Бюрода Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алтыншы сессияның ашылуында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген басымдықтарын ескере отырып, депутаттық корпус қызметінің негізгі бағыттары талқыланды.
Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің ауқымдылығына тоқталып, олардың шешімі қазақстандықтардың өмірінің барлық салаларын жаңғырту және қарқынды дамыту үшін қажет екеніне назар аударды. Сонымен бірге депутаттарға мемлекеттік басқарудың жаңа моделін заңнамалық қамтамасыз ету, квазимемлекеттік сектордағы реформаларды қолдау, салық заңнамасы мен бюджеттік саясатты жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс істеу қажет екеніне тоқталды. Жұмыстың басым бөлігі азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартумен, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешумен байланысты.
Нұрлан Нығматулин атап өткендей, Президент Жолдауы – елді жаңғыртудың жаңа кезеңі.
Бюро отырысының күн тәртібінің жобасында бірқатар маңызды құжатты қарастыру көзделген. Атап айтқанда, Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобалары бар. Осылардың қатарында: орталық және жергілікті мемлекеттік органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасы, сондай-ақ «Техникалық реттеу туралы» және оған ілеспе заң жобалары бар. Алдағы жалпы отырыста «Ерекше тауарларды бақылау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленетін болады. Сонымен қатар жұмысқа алынған құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы және ақпарат мәселелері бойынша заң жобалары бар, сондай-ақ бірқатар ратификациялық заң жобасы да қарастырылмақ.