Қос азаматтық туралы сөз неге қозғалды?
Қос азаматтық туралы сөз неге қозғалды?
770
оқылды
Конституциямыздың 10-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Рес­публикасының азаматтығы туралы»  заң­ның 3-бабына сәйкес басқа мемлекеттің азаматы біздің елдің азаматтығын ала алмайды. Бірақ қазақстандықтар арасында шет мемлекеттің азаматтығын Қазақстан азаматтығынан шықпай тұрып алатын жағдайлар кездеседі екен. Олар осы әре­кеті арқылы заңсыз қос азаматтыққа ие болады. Екінші азаматтықты алудың не­гізгі себебі еркін қозғалу ғана емес, бел­гілі бір материалдық пайдаға қол жеткізуде жатыр. Мысалы, зейнетақылық есеп айырысу, бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы болуы мүмкін. Заң бойынша олар өзге мемлекеттің азаматтығын қабыл­дамас бұрын қазақстандық азаматтықтан шығуы керек.  

Қос азаматтықтың экономикалық себебі

Рас, әлемнің жекелеген елдерінде би­патризмге, яғни  қос азаматтыққа рұқсат беріледі. Мұның экономикалық себебі бар. Аргентина, Канада, Австралия, Барбадос, Кипр, Уругвай, Мексика, Ямайка, Колумбия, Пәкістан, Латвия сияқты елдер бипатризмнің  зиянынан пайдасын көбірек ойлайтын сыңайлы. Бұл елдердің бірқатары   инвесторларға азаматтықты байлығы үшін береді, сөйтіп оның ақша­сын ел экономикасына жаратады. Ол үшін өзге елдің азаматтығынан шығу талап етіл­мейді. Ал қос азаматтыққа рұқсат бер­ген кедей елдер өз елінің азаматтарын жұ­мыс күші ретінде шетелге жөнелтуді мақсат тұтады. Шетелге шыққан азаматы өз елінде қалған туыстарына қаржы аудару арқылы әлеуметтік ахуалды жақсартады деп ойлайды. Қос азаматтыққа рұқсат берген елдер мемлекеттік қызметкерлерге, құқық қор­ғау органдары мен арнайы қызмет өкілдеріне, жұмысы мемлекеттік құпияға байланысты қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге қос азаматтық алуға ты­йым салған.  Ал Қазақстанда қос азамат­тыққа түбегейлі рұқсат жоқ. Бірақ кісі қулығына құрық бойлаған ба? Қазақстан азаматтығынан бас тартып, шетел аза­мат­тығын алған қазақстандықтар Қазақ­станда ыхтиярхатпен шетел азаматы ре­тінде тұрып жатқандар да бар екен. Қазақстандықтар арасында Мальтада тұ­рақты тұру құқын алу бағдарламасы кең тараған. Бұл мәртебе қазақстандық инвестор мен оның отбасына өмір бойы Еуроодақ көлемінде еркін саяхаттауға «қосалқы қону аймағын» иеленуге мүмкін­дік береді. Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Қос азаматтықты анықтайтын Ішкі істер министрлігі жұмысының нәтижесі­мен бөлісуге аса құлықты емес. Себебі ашық деректерде қос азаматтықты анық­тағаны туралы мәліметі 2018 жылдан бері жаңармай отыр. Сол жылы   Ішкі істер министрлігі басқа елдің паспортын жасырған 15 мың Қазақстан азаматын құрықтағаны туралы ақпарат таратқан еді. Олардың көпшілігі Ресей азаматы екені айтылған. Бірақ олардың ара­сында мемлекеттік қызметкерлер мен ква­зи­мемлекеттік ұйымдар басшыларының бар-жоғы белгісіз күйінде қалды. Бүгінге дейін мемлекеттік қызметкерлер арасында екі елдің азаматтығын иеленгендер бар ма деген сұрақтың жауабы жоқ. Қайбір жылы еліміздегі шенеуніктер мен депутаттардың арасында өзге мемлекеттің паспортын алғандар туралы еміс-еміс естіліп қалушы еді, кейін бұл туралы ақпарат алу қиындап кетті.  

Квазимемлекеттік компанияны басқаратын шетелдіктерді қайтеміз?

Айтқандай, Президенттің Жолдауын­да квазимемлекеттік кәсіпорын  басшы­лары­ның арасында қос азаматтығы бар адамдардың да жұмыстан босатыла­тыны айтылды. Ал біздің елде квази­мемлекеттік секторда басшылық ететін шетел азаматтары баршылық. Мәселен, ұлттық экономикамыздың басым бө­лі­гін бауырына басқан «Самұрық-Қа­зына» ұлттық әл-ауқат қорының  Ди­рек­торлар кеңесінің төрағасы Джон Ду­­­дас Ұлыбритания мен Солтүстік Ир­ландияның Біріккен корольдігінің азаматы. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «Жолаушылар тасымалы»  акционерлік қоғамын Германия азаматы Питер Штурм басқарады, оның алдында бұл лауазымды басқа неміс маманы басқарған болатын. Аталған компанияның Директорлар ке­­ңесінің төрағасы Кун Кристиан да Германия азаматы екен. Бұл біз келтірген санаулы ғана тізім. Ұлттық компаниялардың ресми сайттарында мұндай лауазымдағы шетелдік менеджер­лерді көп кездестіруге болады. Иә, олар­дың қос азаматтығы жоқ, бірақ ше­тел азаматы. Бұлардың қос азаматтығы барлардан қандай айырмашылығы бар? Анкара дағдарыс және саясат зерттеу орталығының Еуразия бөлімінің басшысы, саясаттанушы Дінмұхамед Әметбек ұлттық компанияларды басқаратын шетелдік азаматтардан қауіп жоқ деп санайды. «Квазимемлекеттік компанияларды шетелдіктердің басқаруынан  қандай да бір қауіп көріп тұрғаным жоқ. Мұны тәжірибе алмасу, шетелдің тиімді тәжіри­бесін Қазақтанға әкелу деп түсінуіміз керек. Оның үстіне, шетелдіктер бас­қарған компанияларда сыбайлас жем­қор­лық жоқтың қасы, осы тұрғыдан қа­ра­ғанда да тиімді дер едім. Дегенмен квази­мемлекеттік компаниялардың мемле­кет үшін қаншалықты стратегиялық ма­ңызы бар екенін де назардан шығармау қажет. Егер стратегиялық маңызы жоғары компания болса, оны Қазақстан азаматы басқарғаны дұрыс деп ойлаймын», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамында квазимемлекеттік компаниялар жұмысына қатысты сын жиі айтылады. Себебі ол ком­паниялардағы қарапайым көлік жүр­гізу­шінің жалақысы да жоғары. Жалпы, шет мемлекеттен топ-ме­неджер­лерді тарту  тоқсаныншы жылдар басында кең қанат жайды. Бір ғана мы­сал, біздің елде Ұлыбританияның экс-президенті Тони Блэр де жұмыс іс­теген, аттай  5 жыл бойы сол кездегі Пре­зиденттің кеңесшісі болды. Ол Қа­зақстан Үкіметіне саяси-әлеуметтік реформалар жүргізу жөнінде кеңес беріп келді. Өзі құнды деп санаған кеңесі үшін қазынамыздан қомақты жалақы алып тұрған Блэр мырза Қазақстан азаматтығын алған-алмағаны белгісіз, бірақ бес жыл бойы қомақты табыс тапқаны анық. ... 2014 жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісім жасау кезінде Ресей тарапы Қазақстан мен Беларуське одақ шеңберінде қос азаматтыққа рұқсат беруді ұсынады. Абырой болғанда, қазақстандық тарап бірден бас тартыпты деген әңгіме бар. Ұсыныс жасаушылар  бірыңғай одақ құрып жатсақ, үш елдің азаматтары үш елдің арасында еркін қозғалып, жұмысқа да ешбір кедергісіз орналаса алуы керек деген уәж айтқан. Мұндай уәжді 2014 жылы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заң жобасының түсіндірмесінен де кездестіруге болады. Егер сол кезде біздің тарап табандылық танытып, қарсылық білдірмегенінде, Президенттің кешегі Жолдауында біз атаған мәселе көрініс таппауы да мүмкін еді...  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ