Ресейлік вакцинадан біздікі мықты ма?
Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов басқа елдермен келіссөз жүріп жатқанымен, отандық вакцинаға баса назар аударылатынын жеткізді. «Біз барлық нұсқаны қарастырамыз. Covax Facility бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бәрі клиникалық сынамаларға байланысты. Басты назарды өзіміздің өндіріске жасаймыз» деген еді. Отандық өнімге акцент қоюдың патриоттықтан бөлек себебі де бар болып шықты. Өйткені Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері қазақстандық вакцинаның әлдеқайда қауіпсіз екенін айтып отыр. «Ресейлік «Спутник V» вакцинасы – аденовирустық екі сератип негізінде жасалған тірі вирус-вакцина түріндегі препарат. Оны аяғы ауыр әйелдерге, бала емізіп жүрген әйелдерге, созылмалы ауруы бар адамдарға және 18 жасқа дейін және 60 жастан асқан азаматтарға егуге болмайды», – дейді Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов. Яғни, министрлік өкілінің айтуынша, ресейлік вакцинаның қазақстандыққа қарағанда тәуекел топтарға егуге болмайтын шектеуі бар екен. Өз вакцинамызға сенім мол болса, басқа елден сатып алудың қажеті қанша деген сауалдың туындауы заңды. Егер отандық өнім ДДСҰ тексерісінен өтіп, талапқа сай болса, басқа елдерден сатып алудан бас тартамыз ба? Бұл сұрақты Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовке жолдадық. «Әрине, егер отандық вакцина барлық кезеңнен жақсы нәтиже көрсетіп, рұқсат алып жатса, өзіміздікіне басты назар аударамыз. Бұл жерде қай елдің вакцинасы тезірек даяр болатыны маңызды», – дейді ол. Бірақ вакцина саласының маманы Батырбек Айтжанов қазақстандық қана емес, әр елдің вакцинасын салып көрген дұрыс деп отыр. «Иммуногендігі жоғары вакцина болса, салдырып көруге болады. Барлығын бір жерден алмай, бөліп-бөліп сынаған жөн. Сөйтіп, ең тиімдісін, жақсысын таңдап алуға болады. Көпшілігі вакцинаны дәрі деп ойлайды да, қорқақтайды. Ал негізі, қандай да бір вакцина мақұлданбас бұрын өте көп кезеңнен өтеді. Бір күнде қабылданбайды. Жануарларға сыналып, нәтижесі көңілден шыққан соң барып адамдарға салынады. Өткенде вирус жұқтырғандар саны күрт өскен кезде қанша жақынымыздан айырылып қалдық. Артынша шектеу қойылып, соның арқасында біршама басылды. Сол себепті рұқсат етілген вакцина шыққан жағдайда салдыру керек деп есептеймін». Бағдат Қожахметов те рұқсат алған вакциналарды алу керек дегенмен келіседі. «Мамандардың бұл пікірін құптау керек. Неге десеңіз, бұл жерде маңыздысы – халықтың денсаулығы. Сондықтан вакцинаның сапалы болғанына мән береміз», – дейді.Қазақстандық өнім қалай жасалды?
Сонымен, жақсы жаңалық сол – ДДСҰ БҒМ Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жасап шығарған екпені ресми түрде клиникалық сынақтарға жіберілген вакциналар тізіміне қосты. Оған QazCovid деген атау берілді. Жалпы, бүгінде біздің тараптан екі вакцина жасалғанын айта кетейік. Оған жауапты орган – Білім және ғылым министрлігі. Осыған орай, сала министрі Асхат Аймағамбетовтің отандық вакцина жайлы сөзіне сілтеме берейік. «Қазақстанда науқас пайда болғаннан кейін мамандар патологиялық материал алды. Наурыз айының соңында жұмыс басталды, 15 мамырда біздің ғалымдар кандидаттық вакцина дайындап, ДДСҰ-ға жіберді, тізімге енгізді. Екі платформада кандидаттық вакциналар дайын. Клиникаға дейінгі сынақтар сәтті өтті. Алғашқы болып ғалымдар өздері салдырды. Бір айдан астам уақыт өтті, біз үнемі бақылап отырамыз, олар тестілеуден өтіп жатыр. Өзіміздің вакцинаның нәтижесін, тиімді екенін көріп отырмыз» деген еді министр брифингте. Коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқастан патологиялық материал алынған соң артынша БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты SARS-CoV-2 вирусын бөліп шығарған еді. Сөйтіп, 9 мамырда COVlD-19-ға қарсы кандитат инактивтелген вакцина әзірлеу бойынша жұмыс аяқталып, хаттамасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберілген. 15 мамырда ДДСҰ алдын ала тексеруден кейін оны клиникаға дейінгі сынаққа жіберілген кандиат вакциналар тізіміне қосты. Содан бері зертханалық сынақтар жасалды. БҒМ-ға қарасты Ғылым комитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиеваның айтуынша, вакцина жасау барысында тышқаннан бастап макакаға дейін сынаққа қатыстырылған. «Вакцинада қауіпсіздігі, иммуногендігі, пирогендігі және уыттылығына қатысты басты төрт критерий бар. Жануарларға сынап көргенде осы критерийлер бойынша нәтиже жақсы болды. Яғни, қауіпсіз болды, дене қызуын көтермеді, антидене қалыптастыра алатынын көрсетті. Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын алғанымызбен, бізде ресми түрде денсаулық сақтау министрлігінің рұқсаты жоқ. Сондықтан қазір еріктілерді алып жатырмыз. Яғни, егу басталды екен деп қате түсініп қалмаған жөн», – дейді комитет басшысы.Кім батыр?
Қазақстандықтар ерікті түрде әрі тегін вакцина салдыра алады. Ол үшін biosafety.kz сайтына кіріп, сауалнама толтыру қажет. «Еріктілер тарту жұмыстары басталды» дегеннен кейін қанша адамның анкета толтырып, өтінім бергеніне қатысты нақты ақпарат ала алмадық. Денсаулық сақтау министрлігі мамандарының сөзіне сүйенсек, еріктілер бар екен, жиналып жатыр деседі. Министрліктен рұқсат алынған соң 20 қыркүйекте Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ (І фаза) басталады деп күтіліп отыр. Ал қазан айының ортасында ДДСҰ талаптарына сай келетін 200 еріктіге клиникалық сынақ өткізудің ІІ фазасына шығу жоспарланған. Ол желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Бүгінде клиникалық сынақ фазасын 4-тен 2-ге қысқарту қарастылып жатыр. Оған себеп халықты вакцинамен қамтамасыз ету қажеттігі болып отыр. Сынақ нәтижелері расталса, Қазақстан институты жанындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Иммунобиологиялық препараттар өндірісі зауыты вакцина шығаруға дайын. Зауыттың жобалық қуаты жылына 60 млн дозаны құрайды. Құрылыс жұмысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының клиникалық сынаққа жіберілген вакциналар тізіміне Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ, Германия, Жапония, Үндістан, Оңтүстік Корея, Бельгия, Швеция, Сингапур, Италия, Аустралия, Тайвань, Куба, Франция, Аустрия және Канада секілді елдердің компаниялары немесе зерттеу институттары жасап шығарған 33 вакцина кірген. Түсінгенімізше, ішіндегі ең мықтысын министрлігіміз іріктеп, келіссөз жүргізеді. Талап бойынша, халықтың кем дегенде 10 пайызы екпе салдыруы керек. 2 миллионға жуық адамға салынатын вакцинаның саны мен оған кететін қаражат әлі нақтыланбады. Белгілі болғанда оны да талқыға саларымыз хақ.Жадыра АҚҚАЙЫР