«Жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен осы 26 тамызға дейінгі аралықта Алматы қаласынан қорға 77,4 миллиард теңгеден астам жарна аударылды. Оның 65,6 миллиард теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 11,8 миллиард теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі», – деді филиал директоры Тілеухан Әбілдаев.Сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлеушілер (БЖТ) саны да артып келеді. Алматы қаласы бойынша өткен жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 192 мыңнан астам адам 294,7 миллион теңге көлемінде БЖТ төлеген.
«Соңғы кезде көктемгі карантин кезінде ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған адамдардың да статустан айырылып қалғаны туралы көп айтылып жүр. Үкімет осындай азаматтарға жеңілдік беру туралы шешім қабылдады. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды. Олар: соңғы 3 айда жоқ дегенде бір рет жарна төлеген, берешегі екі айдан аспайтын жалдамалы жұмысшылар; соңғы 3 ай бойы қатарынан төлем жасаған, жарна қарызы екі айдан аспайтын жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар, жекеменшік сот орындаушылары, адвокаттар; мемлекет тарапынан сақтандырылған, бірақ 42 500 теңге алу үшін бірыңғай жиынтық төлем төлеп, әлеуметтік статусы бар тұрғындар тізімінен шығып қалғандар», – деді Тілеухан Әбілдаев. Қор аталған санаттардың бәріне автоматты түрде сақтандыру статусын берді.Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласы коронавирус пен пневмонияға қарсы күреске басымдық берді. Медицина ұйымдары провизорлық стационар ретінде қайта жасақталып, мыңдаған маман ауруханаларда тәулік бойы кезекшілікте тұрды. Жұқпалы вирусты емдеу мен алдын алу шараларын қаржыландыру міндеті Медициналық сақтандыру қорына жүктелді. Брифинг барысында филиал директоры Алматы қаласы бойынша коронавирусқа қарсы күреске 12,4 миллиард теңге бөлінгеніне тоқталды. Алғашында біраз шу тудырған дәрігерлерге қосымша ақы төлеу мәселесі де қазір ретке келгендей. Наурыз-шілде аралығында 27 265 медицина қызметкеріне 8,9 миллиард теңге көлемінде қосымша ақы төленді. Атап айтқанда: 1-топ бойынша – 6 733 маманға 4,2 миллиард теңге; 2-топ бойынша – 12 376 маманға 3,6 миллиард теңге; 3-топ бойынша – 8 156 маманға 1,1 миллиард теңге төленді. Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы сарапшылары осы жылдың бірінші жартысында көрсетілген қызмет сапасы мен көлеміне қатысты 4 мыңнан астам кемшілік анықтады. Аталған кемшіліктер бойынша медицина ұйымдарына 200 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Әйтсе де, Тілеухан Әбілдаевтың айтуына қарағанда, кемшілік саны мен сомасы жыл өткен сайын азайып келеді. Мысалы, биылғы сома өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда 50 млн теңгеге кем.
«Бүгінде дәрігер қабылдауында болмаған адамды «болды» деп жазу мәселесі жұртшылық арасында өзекті болып тұрғаны рас. Әсіресе, бұл мәселе әлеуметтік желілерде жиі қозғалып жүр. Жарты жылда филиал мамандары ақпараттық жүйеде «пациенттерге көрсетілді» деп жазылған 5,1 миллион теңге болатын 240-қа жуық қызметтің шын мәнінде көрсетілмегенін анықтады. Емханалық-амбулаторлық көмекке жүргізілген мониторинг кезінде анықталған бұл кемшіліктер қаладағы 24 медицина ұйымына тиесілі. Дегенмен өткен жылдың бірінші жартысымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2 есе кемігені байқалады», – деді Тілеухан Әбілдаев.Қор қызмет көрсетуші клиникалар тарапынан жіберілетін мұндай кемшіліктерді анықтап, шара қолданып келеді. Спикер қоғамды осындай келеңсіздіктерді бірге анықтауға шақырды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ