Үйге газ тарту көмірден қымбат
Үйге газ тарту көмірден қымбат
366
оқылды
267 млрд теңгеге салынған «Сарыарқа» магистральді газ құбыры бас қалаға Қызылорда облысынан тартылған. Ал Қызылордаға көгілдір отын Маңғыстаудан жеткізіледі. Демек, Маңғыстау – Алматы бағытындағы газ құбырына Қызылорда жақтан қосылып, көгілдір отынды Нұр-Сұлтанға жөнелтеді. Құрылысы 2019 жылы күзде басталған елорданы газбен қамту жобасы үш кезеңнен тұрмақ. Бірінші кезеңге тиесілі жұмыстар қазіргі кезде атқарылып жатыр. Бұл ке­зеңде газ жылыту орталықтарына ке­леді. Көпқабатты үйлер жылуды осы орта­лық­тардан алады. Биыл үш қазандық көгілдір отынға ауысады. Одан кейін Теміржол, Көктал-1, 2, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс, Промышленный тұрғындары газбен қамтылады. Алайда биыл бұл ауыл­дардың жартысы ғана көгілдір отын­мен түтін түтетпек. Тек Те­міржол мен Про­мышленный аймағына газ толық барады. Шілде-тамыз ай­ларында жер үйлерге газ беріліп жатқанын көріп отыр­мыз. Көк­тал-1,2 мен Агро­қалашықта қарас­ты­рылған 200 шақырым көгілдір отын же­лісінің 80 шақырымы салынған екен. Бірінші кезеңді қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің есебіне сай, жыл соңына дейін Теміржол ауы­лында – 654 үй, Промышленный ауы­лында – мың үй, Агроқалашықта – мың үй, Көктал-1 ауылында – 2,5 мың үй, Көктал-2 ауылында 2 мың үй газға қо­сылады. Ал қалған үй­лерге газ келесі жылы жетпек. Екінші және үшінші кезең әлі жоба­ланып жатқан көрінеді. Жоспар бойынша екінші кезеңде Күйгенжар, Мичурино, Пригородный, Интерна­циональный, Тельман, Family Village, Garden Village тұрғындарына газ жетсе, үшінші кезеңде Шұбар, Өндіріс, Ильинка, Кирпичный ауылдары көгілдір отынмен қамтылмақ. Осы кезеңнің жұмысы алдағы үш жылда бітуі тиіс. Қош, енді газ жеткенімен, шыға келген екі мәселеге тоқталсақ. Оның бірі жуырда шешімін тапты. Әуелі осы жайды түрте кетсек. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қала­сына газ келгенімен, оның құны бекітіл­меген еді. Мамыр айының соңында Энер­гетика министрлігі ақыры бағаны бекітті. Сонымен, 1 000 текше метр газдың шекті бағасы қосымша құн салығынсыз 24 537 теңге (55,7 доллар) болды. Бірақ бекітілген баға 2021 жылдың 30 маусымына дейін өзекті болады, өзгеруі мүмкін. Екінші мәселе тұрғындар тарапынан болып тұр. Есік алдына, аулаға келіп тұрған газды тұрғындар үй ішіне өз қар­жысымен тартуы тиіс. Дегенмен осы тұста «газ келгенде экологиялық проблемадан арылсақ та, әлеуметтік мәселеге тап болып жүрмейміз бе?» деген сұрақ туындайды. Былтыр күзде газ келеді дегеннен-ақ тұрғындар ауладағы газды үйге тартудың өзі мол шығын екенін айтқан. Бұл қызмет өзге өңірлердің өзінде 200 мың теңгеден кем түспейді. Қазір бұл баға бас қалада көтеріліп кеткен – 300 теңге, яғни 700 доллардың шамасындағы бағаға газ кіргізесіз. Мұны айтпаған күннің өзінде құжаттарын әзірлеудің өзі машақат іспетті. – Біз жобаға сәйкес газды әрбір аулаға, яғни қоршауына дейін әкелеміз. Одан кейін үйіне қосамын деген адам «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ға барады. Өтініш жазып, техникалық шарт, қосылуға рұқсат алады. Сосын отынды үйге кіргізетін жеке компания табуы тиіс. Қазір нарықта ондай компаниялар көп, оларда арнайы лицензия болуы керек. Келісімшарт жасағаннан кейін мамандар үйдің ішінде қажетті жұмыс істеп, құбырға жалғайды. Одан соң «ҚазТрансГазАймаққа» қайта барып, «менде жұмыс бітті, қабылдауды сұраймын» деп өтініш жазуы қажет. Олар тексереді, бәрі дұрыс болса, қабылдап, тұрғынмен газ қосу туралы шарт жасайды, – дейді Нұр-Сұлтан әкімдігі отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов. Демек, әкімдік тек газды аулаға дейін жеткізуге жауап береді. Қалғаны тұрғын­ның еншісіндегі іс. Жоғарыда үйге газ кіргізуге біршама шығындалуға тура келе­тінін айттық. Жер үйде тұрып жатқан елор­далықтардың әлеуметтік жағдайы толы­ғымен жақсы деп ешкім кепілдік бере алмайды. Егер үйіңіз үлкен, қоршауы алыс болса, сіз оған жылыту жүйесі, ыстық су, монша мен уақытша баспананы қосамын десеңіз, қымбатқа түседі. Өйткені оған арнайы қазандық алу керек. 100-120 шаршы метрлік жеке үйдің иесі газды үйіне кіргізу үшін көмірмен жағылатын пешті газға ауыстырады. Ресейде шығарылатын газ пеші шамамен 80-120 мың теңге тұрады. Егер үйде солярка мен сұйытылған газбен жылытылатын пеш тұрса, ауыс­тырудың қажеті жоқ екен. Сонда көмір пешін ауыстыруға 120 мың теңге кетсе, құбыр тартуға және басқа ұсақ-түйек жұмыстарға 50-60 мың теңге жұмсайсыз. Есептесек, газды үйге кіргізуге шамамен алғанда 200 мың теңгеге жуық қаржы жұмсалады. 200-300 шаршы метрлік үйге газ тартуға бұдан да көп ақша керек. Үлкен газ пешінің бағасы – 250-300 мың теңге. Бұған тиісті жұмыстарды қоссақ, тіптен қымбаттайды. Қорыта айтсақ, көгілдір отынның кө­мірге қарағанда артықшылығы көп екені сөзсіз. Бұрынғыдай түтін тұншығып, одан қалса күлін төгіп жүрмейсіз. Бірақ жер үйдегі тұрғындар қыста көмір алуға әзер ақша табатынын ұмытпаған жөн. Қара отынға 100 мың теңгені әрең табатын отбасына 200-300 теңгеге газ кіргізу оңай болмайды. Сондықтан жағдайы төмен, көпбалалы отбасылар көмірден әзірге бас тарта қоймайтын секілді.  

мадияр Мадияр ТӨЛЕУ