– Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған Жолдауында көп маңызды мәселе айтылды. Мәселен, «Биыл мемлекеттік қызметкерлерді 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартуды жоспарлау керек. Нәтижесінде 2021 жылы 25%-ға қысқартуға қол жеткіземіз», – деді. Осы қысқартудың арқасында өзге қызметкерлердің жалақысы жоғарылайтын болады. Бұл да жақсы жетістік деп айтуға болады.
Сондай-ақ Жолдауда айтылған маңызды мәселенің бірі ауыл шаруашылығына қатысты. Ауыл шаруашылығын дамыту қажет екенін айтып, Үкіметке тікелей тапсырма берілді. Бізді қуантып отырған нәрсе – ауылды дамыту. Ауылдың деңгейін көтеру үшін, моноқалаларды дамытуға айтарлықтай шаруалар атқарылатын болды. «Ауыл – ел бесігі» дейміз. Ел-жұртпен кездескенде ауылдың жағдайын көзімізбен көріп жүрміз. Осы тұрғыдан келгенде ауылды дамыту – кезек күттірмейтін мәселе.
Мемлекет басшысы азаматтарға жауапсыз несие беруді тоқтату керегін айтты. «Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауаттылығының тиісті деңгейде болмауы – олардың несие алуына кедергі келтірмеуі керек. Биыл менің тапсырмам бойынша нормативтік-құқықтық база өзгертілді. Қарыз алушының төлем қабілетіне талап айтарлықтай күшейді», – деді Президент.
Бұқаралық спортты дамыту мәселесі қозғалғаны да көңілді көншітті. Енді жергілікті әкімдіктер бұқаралық спорттың дамуына жауапты болады. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғаны дұрыс. Бұқаралық спорт дамыса, жастарымыз құр жүрістен тыйылар еді. Мұның да елге берері мол.
Мұғалімдердің жалақысын көтеру мәселесі де кезек күттірмейтін дүниенің бірі. Сондай-ақ Президент қазіргі қалыптасқан онлайн білім беру жүйесіне қатысты өзінің сыни пікірін білдірді. Ең алдымен біз қалыптасқан дәстүрлі білім беруді жалғастыру мәселесін қарауымыз керек. Менің ойымша, ата-аналардың келісімімен балаларды дәстүрлі білім беруге көшіруге мүмкіндік бар деп есептеймін.
Президенттің тапсырмаларының заңдық тұрғыда тұжырымдалуын Парламент жан-жақты қарайтын болады.