы термоядролық бомба 1953 жылы 12 тамызда Семей полигонында сыналды. Міне, осы еңбегі үшін оған Сталиндік Мемлекеттік сыйлық пен Социалистік Еңбек Ері атағы қосып беріледі. Ғалым өзі жасаған бомбасының адамзат тарихындағы ең жойқын қару екенін, үлкен қауіп тудыратынын басқаларға қарағанда ерте түсінеді. Кейіннен өздерінің бұл істерінің қылмыс екенін мойындап ағынан жарылады. А. Сахаров. «Ядролық сынақтан 6 миллион адам опат болады. Сұмдық қылмыс жасалып жатыр», – деп жазған өз естеліктерінде. Романға материалдар жинау барысында осындай сұмдықтарды оқыған сайын жүрегім ауырып, есеңгіреп қалатынмын. «Адамның адамшылығын істі аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан біл» деп Абай данышпен айтқандай, істі қатты ықыласпен бастаған соң нәтиже шығаруға міндеттендім. Жарты ғасырдан астам уақыт Семейдің халқы азап көріп, ұрпағы үш жүз жылға кететін қайғы шегіп, қасірет тартып келгенде, маған неге қасіреттің шындығын ашып, қолға алған істе төзімділік танытпасқа?! – Полигон тақырыбы дегенде, үнемі көз алдымызға Роза Мұқанованың «Ләйләсі» елестейтін. «Мәңгілік бала бейнеден» кейін бұл қасіретті шерткен қомақты шығарма көп емес секілді. Жазылғандарының өзі көп насихаттала қойған жоқ. Қаламгерлердің бұл тақырыпты көп қаузай бермегенінің сыры неде? – Неге жазылмаған? Жазылған! Тек оны уақытында жарыққа шығаруға рұқсат етілмеген. Мысалы, сол коммунистік режимнің заманында-ақ Бекежан Тілегенов ағамыз «Дегелең» трагедиясын суреттеп «Қара жел» деген роман жазған. Сол шығарманы отыз жылдай бастырылып жатқан жерінен «Ел-шежіре баспасының» директоры Дәулет Дидахметұлы Әшімханов осы жылдың басында кітап етіп шығарды. Рымғали Нұрғалиевтің «Алты аяқты құлын» деген, Сұлтан Оразалиннің «Сталин өлген жыл» деген хикаяттары, Роллан Сейсенбаев пен Нәубет Қалиевтың әңгімелері жазылған. Бәрінде жер бетінде ашық сыналған атом бомбасының әсерінен тірідей сынаққа ұшыраған адамдардың күйзелісі, табиғаттың тартқан зияны суреттеледі. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін сол шығармалар там-тұмдап шыға бастады. Семейдегі ардақты жазушы Медеу Сәрсеке ағамыздың ені бір қарыс болатын «Семей қасіреті» деген еңбегін оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Деректі оқиғаларға негізделген бұл шығарманы орыс және ағылшын тілдеріне аударып шетелдерге де тарата бастады.
Полигон жайлы алғашқы дабыл қаққандардың тағы бірі – Мұхамедғали Әленұлы Сужиков болған. Мұхамедғали Әленұлы Семей облысына бірінші хатшы болып барғаннан тыным таппай, ядролық жарылыстардан зәрезап болған шерменде халықтың мүддесін қорғап, сынақ жасап жатқан әскери зонаның бастықтарымен, әскери кешеннің жетекшілерімен жиі сөзге келіп қалып жүрген.
– Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» – деректі хикаят. Медеу аға «Қасірет пен тағдырға» қандай баға берді? – Осы полигон тақырыбын зерттеп жүргенде Семейде Медеу Сәрсеке ағамен танысып, ағайдың рұқсатымен кітабынан біраз материалдарды алып, өзінің аты-жөнін сақтап пайдаландым. Кейін сол кісі жетекшілік ететін «Абай әлемі» жобасында менің «Қасірет пен Тағдыр» романымның бірінші кітабы шықты. Қандай баға бергенін ол кісі өзі айта жатар. Әйтеуір маған роман жазуда көрсеткен ағалық ақылы зор болды. Аталған романымды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мырза редакторларына оқытып, ұнатып, орыс тіліне аудартып, «Фолиант» баспасынан шығарып облыстың оқу орындары мен кітапханаларына, халыққа таратты. Авторды арнайы шақырып елмен, Шәкәрім университеті мен М.Әуезов атындағы колледж студенттерімен жүздестірді. Бұл шығыстағы оқырмандарымның берген жоғары бағасы деп қабылдаймын. – «Қасірет пен тағдыр» романын жазуға қанша уақыт кетті? Негізгі оқиғаға сүйеніп шығарма жазу – дәлдікті, шынайы фактілерді қажет ететіні белгілі. Бұл тұрғыдан сізге арнайы ақыл-кеңес берген адамдар болды ма? – «Қасірет пен тағдырды» үш жыл жаздым. Материал жинау, ел аралау – көп уақытымды алды. Негізі, осы полигон тақырыбын бастауыма жарым – генерал-полковник Сәт Бесімбайұлы Тоқпақбаев себепкер болды. Ол жас кезінде Семейге жер аударылған екен. Сонда қызмет барысында халықтың жағдайын көріп, қасіреттері жүрегіне қан болып қатып жүріпті. Кейін менімен қосылған соң «сен осы тақырыпты жаза алсың, жазшы!» деп маған көптеген детальды айтып берді. Ол кісінің айтқан дүниелері менің осы шығармама арқау болды. Жақында «Үзілмеген үміт» деген тақырыппен екінші кітабын аяқтадым. Сол екінші кітапты жазуыма Медеу аға мен Шәкәрім мемлекеттік университетінің профессоры, М.Қозыбаев атындағы тарихи-ғылыми зерттеу институтының директоры Мұқтарбек Кәрімов, философия ғылымының кандидаты, абайтанушы Асан Омаров, Шәкәрім мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Арай Жүндібаева, «Семей полигоны аймағындағы соры арылмаған ауыл» атанып, қасіретінен бүкіл елімізге аты шыққан шағын ғана мекен Сарыжалда ұзақ жыл мектеп директоры болған Сәкен Сейсенұлы деген азматтардың берген материалдары мен полигон қасіретін шеккен суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков (кітап мұқабасына сурет салып берді) маған көп ақыл-кеңесін берді. – Ғабит Мүсіреповтің «Жапон балладалары» есімізден кетпейді. Аяулым да сондай қасірет шеккен тағдыр иесі. Бір Аяулым арқылы мыңдаған аяулы жандардың жүрегіндегі қасіреті көрінді. «Ерлер еңсеретін тақырыпты» қозғаудағы жазушының культі неде? – Романға «толғатып» жүрегенімде түс көрдім. «Ол – қасірет!», «Ол – тағдыр!» деп шошып оянғанмын. Содан басталды... Атын «Қасірет пен Тағдыр» деп қойдым. Басты кейіпкерім Аяулым әйел болғанымен, басты мақсатым – қазақ ерлерін биіктетіп көрсеткім келді. Аягөз ауданының ардақты ақсақалы Әскен Күрішбаевтың, Мэлс пен әкесі Үсен ағаның, Әмірдің ағасы Дәулеттің образдары арқылы қазақ ер-азаматының қайсар мінезі, бауырмалдығы, отансүйгіштігі, отбасындағы әкелік орнын айрықша көрсеткім келді. Мен үшін әлемде семейліктердей туған жерінің топырағын қасиеттейтін елжанды адамдар жоқ! Өздері у ішіп, қан құсып жатып, балаларының ауру болып туғанын көре отырып, ұрпағына үш жүз жылға кететін қасірет барын білсе де ата-баба мекенін, туған топырағын қимай, қымызын дәрі етіп, жақсылықтан үміттерін үзбей қара шаңырақтарында отыр... Бұл маған үлкен серпін берді. – Қазір әдебиет сахнасында қаламгер әйелдердің үлесі артып келеді. Джоан Роулингтің өзі осыны дәлелдеп тұрғандай. Кітап дүкендерін қарасаңыз, орыс әдебиетінде де жазушы әйелдердің салмағы басым екеніне көз жеткізесіз. Бір жағынан әлеуметтік ахуалды «әйелдік көзқараспен» суреттейтін тенденцияның қалыптасуы дұрыс та секілді. Қалай ойлайсыз? – Жалпы, қаламгерлікте жыныс болмайды деп ойлаймын. Әйел қаламгерлер де еркектің психологиясын, жан-дүниесін жеріне жеткізіп жаза алады. Еуропада соңғы он жылдықта әйел жазушылардың үлесі басым. Америкадағы «Жазушы әйелдер гильдиясы» екі жыл бұрын мені мүшелікке алған. Ал Азия елдерінде проза жанрында әйелдер аздау. Жазушылар одағының мүшелері арасында да ақын қыздарымыз баршылық, өкінішке қарай проза жанрында әйелдер аз екенін білесіздер. Бізде, тіпті бір таңғалатыным, әсіресе ер адамдар әйел роман жазады дегенге сенбейтіндері бар екен. Кеңес Одағы жазушыларынан Шәрбану Құмарова деген апай роман жазып, қыздарға жол ашып кетті. Сол соқпақпен «Үлкен үйдегі үрей», «Жалғыздың жарасы» және полигон жайында осы екі романды аяқтадым. Жиырмадай хикаят, отыздан астам әңгімем бар. Шығармаларым әлемнің 8 тіліне аударылды.Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС