Бірден айтайық, осы холдингтің өз дерегінше, «Азия Автода» небәрі 638 адам ғана жұмыс істейді. Бүкіл холдингті жұмылдырса, 5 мыңдай адам шығады. Мемлекет басшысына ашықхаттың астына осынша адам қол қойса да жеткілікті болатын. Алайда алпауыт оны қомсынғанға ұқсайды. Содан 2020 жылғы 19-26 тамыз аралығында, бір апта бойы бүкіл қазақстандыққа жүгініп, жалпыұлттық деңгейде қол жинаған. Ақыры 45 мың 959 азаматты өз жағына шығара алыпты. Сонша адамды қалай иліктіргені жұмбақ. Айтқандай, министрлікпен алысқан алпауытты қолдаушылар қатарында белгілі тұлғалар да бар. «Президентке үндеу – мәжбүрлі шара. Холдинг 28 жылдық тарихында алғаш рет салалық министрлікпен қарым-қатынасына Мемлекет басшысының араласуын сұрап отыр. Жағдайды шешудің басқа барлық құралын қолданып көрдік. Сот органдарында әділетті шешімге қол жеткізе алар емеспіз. Министрліктің әрекеті «Азия Авто» жұмысын бұғаттап тастады, бюрократиялық жасанды кедергі туғызды. Бұл зауытты тоқтауға мәжбүрлеуде», – дейді Вера Сухорукова. Ел оны Өскеменнің 1999-2003 жылдардағы әкімі, ІІІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде біледі. Қазіргі уақытта Вера Николаевна – «Азия Авто» АҚ басқарма төрағасының орынбасары. «Мұның қауіпті құбылыс екеніне назар аудартқым келеді. Егер әлдебір бейінді министрлік «мойнына алған міндеттемесін орындамады» деп субсидиядан айырған барлық ірі зауыт-кәсіпорын халықты толқытып, мыңдап қол жинауға көшсе, артында қанша адамның тұрғанын аңғартып, әлдебір сес көрсеткендей, Мемлекет басшысын мазалай берсе, тұрақтылықтан сау-тамтық қалмауы мүмкін. Ендеше бизнесмендер экономикалық мәселелерге саяси реңк беруден бойды аулақ ұстағаны жөн. Бәрін келіссөз арқылы шешуге болады. Тәуелсіздік жылдарында бизнесмендердің, ірі кәсіпорындардың бәрі дерлік мемлекеттің, Елбасының қолдауымен пайда болғаны рас. Сондықтан олардың мемлекеттік органға, яғни мемлекетке қарсы қол жинауы түсініксіз», – дейді саясаттанушы Зейін Сабырқұлов. Осы орайда, Өскемен жақ – шекараға жақын, Ресей мен Қытай секілді алпауыттар көз тіккен өңір екенін де естен шығармаған жөн. Ол мекеннің тыныштығы маңызды.
«Зауытты да, өңірді де қорғаймыз!»
«Біз зауытымыздың тағдыры үшін, біздің өңірдің болашағы үшін, отбасыларымыздың тағдыры үшін күресетін боламыз!» (Мы будем бороться за судьбу нашего завода, за будущее наших регионов, за судьбу наших семей!) деп биік күрескерлік рухын паш етеді кәсіпорын. Дәл осы ұрансөз «Азия Автоның» ресми сайтында орналастырылған. Зауыттың жайы белгілі. Ал бүкіл Шығыс Қазақстан өңірі үшін күресетіндей өңірге қандай зауал келгені беймәлім. Бұл «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобының еңбек ұжымының үндеуі» деп аталғанымен, өзгелерге ашық болды: «холдинг қызметкері болмасам да, төмендегі үндеуді қолдаймын және қол қоямын» делінген онда. Сонымен, петицияға қол қоюшылар нені көксейді? Петиция: «мүдделі тұлғалар тобы ұзақ уақыт бойы Өскемен қаласындағы «Азия Авто» бірінші қазақстандық автомобиль зауытын толық тоқтатуға бағытталған жоспарлы, күйретуші, деструктивті қызметін жалғастырып» жатқанын мәлімдеуден басталады. Бірақ ол топқа кімдер жататыны айтылмайды. Бір байқалғаны, петицияда нақтылық, деректер мен дәйектемелер жоқ. Кімді айыптайтыны жасырын. Жалпы сөздерге құрылған. Байбаламы басым. «Біз және отбасыларымыз бірнеше айдан бері осы белгісіздік ауан-атмосферасында өмір сүрудеміз. Пандемия күрделендірген дағдарыс ахуалында бізді жұмыссыз, тіршілікке қажетті табыссыз қалдырғысы келеді. Егер туындаған мәселелерді шешу үшін автоөнеркәсіп кәсіпорындарына бағытталған мемқолдаудың орындылығын шынайы бағалау, сондай-ақ мемресурстардың бөліну тиімділігін тексеру қажет болса, Сізден, Президент мырза, саладағы барлық кәсіпорындарға жариялы, жаппай, объективті және айқын тексеру жүргізуге бастамашы болуыңызды өтінеміз» деп жазады петицияны құрастырушылар. Сонда олар неден үміттенеді? «Қазіргі кезде жүріп жатқан рейдерлік бассыздық тоқтатылады және жүргізілген талдау саладағы толық көріністі паш етуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Президент мырза, жағдайға Сіздің жеке араласуыңыздан және мәселенің әділ шешілуінен үміттіміз» делінген петицияда.Министрлік жұмыс тауып бере ме?
Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жұмада, 28 тамызда кезекті рет қазақстандықтарға қайырылып, «ақпараттық арандатуларға берілмеуді» сұрады. –Қазіргі уақытта «Азия Авто» компаниялар тобы уәкілетті мемлекеттік органға қысым көрсету мақсатында негізсіз және шындыққа сәйкес келмейтін бірқатар деректі таратуда. Осыған байланысты мынаны хабарлаймыз: Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты да, сондай-ақ апелляциялық сот алқасы да бұрын жасалған келісімдер бойынша «Азия Авто» АҚ, «Азия Авто Қазақстан» АҚ өз міндеттемелерін бірнеше рет бұзғанын анықтады. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2020 жылғы 24 тамыздағы шешіміне сәйкес, 2017 жылғы 7 сәуірдегі Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге 2019 жылғы 4 қарашада жасалған №1 қосымша келісім жарамсыз деп танылды. Ал 2017 жылғы 7 сәуірдегі бастапқы келісімнің күші жойылды, – деді ИИДМ баспасөз қызметі. Ведомствоның түсіндіруінше, соттың бұл шешімдері автозауытты жаппайды. «Азия Автоға» ары қарай жұмысын жүргізіп, көлігін шығара беруіне болады. Бірақ сот үкімі оны мемлекеттік жеңілдіктерден айырды. «Сот шешімі холдинг зауыттарындағы өндіріс пен жұмыс процесін тоқтатпайды. Компания енді мемлекеттік преференцияларсыз-ақ өз жұмысын одан әрі жалғастыра алады. Оның үстіне, «Азия Авто» мен «Азия Авто Қазақстан» Өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім аясында өндірістік қуаттарды салу және пайдалануға беру бөлігіндегі міндеттемелерін толық орындаса, ондай жағдайда уәкілетті орган қайтадан мемлекеттік преференциялар беруді көздейтін жаңа келісім жасау мәселесін қарайтын болады», – деді министрлік. Министрлік «Азия Авто» ұжымына қайырылды: «Холдинг кәсіпорындарының қызметкерлерін қосымша хабардар етеміз: егер сіздерді жаппай негізсіз жұмыстан босатуға барса, ол деректерді тексеруі үшін мемлекеттік еңбек инспекциясына өтініш беруіңізді сұраймыз. Сондай-ақ біздің министрлік қолдау көрсетіп, машина жасау саласының мамандарын еліміздің басқа кәсіпорындарына жұмысқа орналастыратынына кепілдік береді. Өйткені қазіргі уақытта осы салада мамандар тапшылығы байқалады», – деді ИИДМ.Бейбіт неге «соғыс» ашты?
Ұзын сөздің ырғасы сол, «Бипэк Авто – Азия Авто» компаниялар тобы жеңілдік-преференциялардың жойылуы зауыттың тоқтауына әкеліп соқтырады дейді. Ал министрлік келісімді бұзбауға амал қалмағанын, себебі «Азия Авто» 10 жыл бұрынғы уәдесін де орындамағанын алға тартады. Қазақстанда екі ірі автозауыт бар екені белгілі: бұлар – Қостанайдағы «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» және Өскемендегі «Азия Авто». Екеуі де шетелдік (Ресей, Қытай, Корея, Франция, Чехия) көліктерді шашылған күйде тасып, елде құрастырумен шұғылданады. Үкімет олардан жергілікті мазмұнды арттыруды, мысалы автомобильдің шанақ-кузовын өз елімізде жасайтын және оны бояйтын цехын іске қосуды талап етіп келеді. Солай жасауға қос зауыт та сөз берген. Оны орындау үшін шикізат өз елімізде жетіп артылады. Тек ынта болса. Аты – қазақстандық, тегі – импорт «отандық көліктерге» Үкімет ұзақ уақыт жүйелі әрі жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, меморгандарға шетелден «темір тұлпар» алғызуына тыйым салынып, жергілікті қос зауыттың монополиясы енгізілді. Алайда шыдамның да шегі бар. Өскемендегі кәсіпорын биылғы 11 сәуірде Индустрия министрлігінен өзара келісімнің бұзылатыны туралы хат алған. Айғай-шу сонда басталды. Компаниялар тобының басшысы алдымен Үкімет басшысы Асқар Маминге және Парламент депутаттарына бейнеүндеу жолдады. – Коронавирус пандемиясы және дағдарыс кезінде бізге қарсы жау пиғылды қарекеттердің қолға алынуы кездейсоқ емес. Әлдекім төтенше жағдайды пайдаланып, нарықты монополияландырғысы келеді, – деп тұспалдады «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры Ержан Мандиев. Мұны министрлік жоққа шығарады. Оның дерегінше, «Азия Авто» 2010 жылғы 24 маусымда мемлекетпен келісімге отырып, 7 жыл ішінде, яғни 2017 жылдың 1 маусымында көлік шанағын дәнекерлейтін және бояйтын технологиялық құрылғыны іске қосуға міндеттелді. Берілген мерзім өтті, міндеттеме орындалмады. Министрлік сонда жұмсақтық танытып, 2017 жылғы 7 сәуірде қосымша келісім жасасып, ескі міндеттемені орындау мерзімін 2019 жылғы 1 желтоқсанға дейін созды. Ол меже артта қалды. «Азия Авто» 2012 жылғы 19 желтоқсанда өзіне қоса жаңа «Азия Авто Қазақстан» АҚ компаниясын құрады. Арада бір аптадай уақыт өткенде, 28 желтоқсанда жаңа кәсіпорны да министрлікпен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге отырады. Оған сәйкес, 2019 жылдың 1 желтоқсанына қарай ол көліктің шанағын дәнекерлеу және бояу цехын ашуы тиіс болды. Бұл уәде де босқа «сүрленіп» жата берді. 2020 жылғы сәуірде жылдық есеп түскенде тұтас құрлықтың атауын иеленген қос кәсіпорын міндеттемелерін ақыры орындамағаны расталды. Содан кейін Бейбіт Атамқұловтың ұжымы «бейбіт саясатын» тыйып, пәрменді шараларға, тегеурінді қимылға көшті, өз ісіне салғырт инвесторларды сотқа берді.Шегінерге жол жоқ, артымызда ЕАЭО
Негізі, «Азия Авто» тоқтап қалғанның өзінде нарық тоқырауға ұшырамайды. Ол негізінен кеңестік-ресейлік Lada мен УАЗ көліктерін шығаруға маманданған. Бұған қоса, корейдің KIA және чехтардың Skoda маркалы автомобильдерін құрастырады. Осы өнімдерін арзан, қолжетімді деу қиын: мысалы, жаңа Kia Sorento бағасы 15,1 миллионнан басталады. Ал Skoda Superb седаны 13,1 миллион теңгеге сатылуда. Мемлекет «Азия Авто» өнімін сатып алуды ынталандыру мақсатында зауыт клиенттеріне бюджеттен 4% жеңіл кредит ұсынып отыр. Осыдан кейін компанияның Үкіметке реніші орынсыз. Индустрия министрлігі елімізде көлік құрастыратын өзге кәсіпорындардың ашылуына ықпал етуде. ИИДМ осыған ниет еткен 10 кәсіпорынмен 19 келісім бекіткен (арасында «Азия Авто» да болды). Меморганның сендіруінше, өзгелері міндеттемелерін кестеге сай орындауда. Қолдау ретінде олар қосылған құн салығынан, кедендік төлемдерден босатылады. Утилизациялық алымы қайтарылады. Нәтижесінде 2019 жылы Қазақстанда жалпы құны 359,5 млрд теңге тұратын 50 мыңнан астам көлік шығарылды. Өндіріс 62,5%-ға өсті. Соның ішінде «Сарыарқаавтоөнеркәсіп» – 25 мың 802 (жеңіл, жүк автокөліктері, автобустар мен арнаулы техника), «Азия Авто» – 20 мың, «СемАЗ» кәсіпорны – 1 мың 851 (жүк көлігі, автобустар, ГАЗель), «КамАЗ-Инжиниринг» ЖШС зауыты – 994, Hyundai Trans Auto ЖШС – 496 (автобустар, жүк техникасы) және Daewoo Bus Kazakhstan зауыты – 496 (автобустар, ГАЗель Next) көлік құрастырды. Қалай болғанда, министрліктің жауапсыз компаниялармен мәмілесін үзбеске амалы жоқ. Мұны Еуразиялық одақ талап етіп отыр. Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы №72 шешіміне сәйкес, одаққа мүше елдер шетелдік көліктерді жай «отверткамен» құрастыра салумен шектелмеуі, оның көп бөлігін өзінде жасауы шарт. Әйтпесе, ол өнімі «отандық» деп танылмайды, тиісінше ЕАЭО аясында шетелдік өнім, реэкспорт мәртебесіне ие болып, жеңілдіктен айырылады. Бұл шектеудің ақырғы мерзімі белгілі – 2020 жылғы 31 желтоқсан. Министрліктің шанақ пен бояу үшін шайқасып, жүз шайысып жатқаны да содан. Ол Қазақстанда құрастырылатын көліктегі жергілікті мазмұнды 50%-ға шамалы болса да жуықтатуға мүмкіндік берер еді.Елдос СЕНБАЙ