Салт-дәстүр: озығы қайсы, тозығы ше?
Салт-дәстүр: озығы қайсы, тозығы ше?
314
оқылды
Алматы қаласында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен басқосу өтті. Дәл осы жиында ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу мәселесі сөз болған еді. Біз жоғарыда тек тойлардың жайын ғана баяндаған едік. Де­генмен салт-дәстүрге бай­ла­нысты туындап отырған мәсе­ле аз емес. Мысалы, індетке қара­мастан,  жаназаға көп адам жиналу, отбасы­лық мерекелер де заң арқылы бірізге түсуі керек секілді. – Біздің қоғамымыз жаңарған соң ұстанатын салт-дәстүрлеріміз де өзгеруі тиіс. Елді кері тартатын жағымсыз қасиеттерден тездетіп арыл­уымыз керек. Мысалы, қазақ­тың тойы есепсіз шығынның емес, шынайы шаттықтың көрінісіне айналуы тиіс. Барымызды ша­шып-төгіп, қарызданып той мен басқа жиын өткізетін әдеттен арыл­уымыз қажет. Ысырапшылдық пен даң­ғазалық қоғамның да, адам­ның да абыройын төгеді. Сондық­тан кейбір мәселелерді заңды жол­мен реттеудің кезі келді деп ой­лай­мын. Ал жауапсыздық пен нем­құрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады, – деді Мемлекеттік хат­шы. Жалпы алғанда, дәстүрді заңмен бекіту тек індетке байланысты бо­лып тұрған жоқ, есепсіз шығынның да қатысы бар. Себебі бар жиған-тергенін жұмсап қана қоймай, не­сиеге той жасайтындар да жетерлік. Бұл бәз баяғы «жұрт не дейді?» немесе қалыптасқан әдет­тің көрінісі ме, ол жағы бізге бей­мәлім. Бірақ ысырапшылдықты тый­ған жөн-ақ. Кейбір елдерде адам өмірінде болатын барлық әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен рет­теп қойған. Осы тұста Қырым­бек Көшербаев алдағы уақытта көпшілікпен кеңесе келе, көр­ші елдердің үлгісі бойынша ғұрып­тық рәсімдерді заңмен реттеу ша­ра­ларын қолға алатын уақыт жеткенін баяндады. Енді елімізде ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шаралары бойынша зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, осы сала­мен айналысатын заңгерлерден құ­рал­ған жұмыс тобы құрылмақ. Бұл топ көрші елдердің тәжірибесін зерт­теп, халықтың ой-пікірін және қажет болған жағдайда тиісті нор­мативтік-құқықтық актінің жо­басын әзірлеумен айналысатын бо­лады. Ал «сәлт-дәстүрді заңға сыйғызудың нендей қажеттілігі болды?» деуіңіз мүмкін. Ол үшін өзге елдердің ғұрыптарға қатысты ережесімен таныссақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын Краснодарда кавказ жастарының көшеде ұлттық би билегені жер­гі­лікті жастармен қақтығыс туын­дауына әкеліп соқтырған еді. Осы­дан кейін Ресейде салт-дәстүрді қада­ғалайтын заңдар болуы керек деген мазмұндағы бірқатар ұсыныс  айтылған. Бірақ бұл ұсыныс аяқсыз қалды. Қарасаңыз, бір ғана ұлттың салты елдегі алауыздықты тұтатып жібере жаздаған. Рәсімдерге байланысты заң жо­басы осы жылдың басынан бастап көршілес Өзбекстанда да өз күшіне енді. Парламент бекіткен тәптіпке сәйкес, жерлеуден басқа отбасылық іс-шаралар 06.00-ден 23.00-ге дейінгі уақыт аралығында өткізілуі тиіс. Ол бір күнге ғана созылуы керек. Ал үйлену тойына 200 адамнан артық қонақ шақырылмайды, отбасылық мерекелерге шекті қонақ – 50 ғана. Сондай-ақ той иесі бір апта бұрын жергілікті билікке хабарласып, рә­сімді өткізуге рұқсат алуы тиіс. Той­хана, кафелерде мереке өткізу үшін де келісімшартқа отырады. Одан бөлек көп әнші шақырып, есепсіз шығындалуға да шектеу қойылған. Қош, Қазақстанда да осы заң жобасы қабылданып, әдет-ғұрыпты өткізуге белгілі бір норма қойылды делік. Бұған қарсы тарап шығуы да мүмкін. Себебі әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болатыны анық. Оның үстіне, салт-дәстүрге тыйым салуды «адам құқын шектеумен» бағалайтындар да табылары хақ. Сол үшін біз заңгер Талант Рама­зановтың мәселеге қатысты пікірін білген едік. – Мемлекет адамдардың әртүрлі қарым-қатынасын Конституцияға сәйкес реттеуге құқылы. Сондықтан той мен жаназаға, басқа да ғұрып­тарға байланысты белгілі бір ереже енгізе алады. Алайда жаңа заң жо­басы шығып, қабылданған күн­нің өзінде оның орындалуы дұ­рыс бол­май қалуы мүмкін. Оның дә­ле­лін көрдік. Мысалы, карантин уа­қытын­да тойларға тыйым сал­ды. Бірақ соған қарамастан, той өткізіп жатқандардың қарасы көп. Демек, заң қабылданады, оны әр өңірде бақылайтын адам жоқ. Заңгерлер жағы біледі, бізде ежел­ден келе жатқан «қазақтың әдет заңдары»,  дала заңдары бар. Олар еш жерде жазылмаса да, қатаң орын­­далып отырған. Сол секілді мұн­да да жағдайды  бағамдау ке­рек. Көпшілік жазылған заңды орындамай, жазылмаған заңды орындайды. Менің ойымша, егер мемлекет ғұрыптарға байланысты заң қабылдаса, оның орындалуын ынталандыру арқылы реттеуге мүм­кіндік бар. Мысалы, заңға сай өткізілген тойдың мемлекет белгі­лі бір азғантай мөлшердегі шы­ғынын жауып бергені абзал. Ынталандыру шарасы болмаса, той немесе жаназаға тыйым салған жерде наразылық туатыны анық, – дейді маман. Қорыта айтқанда, салт-дәстүр мен түрлі әдет-ғұрып әр ұлтқа тән дүниетаным мен көзқарастан хабар берсе керек. Оны атап өту, жоралғысын жасауға кез келген адамның құқығы бар. Дегенмен оны шектен шығып орындау да қа­телік болса керек. Сондықтан мәселеге байланысты заң жобасын әзірлеуге талпыныс  құптарлық іс болса керек.  

мадиярМадияр ТӨЛЕУ