Сыр өңірінде су мәселесі шешілмек
Сыр өңірінде су мәселесі шешілмек
275
оқылды
Өткен ғасырдың 50-жылдары пайдалануға берілген Қызылорда су торабы соңғы жылдары апаттық жағдайда тұр,күрделі жөндеуді қа­жет етеді.Нысан бұзылса, онда өңірдегі 38 елді мекенді су ба­су қаупі бар. Сонымен бірге об­лыстың 3 ауданы, Қызылорда қа­­ла­сы аумағындағы 110 мың гек­тар суармалы, 250 мың гектар шабындық, жайылымдық жер су­­сыз қалады. Қауіп жыл өткен са­­­йын күшейе бермек. Сәуір айында болған Үкімет отырысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова су торабын жаңғыр­ту жұмыстары тезірек басталмаса, қауіп күшейетінін айтқан еді. – Жобаның құны – 3,2 млрд теңге. Бұл жөнінде мемлекеттік са­раптама бар. Енді жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2 жыл болғандықтан, ол жол картасына кірмей қалды. Өйткені ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. Сол себепті бірден 2 жылды қамтитын қомақты қаражат қарастыруымыз қажет. Сонымен қатар бұл жер­де маусымдық мәселе бар. Мы­са­лы, егін егу, егін жинау кезін­де жұмыс істей алмаймыз. Тек күз­де, егін біт­кеннен кейін бас­тауымызға бо­лады, – деген еді өңір басшысы. Міне, енді осындай табандылықтың нәтижесінде Қы­зыл­орда облысын дамыту бойынша 100 млрд теңге көлемінде экономикалық көмек жа­салатын болды.  Қызылорда облысын дамыту мәселелері жө­нін­дегі жұмыс тобы 79 жобаға қол­­­дау болатынын хабарлаған бо­латын. Осы қолдау аясында 2020-2022 жылдар ішінде облыста 80-ге жуық іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Экономиканың дамуы және басқа да маңызды міндеттермен қатар халықты толғандыратын ең өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. Тұрғын үй, су,  газ, жылу, электрмен жабдықтау және жол жөндеу секілді көптеген жоба іске асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту шараларының арасында облысты газдандыру мен көліктік инфрақұрылымын жетілдіру бар. Транспорттық ин­фра­құрылымды дамыту ая­сын­да 2022 жылға қарай жақ­сы және қа­нағаттанарлық жағдай­дағы ав­то­жолдардың санын 72 пайызға дейін жеткізу жоспар­ланып отыр. 2018 жылы бұл көр­сеткіш 63,5 пайыз болғанын атап өткен жөн. Бүгінгі жағдай  халықтың әлеу­меттік осал топтарына жататын отбасыларына қатысты көптеген проблемаларды ашып көрсетті. Облыста 34,7 мың оқушыға  компьютер, ноутбук, планшет және модем секілді  компьютерлік техникалар сатып алу көзделіп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беруді және шағын несиелен­діруді арттыру жобасы облыста кәсіпкерліктің дамуына оң әсер берді. Егін шаруашылығы үшін суармалы алқаптардың маңызы ерекше. Мемлекет қолдау көрсетіп отырған жобалар қатарында «Кү­міскеткен» және «Қараөзек» су қой­маларын жаңғырту, сондай-ақ ирригациялық жүйелерді жетілдіру шаралары бар. Қыс мезгілінде тоғандарға жинап алынған су жаз айында егістікке жіберіледі. Ал «Көкарал» бөгетінде атқарылар жұмыс – балық шаруашылығымен айналысатындар үшін қуанышты жаңалық.  Ол экологтардың, сондай-ақ төтенше жағдай қыз­метіндегілер көңілінен шығатын шара екені де даусыз. Оларды іске асыру 8 мыңға тарта жұмыс орнын құ­руға, салық  базасын кеңейтуге және ең бастысы жалпы өңір­лік өнімнің 1 пайыздан астам өсуі­не мүмкіндік береді. Жалпы, Үкіметте мақұлданған жобалар өңір тарихындағы елеулі жаңа­лықтармен айшықталмақ. Мә­селен, ауданнан шалғай ор­на­ласқан Ақбасты, Тоқабай, Абай және Төретам, Жанқожа батыр, Майдакөл ауылдарын су­мен жабдықтауды жүзеге асыру халықтың тұрмыс-тіршілігін жаңа деңгейге көтеру деп білген жөн. Қысқасы, облыста маңызды деген міндеттерге мықтап көңіл бөлініп отыр. Өңірді дамытуға ба­ғытталған жобалар тура­лы алдағы уақытта да оқырманға жеткізетін боламыз.  

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы