Алматы қаласында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен басқосу өтті. Дәл осы жиында ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу мәселесі сөз болған еді. Біз жоғарыда тек тойлардың жайын ғана баяндаған едік. Дегенмен салт-дәстүрге байланысты туындап отырған мәселе аз емес. Мысалы, індетке қарамастан, жаназаға көп адам жиналу, отбасылық мерекелер де заң арқылы бірізге түсуі керек секілді.
– Біздің қоғамымыз жаңарған соң ұстанатын салт-дәстүрлеріміз де өзгеруі тиіс. Елді кері тартатын жағымсыз қасиеттерден тездетіп арылуымыз керек. Мысалы, қазақтың тойы есепсіз шығынның емес, шынайы шаттықтың көрінісіне айналуы тиіс. Барымызды шашып-төгіп, қарызданып той мен басқа жиын өткізетін әдеттен арылуымыз қажет. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Сондықтан кейбір мәселелерді заңды жолмен реттеудің кезі келді деп ойлаймын. Ал жауапсыздық пен немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады, – деді Мемлекеттік хатшы.
Жалпы алғанда, дәстүрді заңмен бекіту тек індетке байланысты болып тұрған жоқ, есепсіз шығынның да қатысы бар. Себебі бар жиған-тергенін жұмсап қана қоймай, несиеге той жасайтындар да жетерлік. Бұл бәз баяғы «жұрт не дейді?» немесе қалыптасқан әдеттің көрінісі ме, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ ысырапшылдықты тыйған жөн-ақ. Кейбір елдерде адам өмірінде болатын барлық әдет-ғұрып рәсімдерін заңмен реттеп қойған. Осы тұста Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта көпшілікпен кеңесе келе, көрші елдердің үлгісі бойынша ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шараларын қолға алатын уақыт жеткенін баяндады. Енді елімізде ғұрыптық рәсімдерді заңмен реттеу шаралары бойынша зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері, осы саламен айналысатын заңгерлерден құралған жұмыс тобы құрылмақ. Бұл топ көрші елдердің тәжірибесін зерттеп, халықтың ой-пікірін және қажет болған жағдайда тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасын әзірлеумен айналысатын болады. Ал «сәлт-дәстүрді заңға сыйғызудың нендей қажеттілігі болды?» деуіңіз мүмкін. Ол үшін өзге елдердің ғұрыптарға қатысты ережесімен таныссақ.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Краснодарда кавказ жастарының көшеде ұлттық би билегені жергілікті жастармен қақтығыс туындауына әкеліп соқтырған еді. Осыдан кейін Ресейде салт-дәстүрді қадағалайтын заңдар болуы керек деген мазмұндағы бірқатар ұсыныс айтылған. Бірақ бұл ұсыныс аяқсыз қалды. Қарасаңыз, бір ғана ұлттың салты елдегі алауыздықты тұтатып жібере жаздаған.
Рәсімдерге байланысты заң жобасы осы жылдың басынан бастап көршілес Өзбекстанда да өз күшіне енді. Парламент бекіткен тәптіпке сәйкес, жерлеуден басқа отбасылық іс-шаралар 06.00-ден 23.00-ге дейінгі уақыт аралығында өткізілуі тиіс. Ол бір күнге ғана созылуы керек. Ал үйлену тойына 200 адамнан артық қонақ шақырылмайды, отбасылық мерекелерге шекті қонақ – 50 ғана. Сондай-ақ той иесі бір апта бұрын жергілікті билікке хабарласып, рәсімді өткізуге рұқсат алуы тиіс. Тойхана, кафелерде мереке өткізу үшін де келісімшартқа отырады. Одан бөлек көп әнші шақырып, есепсіз шығындалуға да шектеу қойылған.
Қош, Қазақстанда да осы заң жобасы қабылданып, әдет-ғұрыпты өткізуге белгілі бір норма қойылды делік. Бұған қарсы тарап шығуы да мүмкін. Себебі әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі болатыны анық. Оның үстіне, салт-дәстүрге тыйым салуды «адам құқын шектеумен» бағалайтындар да табылары хақ. Сол үшін біз заңгер Талант Рамазановтың мәселеге қатысты пікірін білген едік.
– Мемлекет адамдардың әртүрлі қарым-қатынасын Конституцияға сәйкес реттеуге құқылы. Сондықтан той мен жаназаға, басқа да ғұрыптарға байланысты белгілі бір ереже енгізе алады. Алайда жаңа заң жобасы шығып, қабылданған күннің өзінде оның орындалуы дұрыс болмай қалуы мүмкін. Оның дәлелін көрдік. Мысалы, карантин уақытында тойларға тыйым салды. Бірақ соған қарамастан, той өткізіп жатқандардың қарасы көп. Демек, заң қабылданады, оны әр өңірде бақылайтын адам жоқ. Заңгерлер жағы біледі, бізде ежелден келе жатқан «қазақтың әдет заңдары», дала заңдары бар. Олар еш жерде жазылмаса да, қатаң орындалып отырған. Сол секілді мұнда да жағдайды бағамдау керек. Көпшілік жазылған заңды орындамай, жазылмаған заңды орындайды. Менің ойымша, егер мемлекет ғұрыптарға байланысты заң қабылдаса, оның орындалуын ынталандыру арқылы реттеуге мүмкіндік бар. Мысалы, заңға сай өткізілген тойдың мемлекет белгілі бір азғантай мөлшердегі шығынын жауып бергені абзал. Ынталандыру шарасы болмаса, той немесе жаназаға тыйым салған жерде наразылық туатыны анық, – дейді маман.
Қорыта айтқанда, салт-дәстүр мен түрлі әдет-ғұрып әр ұлтқа тән дүниетаным мен көзқарастан хабар берсе керек. Оны атап өту, жоралғысын жасауға кез келген адамның құқығы бар. Дегенмен оны шектен шығып орындау да қателік болса керек. Сондықтан мәселеге байланысты заң жобасын әзірлеуге талпыныс құптарлық іс болса керек.