Баланы қоқысқа лақтыру қылмыс емес пе?
Баланы қоқысқа лақтыру қылмыс емес пе?
218
оқылды
Қарағанды қаласында 3 сәуір күні кешкі алтыда 22 жастағы әйел үйінің жуынатын бөлмесінде үшінші баласын босанады. Дүниеге қыз бала келеді.  Қаржылық қиын­дыққа тап болған келіншек жаңа туған сәбиін ораулы күйінде па­кетке салып, қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Екі баласын асы­рауға жағдайы әзер жетіп отырған ана үшінші баласына мұндай өмір сыйлағысы келмейді. Баланы қо­­қыс жәшіктерін аралап, ас із­деген азамат тауып алады. Бұл іс бойынша полиция бөлімі Қыл­мыстық кодекстің 119-бабы 1-бө­лігі бойынша «адамды қауіп-қатерде қалдыру» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғайды. 20 шілде күні Октябрь аудандық сотының шешімімен С.М. осы бап бойынша кінәлі деген ұйғарым шығарылды. Сот отырысында прокурор кінәлі анаға айыппұл түрінде шара қол­дануды сұрайды. – Бұл қылмыстық құқықбұзу­шылық қылмыстық теріс қылыққа жатады, ол үшін айыппұл, түзету жұмыстары және қоғамдық жұ­мыстарға тарту түріндегі жаза қа­­растырылған. С.М.-ға жаза та­ғайындау кезінде сот оның бұрын қылмыстық жауапкершілікке тар­тылмағанын, асырауында екі жас баласы бар екенін ескерді. Сот үкімімен оған баптың санкциясы шегінде 20 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл са­лынды, ол 55 560 теңгені құрай­ды, – дейді Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Самал Ниқанбай. Сот үкіміне прокурор шағым бермеген және айыпты азамат та наразылық білдірмеген. Сот үкімі 2020 жылдың 5 тамызында заңды күшіне енді. Бұл оқиға әлеуметтік желілер­де талқыға ұшырады. Туған ана­сының сәбиінен бас тартуы, оған жеңіл жаза тағайындалуы жұрт­шылықтың сынына ұшырады. Осы­ған орай, жаза тағайындаған мекеме түсініктеме берді. Судья­лардың айтуынша, қоғамға қауіп төндірмейтін, болмашы ғана зиян келтірген, сондай-ақ жеке адамға, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтіру қаупін туғызған әрекет қылмыстық те­ріс қылық деп танылады. Ал қыл­мыстық теріс қылыққа айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұ­мыстарға тарту түріндегі жаза көз­­­делген. – Соңғы күндері әлеуметтік желілерде және басқа да ба­сылым­­дарда, телеарналардың жаңа­лық­тарында Қарағанды қа­ласы сот­тарының біріндегі жаңа туған баланы қоқыс жә­ші­гінде қалдырған әйелге қа­тысты шығарған үкімі қызу тал­қылануда. Осыған байланысты түсініктеме бергім келеді. Азамат С.М. Қылмыстық кодекстің 119-бабының 1-бөлігімен көздел­ген «қылмыстық теріс қылық жа­­сағаны үшін» баланы қауіп-қатерге қалдырғаны үшін айыптал­ды. Қазақстанның қолданыстағы Қылмыстық кодексінде қоғамдық қауіптілік және жазаланушылық дәрежесіне қарай Қылмыстық құ­қықбұзушылықтар «қылмыстар» мен «қылмыстық теріс қылықтар» болып бөлінеді. Бұл азаматтың әрекеті қоғамға қауіп төндірмейді, сондай-ақ жаза түрімен ерек­шеленеді. Заң бойынша қылмыс­тық теріс қылық жасағаны үшін бас бостандығын шектеу не­месе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделмеген, – дейді  Қылмыстық істер жөніндегі үйлестіруші судья Еркеш Маукен. Ал қылмыс жасағандар айып­пұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айы­ру немесе өлім жазасына ке­сі­леді.  Ал сот шешімімен көкек ана­ның әрекеті қоғамға қауіп төндірмегендіктен, «қылмыстық теріс қылық» деп бағаланған. Қыл­­мыс пен «қылмыстық теріс қылықтың» жазалау шаралары ер­екшеленеді. Сол себепті баласын тастап кеткен ана жеңіл жазамен құтылды. Оған 55 560 теңге кө­ле­мінде айыппұл салынды. Сот органдары іс қандай бап­пен қозғалса, соның аясында ғана жаза тағайындай алатындарын алға тартып отыр. – Аталған іс бойынша тер­геу Қылмыстық кодекстің 119-ба­бының 1-бөлігі бойынша жүр­гізіліп, азамат С.М. - ға қылмыстық заңның осы бабы бойынша үкім шығарылды.  Әдетте оқырмандар бұл істі тергеу органы немесе осы бап бойынша істі сотқа берген про­курор туралы теріс мақалалар жазбайды, олар бірден сотты кі­нә­лайды. Бірақ сот қылмыстық істі тек айыптау аясында ғана қа­­растыратынын ұмытпауымыз керек, – дейді Еркеш Маукен. Тастанды бала тірі қалған. Қа­зір балалар үйінде.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды қаласы