Қазақстанда кейбір өңірлер, ал елордада бірқатар мектептер қысқа дайын емес. Демек, сол облыстар тұрғындарына және астаналық оқушыларға қақаған қыста қатты тоңу қаупі төнуде. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына қатысты алаңдатарлық мәліметтер жария етілді.
Энергетика министрінің бірінші орынбасары Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, жалпы алғанда, Қазақстанның «Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі» штаттық режимде жұмыс істеуде. 2019 жылдың 19 қыркүйегіндегі жағдай бойынша еліміз жыл басынан бері 73,1 миллиард кВт/сағат электр энергиясын тұтыныпты. Бұл өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда 1,7%-ға артық. Осы көрсеткіштер қыс кезінде, айнала ақтүтек боранға бөленіп, ақшұнақ аяз қысқанда еселеп артады. Себебі тұрғындар тіпті қалада да қосымша жылу болсын деп электр пештерін қосады. Үстемеленген жүктемені көтеруге сала дайын ба?
– Бүгінде 11 энергоблоктың бесеуінде жөндеу жүргізілді, бұл жылдық көлемнің небары 45%-ын құрайды. 63 қазандықтың 40-ы жөнделді. Бұл – жылдық көлемнің тек 63%-ы. Бұған қоса, 46 турбинаның тең жартысы – 23-і жөнделді. 4 энергия блогында, 28 қазандықта және 18 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деді М.Досмұхамбетов.
Ал «Қазгидромет» болса, осы аптадан бастап, республиканың көп жерлерінде күн күрт суытып, ызғар үстемдік құратынын болжайды.
Электр желілері бойынша 21 мың шақырымдық электр беру желісі мен 1 152 шағын станса жөндеуден өткен. Бұл жылдық жоспардың тиісінше 84% және 92%-ына тең.
Бірінші вице-министр бірқатар өңірлер жөндеу кестесін сақтамай, кешігіп қалғанын жеткізді.
– Павлодар облысында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорацияның» электр стансасының №8 блогында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Жөндеу тек 24 қазанда аяқталмақ. Сондай-ақ осы корпорацияның электр стансасының №5 блогында да күрделі жөндеу жұмыстары тәмамдалмай тұр. Негізгі себеп – мердігер компанияның шарттық міндеттемелерін орындамауы. Жөндеу 30 маусымда бітеді деп жоспарланған болатын. Енді бұл мерзім 30 қазанға ысырылып отыр. Соның салдарынан биылғы 1 қыркүйекте басталуға тиісті №6 блоктың күрделі жөндеуіне олар кіріскен де жоқ, – деді ол.
Алатау бөктеріндегі мегаполистің де қыста жаурау қаупі бар. «Алматы электр стансалары» АҚ-ның ЖЭО-2-сінде №4 қазандықтың жөндеу жұмыстары аяғына дейін жеткізілмеген. Жөндеу 29 қыркүйекте аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, М.Досмұхамбетов отынмен қамтамасыз ету қандай деңгейде екеніне де тоқталды. Биылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша электр және жылу өндіруші стансалар мен орталықтар қоймасында 4 миллион тонна көмір қоры үйіліп жатыр. Бұл былтырғы көлемнен 15%-ға артық. Сонымен бірге оларда 101,9 мың тонна мазут қордаланған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 23%-ға көп.
Энергетика министрлігі 277 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітіп, өңірлерге бағыттаған. Арзандатылған мазуттың бағасы әр тонна үшін 100 мың теңге тұрады.
– Біздің министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдағы жылыту маусымы тұрақты, қалыпты өтуі үшін тиісті жұмыс жүргізуде. Өңірлер әкімдіктері энергия көздеріндегі жоспарланған барлық жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды бақылауға алуы қажет, – деп түйді М.Досмұхамбетов.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өз ведомствосы жылыту маусымына дайындық мақсатында 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекіткенін еске салды. Оған сәйкес барлық өңірлер әкімдіктері 2019 жылдың 15 қазанына дейін бүкіл нысандарды толық дайындауға әрі халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарды отын қорымен қамтамасыз етуге тиіс болған. Ал жөндеу жұмыстарының кей нысандарда қазан айының соңына дейін ұласатынын ескерсек, бұл жоспардың толық орындала қоймайтыны аңғарылады.
Министр әлеуметтік нысандар жайынан да құлағдар етті.
– 10 967 білім беру нысаны немесе 99,6%-ы дайын. Мектептерді 1 қыркүйекке дейін әзір ету жоспарланған болатын. Алайда үш өңір дайын емес. Бұлар – Нұр-Сұлтан қаласы (97,7 пайыз), БҚО (99,5 пайыз), Атырау облысы (99,5 пайыз). 5 936 денсаулық сақтау нысанын әзір ету жоспарланған. Соның 5 921-і немесе 99,7%-ы дайын. Дайындығы төмен өңірлер қатарында Атырау облысы – 95,2 пайыз, Ақтөбе облысы – 98,9 пайыз, БҚО – 99 пайыз, – деді Б.Атамқұлов.
Қазақстанда орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 46 809 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары жоспарланған-тын. Соның іс жүзінде тек 45 908-ы немесе 98,1 пайызы жөнделген. Министр тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау бойынша бірқатар өңірде жұмыс қарқыны төмен екенін мәлімдеді. Мысалы, БҚО-да – 84,5%, Түркістан облысында – 94,9%, Шымкент қаласында – 90,7%.
Жергілікті әкімқаралар халықтың өмірін қауіпсіз ету үшін қазандықтарды ғимараттардан аулақ әкету жөніндегі міндетті де орындамай отырған көрінеді. Бұл шара 2017 жылдың басында Шахтинск қаласының Шахан кентінде жылу қазандығы жарылғаннан кейін қолға алынған болатын. Сонда бірнеше адам қаза тауып, бесқабатты үйдің бір жағы түгел құлап қалған. Ізінше тұрғын үйлер, мектептер мен ауруханалар ішіндегі қазандықтарды аластату науқаны басталды. Бірақ оның аяғына дейін жеткізілмегені енді белгілі болуда.
– Өңірлерде дербес жылыту жүйелерін сыртқа шығаруға қатысты мәселе бар. Министрлік белгіленген «құрылыс нормалары және ережелерін» бұза отырып, көппәтерлі тұрғын үйлерде, білім беру және әлеуметтік сала объектілеріне орналастырылған дербес қазандықтарға 2017 жылдан бері мониторинг жүргізді. Жалпы, Қазақстан бойынша ҚНжЕ-ге қайшы орнатылған 769 дербес қазандық анықталған. Оның ішінде 39-ы – көпқабатты тұрғын үйлерде, 730-ы – білім беру, әлеуметтік, мәдени, тұрмыс нысандарында. Оларды шығару жергілікті бюджет немесе басқа да қаржы көздерінен жүзеге асырылады, – деді министр.
Екі жарым жылда не өзгерді? 2019 жылғы 19 қыркүйектегі жағдай бойынша 412 қазандық шығарылыпты. Бұл жоспардың бар-жоғы 54,5 пайызы ғана. Төмен көрсеткіш Қостанай (13 пайыз), Ақмола (36 пайыз), Қарағанды (51 пайыз) облыстарында тіркелген. Бейбіт Атамқұлов мұның арты ауыр жағдайға соқтыруы мүмкіндігін ескертті. Сол себепті ол әкімдерге ғимарат ішіндегі қазандықтарды бөлек орналастыру жоспарын орындау бағытында шұғыл шаралар қабылдауды ұсынды. Әйткенмен өңір басшыларының есіл-дерті сөз естімей, жаураған елді ұлардай шулатпай, жылуды уақытында беру болып отырғандықтан, құрылыс жұмыстарын талап ететін бұл науқан келесі жылдардың үлесіне қалатынға ұқсайды. Тек тағы да қазандық жарылып, бұқараның обалына қалмаса болды.
Үкімет отырысында айтылғандай, жыл басынан бері көмір өндіруші компаниялар отынның осы түрінің 75,1 млн тоннасын өндірген. Бұл былтырғыдан аз және 97,2 пайызына тең. Осы кезеңде елдің ішкі нарығына 51,5 млн тонна көмір жөнелтілген. Соның ішінде үйінде пеш жағатын халыққа сатуға 7,1 млн тонна көмір бағытталыпты. Ал әкімдіктер дерегінше, алдағы қыста халықтың көмірге деген қажеттілігі 10,4 миллион тоннаны құрамақ. Қазақстандықтардың көбі қысқа керекті бүкіл отынды бірден түсіріп алуға тырысады. Ендеше, сұраныстың толық өтелмеуі жылдағыдай баға қымбатшылығына ұрындыруы ғажап емес.
Министр Б.Атамқұлов қазіргі кезде коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылар 11,4 миллиард теңге берешек екенін де мәлім етті. Ең көп қарыз Алматы (2,6 млрд), Нұр-Сұлтан (1,7 млрд), Маңғыстау (1,5 млрд) және Шымкентте (1,3 млрд).
Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин өңірлердің әкімдеріне 2 апта ішінде көмірді даярлау және өткізу бекеттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізілім кестесін, сатылатын көмірдің бағасын және сапасын тексеруді жүктеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне ҚТЖ-мен бірлесіп, көмір жеткізуге арналған вагондардың қажетті көлемін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұрғындардың коммуналдық қызметтер үшін берешегін жабу жұмысын күшейту қажет!» деп нықтады Премьер-министр.