Жамбыл коронавирустың жаңа толқынына дайын ба?
Жамбыл коронавирустың жаңа толқынына дайын ба?
© коллаж: Елдар Қаба
119
оқылды
Десе де, Үкімет  әлемдік пандемияның екінші толқынына дайын екендеріне сендіріп бағуда. Бірақ бұған дейін де «біз бәріне дайынбыз» деген биліктің бұл сөзін көпшілік күлкіге айналдырып отыр. Осы орайда, Жамбыл облысы ковидтің екінші толқынына қаншалықты дайын екенін  зерделеп көрген едік.  

Не бар, не алынады?

Облыс әкімдігі берген ақ­паратқа сүйенсек,  әлемдік сарап­шылар болжап отырған күзгі-қысқы кезеңдегі  коронавирустың екінші толқынына жергілікті би­лік жіті дайындалып жатыр екен.  Десе де, індеттің жаңа тол­қыны  маусымдық тұмаумен тұспа-тұс келетіндіктен, ауыр зардаптары  болуы мүмкін екенін  әкімдіктегілер  жасырмауда. – Пандемияның екінші тол­қыны кезінде негізгі ауыртпалықты облыстың медицинасы  көтереді. Осы орайда, денсаулық сақтау секторын жаңғырту және күзгі-қысқы кезеңге дайындықты қамтамасыз ету жүргізілуде. Жамбыл облысында барлық емдеу-алдын алу ұйымдары бү­гінде дәстүрлі жұмыс режиміне көшкен.  Онда пациенттерді триаж жүйесімен сұрыптау және бөлуді қатаң сақтау, медициналық персоналдың шұғыл көмек көр­сетуге дайындығы мен  жеке қорғаныс құралдарымен қамтылуы  қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ауруханаішілік инфекциялардың таралуын болдырмау үшін емхана  инфрақұрылымы  жаңартылды. Пандемия басталғаннан бері инфекциялық және провизорлық госпитальдарда – 1 780, оның ішінде облыс аудандарында  675 төсек-орын дайындалды. 1 600 инфекциялық және провизор­лық төсектерді қосымша орналас­тыруға дайындық жүргізілуде. Оттегі желілері тартылып, қажетті жабдықтар сатып алынуда, – дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі. Бұдан бөлек, өңір жедел медициналық көмек бойынша бригадалар санын көбейтіп, дәрі­герлердің де бірлігін  арт­тырған екен. – Жедел медициналық кө­мек бойынша 91 бригада жұ­мыл­дырылып, қосымша 15 бри­гада құрылатын болады. Ли­зинг бойынша   53 бірлік санитарлық автокөлік сатып алыну­да, сонымен қатар  10 көлік демеушілер есе­бінен  алынды. Коронавирус инфекциясымен күресуге тартылған қызметкер­лердің жалпы саны 2 536 адамды құраса, оның ішін­де дәрі­герлер – 508, орта меди­циналық персо­нал – 1 014. Қазіргі кезеңде Денсаулық сақ­тау министрлігінің бекітілген хаттамаларына сәйкес, бұрын инфекциялық және провизорлық госпитальдарда жұмыс істеген, сондай-ақ жаңадан келген маман­дарды коронавирус инфекциясы мен пневмонияны диагностикалау және емдеу бойынша оқыту жүргізілуде. Қажетті медициналық көмек көрсету үшін қосымша 525 оттегі концентраторы сатып алынды. Қолданыстағы 170 өкпені жасанды желдету  аппаратына тағы 71 бірлік қондырғы қосылады деп  күтілуде.  Осылайша, олардың  жалпы саны – 241 бірлік. Шұғыл көмек көрсету үшін 2 экстракорпоралды мембрана­лық оксигенациялау (ЭКМО)  аппаратын сатып алу да  өте маңыз­ды болып тұр. Аталған ап­параттарда жұмысты ұйымдастыру үшін қыркүйек айының басынан  Нұр-Сұлтан  қаласында қажетті оқытудан өтетін медицина қыз­меткерлерінің бригадасы құ­рылды, – дейді әкімдіктегілер. Бұдан бөлек, аудандар да на­зардан тыс қалмай, оларға 7 компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынуда. Сонымен қатар науқастарды тестен өткізу де оңтайландырылмақ. – Бүгінде әртүрлі өндіруші­лердің тест жүйелері жеткілікті мөлшерде сатып алынуда.  Енді  медицина қызметкерлеріне   сына­маларды алу ережелері то­лық­тай түсіндіріледі. Пациенттерді емдеу үшін меди­циналық ұйымдарға  емдеу хаттамалары мен медициналық мақсаттағы бұйымдар тізбесіне кіретін қажетті 3 айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда. Бөлшек сауда дәріхана желісінің кәсіп­керлерімен қоймаларда дәрі­лік заттардың қосымша амбула­ториялық қорын жасақтау  туралы келісімге қол жеткізілді. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне басты назар ауда­рылып, оларға қорғаныш кос­тюмдерін, «М-95» типті бет­перде­лерді, қорғаныш қалқандары мен дезинфекциялау құралдары да алынуда, – дейді баспасөз қыз­метіндегі мамандар.  

Балалардың  ауыра бастағаны рас па?

Жергілікті билік коронавирус­тың жаңа толқынына сақадай-сай екендерін айтуда. Алайда «Енді балалар қынадай қырылады екен. Бұл – коронавирустың жаңа түрі» деген әңгіме ел арасында желдей есіп жүр. Осыған орай, сала маманынан анық-қанығын білген  едік. – Коронавирус жұқпасы ба­ла­лар арасында симптомсыз не­месе жеңіл түрде өтеді. Алайда осы жылдың сәуір, мамыр ай­ларында Ұлыбритания елінде аталмыш вирусқа шалдыққан бірнеше балада дерттің ауыр түрі анықталды. Ол көпжүйелік қабыну синдромы деп аталады. Осы сырқат жүрек-қан тамы­ры ауруларының асқыну тү­рін­де болған. Мұндай дерт Ұлы­британиямен қатар, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында да орын алғандықтан, коронавирус көп тараған аймақтардағы балаларда көпжүйелік қабыну болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл тек ғана бол­жам. Әрине, Үкімет халықты қа­уіптен арашалап, аман алып қалу үшін қамданып, әзірлік жүр­гізудеміз. Облыста бұл вируспен еш­қандай бала ауырған жоқ. Бала­ның бұл дертке шалдыққанын маманға қаралмай тұрып, қалай анықтаймыз дегенге келсек, ба­лада  коронавирустан кейінгі асқыну белгілері болады. Яғни, дене қызуының жоғары кө­терілуі, дем жетіспеу, жиі демалу секілді тыныс алу жол­дарының асқынуы, кеуде қуысының қабынуы. Ең басты белгісі – баланың денесінде бөртпелердің, коньюктивиттің пайда болуы және бездердің қабынуы, жүрек тұсында ауру сезіледі. Ол кеудеге, арқасына, жауырынына, иығына қарай беріледі. Ауыз төңірегі кө­геріп, алақандары, табандары ісінеді. Іші өтіп, ауырып, құсады. Тамағы ауырады. Егер осындай белгілер байқалса, жедел түрде дәрігерге қаралу керек, – дейді  облыс әкім­дігі Денсаулық сақтау бас­қармасының ана мен бала ден­саулығын қорғау бөлімінің бас­шысы Әлия Шатаева. Маман осылайша білгенімен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, коронавирустың жаңа толқыны балаларға әсер етуі де, етпеуі де мүмкін екен. Сондай-ақ бү­гінгі таңда бірде-бір бала  бұл дерт­тің белгілерімен ауруханаға түс­пегенін айтуда. Ал әлеуметтік желілерде «ауруханаларда алдын ала балаларға төсек орындары әзірленіп жатыр» деген әңгімені Әлия Өзбекқызы жаз мезгілінде ба­лалар ауруханаға  ішек инфек­циясымен көптеп түскенін айтып тү­сін­дірді. Демек, жүрекке салмақ салу­дың қажеті жоқ. Түптеп  келгенде, коронавирустың жаңа толқыны балаларға жұғатын болса, оған өңір медицинасына дайын екенін айтып жатыр.   Түйін:  

Әрине, бәрі мамандар айт­қандай, бақылауда болса жанға демеу. Алайда  «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық фи­лиалы Партиялық бақылау ко­миссиясы мен партияның Сай­лауалды бағдарламасын іске асы­ру жөніндегі «Денсаулық сақ­тау» бағыты бойынша ай­мақтық комиссияның бірлескен отырысында коронавирустың алғашқы толқынының өзіне қа­тысты көптеген сын айтылып, талқыға түскен болатын. Тіпті,  Жамбыл облысы әкімдігінің Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Хамит Мырзақасымов пен  жер­леу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры  Қадірхан Абдуллаев екеуі коронавирустан көз жұмғандардың санына қа­тысты келіспей қалып,   жаға жыртысуға дейін барған. Бас­қарма басшысының міндетін атқарушы індеттен көз жұмғандар 53 адам деген дерек айтса, жер­леу рәсімдерін ұйымдастыру мекемесінің директоры  шын мә­нінде 134 адам көз жұмғанын ал­ға тартқан болатын.  Тараптар өз сөз­дерін дәлелдеу үшін арнайы құжаттар көрсетуге дайын  екен­дерін де жеткізген. Біз бұл тұс­та қаза тауып, ағайыны қара жа­мылып отырған жандарды тү­гендеуден аулақпыз. Тек осындай түсінбеушілік пен ки­кілжің ко­ронавирустың екінші тол­қынында орын алмаса  екен деп тілейміз.

Себебі таразы басында адам өмі­рі тұр!

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы