Мемлекет басшысы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевты қабылдады
Мемлекет басшысы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевты қабылдады
220
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев министрліктің 7 айдағы жұмысының қорытындылары мен елдің отын-энергетика кешенін дамыту перспективалары туралы есебін тыңдады, – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Нұрлан Ноғаев Мемлекет басшысына болашақта Теңіз кенішін кеңейту мен ернеулік қысымды басқару жөніндегі жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндады. Бұл жобалар 2022 жылдың соңына дейін мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай ақ Президентке 2025 жылға дейін мұнайгазхимия саласында жалпы соммасы 15 млрд АҚШ долларын болатын жобалар жүзеге асыру жоспарланғаны туралы ақпарат берілді. Министрдің айтуынша, жыл басынан бері қуаттылығы 432,05 МВттық жаңартылатын қуат көздерінің 15 нысаны іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 260 МВт жаңартылатын қуат көздерінің нысандары пайдалануға берілмек. Нұрлан Ноғаев 1 қыркүйектен бастап саланы цифрландыру бағдарламасы аясында қазба байлықтарды пайдалану құқығы бойынша аукциондарды электронды форматта өткізу жоспарланып отырғанына тоқталды. Бұл конкурстық үдерістердің ашық жүруін қамтамасыз етіп, кәсіпкерлердің шығындарын азайтады. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы энергетика саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.