«Ауыл халқының тіршілігін қаламен теңестіруге болады» – Алмасбек Садырбаев
«Ауыл халқының тіршілігін қаламен теңестіруге болады»  – Алмасбек Садырбаев
285
оқылды
– Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын жасауға сіз бас­қа­ратын қауымдастық ұйытқы бо­лып­ты, тіпті қаржысын да төлеген көрі­неді. Қой шаруашылығы үшін жеке бағдарлама жасауға не себеп болды? – Елімізде қой шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеуге біздің қауымдастық бас­тамашы болды. Себебі бұған дейін соңғы отыз жылда мұндай бағ­дарлама мүлдем болған емес. Мал шаруашылығын дамыту бағ­дар­ламасынан қой шаруашы­лығы мәселесіне жеке бөлім ғана арналып келді. Ал мемлекеттік органдар ірі қара мал етін экспортқа шығарамыз деп бір бағытта жұмыс істеп кетті. Салдарынан қой шаруашылығы кенжелеп қалды. Сондықтан біз жеке бағдарлама жасауды жөн көр­дік. Бағдарлама жасалды. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі қабыл­дап, салалық мемлекеттік бағдар­лама ретінде рәсімделіп жатыр. Өңір­­лермен келісімге келу саты­сынан өтіп, басқа да министр­ліктермен, халықаралық ұйымдар­мен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Енді қой шаруашылығын дамыту, селек­циялау, түрлендіру жұмысы – бәрі бағдарлама шеңберінде жүреді. Бағдарламаны жасауға Респуб­ликалық қой палатасы мен ғылыми-зерттеу институттары, ғалымдар мен форсайт мамандары көмек­тескенін атап айтқым келеді. – Бағдарламада қой шаруа­шы­лығын азық-түлік және тоқыма ин­дустриясымен интеграциялау ар­қы­лы жылына 17 млрд АҚШ долла­рына бағаланатын өнім түрлерін өндіру туралы айтылыпты. Бұған әлеуетіміз жете ме? – Әрине, бұл міндетті орындауға еліміздің әлеуеті толық жетеді. Се­бебі Қазақстанда 187 млн гектар мал жайылымы бар. Шалғайдағы 60 млн гектар жайылым пайдаланыл­май тұр. Президент Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне жер рефор­масы бойынша ұсыныстар әзірлеуге тиіс комиссияны қайта құруға тап­­­­­­сырма бергенін білесіздер. Қауым­­­­дастық осы комиссия құ­рамы­на кірмек. Аудан әкімдері жердің алып­сата­рына айналып кетті, ал біз осы жағ­­дайды өзгертіп, жерге қазақ фер­­мерлерінің ие бол­ғанын қалай­мыз. Себебі Қазақ­стан – мал шаруа­шылығын дамы­туға қолайлы са­наулы мемлекеттің бірі. Жер қо­рын қоса есептегенде, ауыл шару­ашы­лығы мақсатындағы жердің жалпы аумағы 206 миллион гек­тарды құ­райды. Осындай ұлан-ғайыр ау­мақта мал санын көбейтуге әбден болады. Мысалы, ұсақ мал – 49,2 млн бас, ешкі – 6,8 млн бас, ірі қара – 21,5 млн бас, жылқы – 7,9 млн бас, түйе – 0,6 млн бас, үй құстары – 128-130 млн бас, шошқа 2,4 млн басқа жете алады. Соның ішінде қой шаруашылығын азық-түлік және тоқыма индустрия­лары­мен интеграциялау арқылы жылына 17 млрд АҚШ долларына бағала­натын жиынтық өнім өнді­руге, жылдық экспорт айналымын ке­мінде 2 млрд АҚШ долларына жет­кізуге болады. Бұл – жан-жақты есептелген, зерттелген болжам. – Бірақ қой түлігінің 60 пайыздан астамы жеке шаруашылықтарда шо­ғырланғанын ескеру керек. Ауыл­да қойды асылдандыратын маман да тап­шы, жайылым мәселесі тағы бар дегендей... – Рас, мал шаруашылығының 60 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтың қолында. Әзірге өнімді беріп отырған да – солар. Сонша мал елдің қолында болған­нан кейін оған әрине түрлендіру жұмысы керек. Бірақ ондай шағын шаруашылықтармен жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан біздің бағдарламамызда келісімшарттық фермерлікті немесе кооперация арқы­лы малды түрлендіру, асылдан­дыру жұмыстарын жүргізіп, 60-70 пайыз малдың өнімділігін артты­руды көздеп отырмыз. Әрине, бұған қаражат жағынан тапшылық бар, қалғаны реттеледі деп ойлай­мын. Ауылдағы ағайынға неше жыл­дан бері малды асылдандыру, малды түрлендіру жұмыстары жүрмей келгендіктен, мал ұсақталып кетті, сиырымыз ешкі, ешкіміз лаққа айналған заманға жеттік. Бұған жайылымдардың пайдаланылмауы да ықпал етті. Оның үстіне, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма ин­­дустрия­ларымен арадағы интег­ра­­­ция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы да жоқ. Ал оны қалпына келтіру үшін әуелі мал басын көбейту қажет. Сондықтан біз қой санын қазіргі 18 миллион бастан 10 жыл ішінде 36 млн басқа жеткізуді жоспарладық. Бұл – 7 пайыз өсім деген сөз. Ал қазіргі өсім 3-4 пайыз ғана. Егер мемлекет бізді дер кезінде қолдаса, бірлесе қаржы­ландыру мәселесі шешілсе, «Қаза­гро­ның» кепілдік саясаты өзгерсе, аталған мақсатқа ерте жете­­міз деп ойлаймын. Әсіресе, пандемия кезінде мал ұстау – тиімді, түрлі сыртқы ықпалдардан тәуелсіз шаруа­шылық екенін ел түсіне бастады. – Күн өткен сайын еттің бағасы қарыштап барады. Мұны сиыр етін экспортқа шығарамыз деген жоспарға байланысты деушілер бар. Олай бол­са, ішкі нарықты етпен қамта­масыз етуде қой өсірушілерге мүмкін­дік туып тұр. Қой шаруашылығы бұл мүмкіндікті қалай пайдаланып жа­тыр? – Бүгінгі таңда қой етімен ішкі нарық 102 пайызға қамтамасыз етіліп отыр. Ұсыныс сұранысты артығымен жапты деуге болады. Әлгінде айтқанымдай, қой басын 36 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Себебі қой шаруашылығы өнімдерінің әлемдік экспорты 20 млрд АҚШ долларына жеткен. Әлемдік қой етінің нарығы былтыр 335 млн тоннаға жетсе, Экономи­калық ынтымақтастық пен даму ұйымының болжамына сәйкес, 2030 жылы 339 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстан жылына 375-400 мың тонна қой етін өндіре алады. Біз 2030 жылға қарай жылы­на 375-400 мың тонна қой етін, 80 мың тонна жүн, 12,5 млн бірлік қой терісін, 260 мың қаракөл елтерісін өндіруге жеткізуді көздеп отырмыз. koi osiry Отандық терең өңдеу саласымен жақын интеграцияланған жағдайда қой шаруашылығы еліміздегі экс­портқа бағытталған ірі ин­дустрия­ға айнала алады. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлерде 1 420 000 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Ол үшін ауылдарда қол­же­тімді баспаналар тұрғызу қажет. Әлеуметтік тұрмыстық инфра­құры­лымды агроқала­шықтарды дамыту маңызды. Ауылдарда мектеп-ин­тернаттар салу, жеке қо­сал­қы шаруа­­шы­лықтарға арнал­ған фер­мерлік мектептер ашу, орта тех­никалық білім беру жүйесін дамыту, ғылым, жоғары білім және шаруа­шылық­тардың байланысы арқылы еңбек өнімділігін арттыру қажет. Біз бағдарламада осыларды жос­пар­ладық. Бағдарламаны жүзе­ге асы­руға Ауыл шаруашылығы ми­­­нистр­­лігі ғана емес, жұмыспен қамту, эко­­­ло­гия және білім беру салалары да қатысуы керек. Яғни, бізді алда Үкіметпен бірлескен үлкен жұмыс күтіп тұр. – Сіз айтқан жоспарды жүзеге асыру үшін инвестиция қажет. Ал қой шаруашылығына инвестор ке­леді деп ойлайсыз ба? – Білесіз бе, қой шаруа­шы­лығы – мал шаруашылығы ішінде инвес­тициялық жағынан ең тиімді сала. Егер әлемде мал шаруашылы­ғында инвестициялық тартымды­лығы жағынан бірінші орында құс өсіру, екінші орында шошқа өндіру тұрса, бұл екеуі біздің елде жүр­мейді, ал үшінші орында қой шаруа­шылығы тұр. Төртінші орын­да жылқы, бесінші орында ғана сиыр шаруа­шы­лығы тұр. Бұл менің сөзім емес, Дүниежүзілік банк жасаған рейтинг нәтижесі. Сон­дық­тан егер инвестор келсе, бірінші қой шаруашылығын таң­дайды. Қазақ «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп тегін айтпаған. Қой шаруа­шы­лығының жылдық қайтарымы, өсімталдығы өте жақсы. Сондықтан қой шаруашылығына инвестор келеді деген есеппен бағдарлама шеңберінде бірнеше инвести­циялық жоба ұсынып отырмыз. Оның ішінде бір ауысымда 300 ұсақ малға есептелген ет комбинаты, бір уақытта кемінде 5 мың мал сыятын мал бордақылау алаңы мен қуаты тәулігіне 300 бас ұсақ малды құрай­тын ет өңдеу кәсіпорындарын құру сияқты жобалар бар. – Жасыратыны жоқ, елімізде ата кәсібіміз – қой бағуды қор санай­тындар көп. Мұндайда бұл шаруа­шы­лықты дамыту қалай жү­зеге асар екен деген күдік те жоқ емес. Қойшы мәртебесін көтергіңіз келгеннен бо­лар, өзіңізді қайда жүрсеңіз де, «қой­шымын» деп таныстырасыз. Елімізде қойшы мәртебесін көтеру үшін не істеу керек? – Иә, қой бағуға көбісі намыс­танады, ұялады, мен соларға өзімді қойшы ретінде таныстыра­мын. Қойшы да мұғалім, дәрігер, ға­рыш­кер сияқты маман екенін тү­сінсе деймін. Осы қой шаруа­шылығын жүргізу үшін мемле­кеттік қызметті де тастап кеттім. Ал қойшы мәрт­бесін қалай көте­реміз? Ол үшін қой шаруа­шы­лы­ғына жаңа техноло­гиялар әкел­ген жөн. Қойшының айлығы жақсы болуы керек. Қой­шының баққан малы сапалы, пай­дасы мол болса да мәртебесі кө­теріледі. Біз ауылдарда жаппай жұмыс_пен қамту үшін жайылымдық қой өсірушілер мәртебесін көтеруді ұсындық. Қойшы мәртебесін көте­ріп, жайылымдық мал шару­а­шы­лығына мамандар тартып, оларды ұстап қалу үшін «Агро­өнер­кәсіптік кешенді және ауыл­дық аумақтарды дамытуды мем­лекеттік реттеу ту­ралы» заң­ның 18-бабына түзету енгізу ұсы­нылды. Ол түзетуге сәй­кес, жайы­­­­­­лымдық мал шаруа­шы­лығы субъектілерінің жалдама­лы қыз­мет­керлері мен мың бас малы бар жеке және кооперативтік қой­шы­ларға жеңілдіктер ұсыны­лады. Қазіргі қойшыларға қатысты жеңілдіктерді қайта қалпына келті­ру үшін бағдарлама авторлары ҚазақКСР үкіметінің 1991 жылғы қаулысын негізге алуды ұсынды. Соған сәйкес, қой шаруашы­лы­ғымен айналысатын ер азамат­тарға – 55 жаста, кемінде 25 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 12 жыл 6 ай аталған жұмыста істе­ген болса, ал әйелдерге – 50 жасқа шыққанда және кемінде 20 жыл жұмыс өтілі, оның ішінде кемінде 10 аталған жұмыста істеген болса, зейнет демалысына жіберіледі. Олар жұмыс істеген кезде жайылым учаскесінде қосалқы жайлары бар қызметтік баспананы тегін алады. Шаруа­шылықтың немесе жергі­лікті бюджеттің қаражаты есебінен үй салып беру, бұл нысан мал шаруа­­­­шылығында 10 жыл жұмыс істе­геннен кейін қызметкердің же­ке меншігіне беріледі. Жас қойшы отбасыларына және жайы­лымдық мал шаруашы­лығы­ның басқа да қызметкерлеріне (30 жасқа дейінгі) жеке қосалқы шаруа­шы­лығын құ­руы­на арнап тегін бір сиыр мен 10 қой беру және алғашқы бір жылда жемшөппен қолдау, жанар-жағар­май, коммуналдық қызметтер мен электр қуатының төлемдерінен бо­сату. Бағдарлама жүзеге асса, кәсіби білікті 606 582 маман, оның ішінде жоғары білімді инженерлік-тех­никалық қызметкер маман­дардан 6 790 адам және техникалық-кәсіптік білімі бар 599 792 маман, сондай-ақ 600-800 мың қара жұ­мысшы жұмыспен қамтылады. Жем­шөп дайындаудан бастап, дайын өнім өндіруге дейінгі сала­лық жалпы еңбек нарығында айына 350-400 АҚШ долларына дейінгі ең төменгі жалақымен 1,2 млн жұмыс орны құрылады.  

Ауылдағы ағайынға неше жылдан бері малды асыл­дандыру, малды түрлендіру жұмыстары жүрмей келгендіктен, мал ұсақталып кетті, сиырымыз ешкі, ешкіміз лаққа айналған заманға жеттік. Бұған жайылымдардың пайдаланылмауы да ықпал етті. Оның үстіне, қой шаруашылығы мен оның өнімін тұтынушы азық-түлік және тоқыма индустрия­ларымен арадағы интеграция жойылған, шикізат дайындау инфрақұрылымы да жоқ. Ал оны қалпына келтіру үшін әуелі мал басын көбейту қажет.

  Жоғары сапалы тұрмыстық және еңбек ету жағдайын қамтама­сыз ете отырып, халықтың 32 пайы­зы ауылдық жерлерде тұрақтап қала­ды. Жұмыс күші ауылдық жер­лерге қайта оралады, ал ауыл хал­қының тіршілігі қала тұрғын­дарымен теңеседі. – Жуырда Шотландияда 6 ай­лық тексель сұрыпты қошқар 365 000 фунт-стерлингке (200 млн теңге) сатылғаны туралы ақпарат тарады. Ал бізде 200 млн демей-ақ қойдым, 2 млн теңгеге бағаланатын қошқар бар ма? – Әрине, бар, біз бірінші аук­ционымызда бір қошқарды 1 300 000 тең­геге өткіздік, сопақ бас деген аты болған. Тағы бір қош­қарымызды 1 400 000 теңгеге сұрап жатыр, мен оны бағасын көтеріңдер деп бермей жүрмін. Ондай малды асырауға мүмкіндік бар, қолдан келеді. – Келесі жылы ауыл шаруа­шы­лығы мақсатындағы жерлерді пай­далану мәселесі бойынша Жер ко­дексіне енгізілген мораторий күшін жояды. Осыған орай, Пре­зидент жол­дауында «Жеріміз ше­тел­діктерге сатылмайды», – деді. Ал қазақ­стан­дықтарға сатыла ма, жоқ па де­ген мәселе ашық қалды. Сіздің пікіріңізді білсек... қазақ шаруасына жер саты­луы керек пе? – Президенттің жерді шетел­діктерге жекеменшікке беруге бол­майды дегенімен толық келі­семін. Бірақ қазақ шаруаларына мал­мен айналысу үшін нақты құрал керек, сол құрал – жер. Жерді пайдалану керек, әйтпесе жеріміз бос қалады. Ауылдан соңғы 10 жылда 1 млн адам көшіп кетті, 1 500 ауыл босап қалды. Бұл – дабыл қағарлық жағ­дай. Сондықтан да ауыл-аймақ пен ұлан-байтақ жеріміз бос қалмауы үшін, сол жерде қазақ қалатын амал жасауымыз керек. Ол амал – же­кеменшік құқығы, егер жеке­мен­шік құқығы болса жерге, шаруа сол жерде қалады. «Кісідегінің кілті – аспанда» болғандықтан да, қазақ шаруасы жерге қол жеткізе алмай отыр. Өйткені жерді әкім-қаралар, жер комиссиясы бөліп береді. Ал жердің қалай бөлінетініне қатысты мә­селе көп. Әкім-қаралардың туыс-туғандарынан артылмайды да, қазақ шаруасы қағыс қалады. Қазақ шаруа­сы ешкімге тәуелді болмауы керек, ал тәуелсіздік де­геніміз – дербестік, жекеменшік. Сон­дықтан қазақ шаруасында жекеменшік болуы керек деп санай­­мын. – Мұхтар Тайжанмен болған пі­­­­кір­­­таласта бір-біріңізді латифун­дистердің өкілі деп айыптадыңыздар. Сіз «жер – қазақтыкі» дедіңіз, Мұх­­тар мырза «жер – халықтыкі» деді, екеуіңіздің айтып отырғаныңыз бір халық емес пе? Сосын сіз латифун­диске жатасыз ба? – Біріншіден, мен латифун­диске жатпаймын, қара­пайым қой­шымын. Екіншіден, екеуміздің ай­тып отырғанымыз – екі халық, ол кімнің салығын жеңілдетті, жер­ді кімнің арендаға алуына мүм­кіндік жасады – міне, сол адам­дарды айтып отыр. Ол сол адамдарға мың, миллион гектар жерді жалға алып бермекші, олар – басқа қа­зақтар. Ал менің айтқаным – қа­зақтың нақты шаруалары. Мұх­тар Тайжан мен сияқты қазақ шаруа­ларын адам құрлы көрмейді, ол қазақ шаруалары субсидия алудан басқаны білмейтіндер деп санайды. Бәлкім, оның айнала­сындағы адамдар сондай шығар. Ал мен сізге айтайын, нағыз қазақ шаруала­рының оннан бірі ғана субсидияға қол жеткізіп отыр. – Сіз «қазақ шаруасы» деген сөз­ді жиі қолданасыз. Сол қазақ шаруа­сының портретін жасап бе­ріңізші, ол қандай шаруа? Оның латифундистен қандай айырмашы­лығы бар? – Қазақтың шаруасы жалға алған ары кетсе 100 гектар суармалы жері бар, 200 гектардай тәлім жері, 300-400 гектар мал жаятын жері бар шаруа. Мен айтып жүрген қазақ шаруасының бейнесі – осы. Ал субсидия алып жатқан, жүздеген мың гектар жері барлар қазақтың шаруасы емес, олар үлкен агроқұ­рылымдар. Оларға да ары кеткенде 500-1000 гектар жерді жекемен­шікке беруге болады. Өйткені олар да жерге қаржысын салады, үлкен құрылыс тұрғызады. Олар да осы елдің аза­маттары, үлкен көлемде салық төлеп, экономиканың да­муы­на үлес қосып жатыр. Бүгін олардың жалға алып отырған 500 мың – 1 млн гектар жерін басы бүтін жекеменшікке беруге бол­майды. Көп дегенде 1 мың гектар жер беруге болады. Қазақтың шаруасында қолы әрең жеткен бір тракторы бар, оны алам деп қарызға батып қалған. Қазақтың кей шаруасында трактор да жоқ. Бірақ жер емейін деген ниеті бар, ауыртпашылықтарға қара­мастан, қазақ жерін қорып жүр. Жерден өнім алып, елді асы­рауға үлес қосып отыр. Міне, осы шаруа­ларға жер керек. Оларға бере­тін жер жоқ дегенмен келіс­пеймін. Жо­ғарыда Қазақ­стандағы ауыл шаруа­шылығы мақса­тындағы жер­дің көлемі 206 млн гектар дедім ғой, міне соның 101 миллион гектары ғана игеріліп жатыр. Сонда 50 пайыздан астам жер игерілмей тұр. Сондықтан қазақ шаруасына беретін жер жоқ деген сөз айтыл­мауы керек. Ол қандай жер, қай жақта, оны қалай алуға болады, ол екінші мәселе. Анығы сол, игеріл­мей жатқан жер жетеді. Сол жердің игілігін ел болып көруіміз керек.  

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ