Аршылмай жатқан құнды қазына
Аршылмай жатқан құнды қазына
937
оқылды

Биыл Жетісу жерінің жұрты ғана емес, қалың қазақ жыр құлагері Ілияс Жан­сү­гі­ров­тің 125 жылдығын жоғары деңгейде атап өтіп жатыр. Еліміздің әр қиырында түрлі шара­лар ұйым­дастырылу­да. Ақсу ауда­нын­да қазанның 11-12 күндері ұлан-асыр той өтеді. Соның қар­саңын­­да жеті­су­лық өлкетанушы Же­­місбек Толымбе­ков­­тың Ілияс Жан­сүгіров туралы тың де­рек­тер топ­тастырылған зерттеуін жа­­рия­ла­ғанды жөн көріп отыр­мыз.

Ілияс Жансүгіровті зерттеп-зерделеу ісінде кемшілік барын мойындаған жөн. Тіпті Ілиястың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты қамтыған, «мынау» деп көрсете қоятындай дүние жоқтың қасы. Қате деректер те кетіп жа­тыр. Мәселен, көп еңбектерде Бер­сүгірді Жансүгірдің әкесі деп жаза­ды. Шындығында, ол кісі – Жан­сүгірдің ағасы. Соны­мен бір­ге басқа да олқы соғып жатқан тұс­тарымыз бар. Осыған орай, өз бе­тімізбен ізденіп, талпы­нып көр­ген едік. Бағасын оқырман бере жатар.

«Мен әңгімені айта біле­мін. Тыңдай да білем. Бірақ тың­даушылығым мен әңгі­ме­шіл­дігімді таразылағанда – айту­шы­­лығымнан тыңдаушы­лы­ғым ана­ғұрлым басым. Әңгімесін тал­ғап, адамын тыңдаймын. Бұл – менің басқаларға ұқсамайтын, өзге­ше бір қасиетім. Әңгімені аз білем. Көп тыңдаймын. Бірақ көбі есімде қалмайды. Есімде қалатын әңгіме жақсы ауызбен, әсерлі дауыспен, артистік атқарумен, шытырман оқиғалары көп болуы керек. Сонда ғана әңгіме маған дари алады. Сонда ғана мен оны жаңғыртып, өзге құлаққа құя аламын» деген екен заманында Ілияс ақын. Елдің жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдаған Ілияс Жан­сү­гіров «Тілші» газетінің 1923 жыл­ғы 1 қазандағы санында ба­сыл­ған жұрт мұқтажын өзек ет­кен «Ескеретін жұмыс» деген ма­қа­ласында Лепсі, Талдықорған уез­дерінің көп жерлерінде ек­кен тарыдан жөнді түсім алын­бай­тынын әңгіме етіпті. Ал «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы №10 санында Қапал уезіндегі Ма­мон­тов, Иванов, Петренко деген­дер­дің Матай қазақтарының жерін тартып алып, өздерін құм мен қала­ға бостырғаны туралы ашына жазады.

Ғали Орманов: «Ілияс күн­де­лік­терін қойын дәптеріне жазудан бір күн тынған емес» деп жазады. Ілиястың «Өзіме» деген өлеңінде:

«Хақ сөйле, қызыл тілім, адал сайрап,
Тапсырдым бар ойымды саған арнап.
Көңілім, арам ойлап алаң­дама,
Алмаққа біреуді алдап, бі­реу­ді арбап»


деген жолдары ақын­ның өзіне берген сертіндей естіледі. Ха­лықтың «Тамырлай келіп теп­ші­ле­месе, өлеңде ма­ңыз да, дәм де болмайды» деге­нін Ілияс үне­мі жадында ұста­ған. Жан­сү­гіров «Жұт – жетi аға­йын­ды» өлеңiнде:

«Болғанда Ақтабанды шұбы­рын­ды,
Тұмсығы қазағыңның тұжы­рыл­ды.
Айтпайық, Орал менен Iшкi Орда­сын,
Семейдi, Ақмоладай жолдасы­мен.
Елiн ойран, жерiн шаң, топы­рақ қып,
Қайыршы қылып қойды,
қаты­­рып басы, миын»

деп 1723 жылғы Жоңғар шап­қын­шылығы елге жұт әкелгенін жеткізеді. «Кожа­бек начәндік» әңгімесінде: «Қаратал суының бойында ті­гіл­­ген үйдегі демалыс. Естен қал­­майтын демалыс. Кеш­тен түс­ке дейін ұйқы. Түстен кеш­­ке дейін күлкі. Еттің иесі, қы­­мыз­дың жерігі, преферанстың жөлігі, мергендіктің есалаңы, күлкінің бригадирі, ұйқының қазы­насы – бәріміз бір жерге жиыл­ған екенбіз. Ішеміз, жей­­міз, алысамыз, күлеміз, ой­най­­мыз, шаршаймыз, тағы тыны­ға­мыз, суға шомыламыз, балық аулай­мыз, ең болмағанда тарсыл­да­тып торғай атамыз. Кәсіп осы. Осыны демалыс дейміз. Бос кісінің уақытында есеп бола ма? Мезгілдің немен өтіп, немен кетіп жатқанында сан жоқ. Бұл 1931 жылдың жазы ... » деп сол кездегі шолақ белсенділердің сорақ тірлігін әжуә етеді. Ақын ұзақ жолда бір аяқ қатыққа тары мен сөк қосып араластырып, бетін бүркеп қойып, бөрттіріп жейді екен. Бақтыбай Жолбарысұлының Бәйімбет, Қыпшақбай, Тезек төре, Мәйке, Тайкөтпен айтыстарын жатқа айтыпты. Бақтыбай мен Мәйке қыздың айтысын Фатима Ғабитова 1941 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасына өткізіпті. Онда Ілиястың қолжазбалары да бар.

Ілияс Жансүгіровтің кейбір шығармаларының қай жылы шық­қаны, қандай тіл мен баспа, тиражы мен көлемі қанша, мазмұны жайына тоқталайын. 1933 жылы «Қазақстан» баспасы­нан «Қазақ әдебиеті классиктері» ай­дары­мен Абай Құнанбайұлы шы­­ғармаларының толық жина­ғы қазақша жеке кітап болып, ла­тын әрпімен шығады. Жинақ­тау­шы – Мұхтар Әуезұлы. Оқып шығып, алғы сөзін жазған – Ілияс Жансүгірұлы. Тиражы 6000 дана болып шыққан кітап қа­зақ даласын елең еткізген үл­кен оқи­ға болды. Себебі бұл қа­зақ жерінде басылған Абай шы­­ғар­ма­ларының алғашқы жи­на­ғы еді. Бір ғажабы кітапта 1953 жылы «кітап тексерілген» деген штапм басылып, сол кезде Ілияс Жансүгірұлы дегенді алып тас­тап­ты. Алғы сөзі жоқ. «Қазақ­стан» баспасы атынан Тайыр Жарокұлы алғы сөз жазады. Осылайша, Ілияс еңбегіне кезекті қиянат жа­­са­ла­ды.

«Кеңес». Орыс тілінде шық­­­қан. Дмитрий Снегиннің ауда­руы­мен 1935 жылы орыс тілінде «Қазақстан» аймақтық баспасынан шыққан «Кеңес» де­ген кітаптың бірінші бетін­де: «Ілияс Жансүгіров – про­ле­тариат қазақ жазушысы. Оның Д.Снегин тәржімелеген өлең­де­рі еңбекші қазақ халқының мұңды өмірін, өткендегі ақ пат­ша мен байлардың қыспағын және бүгінгі күндегі социалистік Қазақстанның болашағын көр­се­теді. Ақынның өскендігін, бұ­лың­ғыр романтикадан нақты соц­иалистік реализмге, колхоз құры­лысын, индустрияны, дала­ның келбетін өзгерткен еңбек адамдарын кітаптан оқып білу­ге болады» делінеді. Ілияс Жан­сү­гіров Дмитрий Снегинді 20 жасынан бастап әдебиет пен жазушылыққа тәрбиелеген.

«Жол аузында». Ілияс Жан­сүгіров. (Әңгімелер жина­ғы). Орыс тілінде шыққан. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақ­ша­дан тәржімелеген Ғайша Шарипова. «Қазақстан» аймақ­тық баспасынан 1936 жылы жа­рық көреді. Кітапқа ақынның алты әңгімесі топтастырылған. Оларда қазақ өмірінің өткені мен бүгінгісі және кеңестік Қа­зақ­стандағы өмір келтірілген. «Век­сель» атаулы әңгімесінде ұлтшыл байлардың кедейлерді еңбекке пайдаланғанын ашып береді. «Жол аузында» қарт адам өзі­нің бұрынғы итаршылық кү­нін, ақ патша заманында ең алғашқы теміржол салынғанын баян етеді. «Он алтыншы жыл» деген әңгімесі де ерекше. Онда 1916 жылы қазақтардың патша ағзамның «Июнь жарлығына» қар­сы көтерілісі баяндалады. «Дар­қан» және «Бейсетай бри­­га­­дасы» әңгімелерінде бейбіт­шіл Қазақстандағы жаңа адам тұл­ғасының қалыптасуын сурет­тей­ді. Автордың тілі жатық және нақ.

«Күйші» (поэма). Ілияс Жан­сүгіров. Мәскеудегі мемле­кет­тік «Көркем әдебиет» баспа­сынан 1936 жылы орыс тілінде шыққан. Ілияс Жансүгіровпен бірлесіп, қазақшадан тәржімеле­ген – Всеволод Рождественский.

«Құқ». Қазақстан көркем әде­биет баспасынан қазақ тілін­де латын әрпімен 1935 жылы шық­қан. Таңқыбай (Ілиястың лақап аты). Сықақ, әңгіме, фелье­тондар. Тиражы – 5150 дана. 142 бет.

«Кек». Жансүгірұлы Ілияс. Пьеса. Қазақстан ұлт-мемлекеттік театрына арналып, қазақ тілінде латын әрпімен 1932 жылы шық­қан. Тиражы – 5000 дана. 62 бет­тен тұрады.

«Мін де шап!». Пьеса. «Қа­зақ­стан» көркем әдебиет баспасынан 1934 жылы қазақ тілінде латын әрпімен шыққан. Редакторы – Ф.Ғабитова. Тиражы – 3150 дана. 32 бет. Баспадан: «Ілиястың бұл сюжетті «Мін де шап!» атты сахна ойы­ны 1932 жылы жазылып, қа­зақ театрында қойылған еді. Кол­хоздастыруға арналған бұл туындының міндеті ескірмейді. Көпшілік арасында маңызы жо­ғал­майды. Ойынның қойылуы өте жеңіл. Сахна сайманын керек қылмайды. Үлкен де, кіші балалар да ойнай береді» деген ескерту жазылған.

«Сүйінбай ақын». Ілияс пен Фатима Ғабитованың құрас­ты­руы­мен 1934 жылы қазақ тілінде латын әрпімен шыққан. Онда Ілияс Жансүгіров: «Сүйінбай ақын 1827 туып, 1895 жылы дүние­ден қайтқан. Тұрған жері – осы күнгі Алматы облысы Қастек ауданы. Әкесінің аты – Арон, оның әкесі – Сөр. Сүйінбайдың өлеңнен басқа өнері болмаған. Сүйінбай Тезек төре, Майлықожа, Қатаған (Арыстанбай), дулат ақыны Қаңтарбаймен айтысқан. Сүйінбай бірде қараның тілі болса, бірде төренің тілі болды. Айналып келгенде кім ат берсе, ас берсе, сол үшін мақтап, өз тамағының құлы болды. Абай айтқан:

«Қобыз бен домбыра
                       алып топта сарнап,
Айтыпты мақтап өлең
                                  әркімге арнап.
Әр елден өлеңімен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін
                        жұртты шарлап», –­ деген ел ақындарының бірі – Сүйінбай.


Сүйінбайды Жетісуда қазақ, қырғыз біледі. Әсіресе, оның Қатағанмен айтысы – жалпақ ел­ге тым көп жайылған өлеңі. Мұны әр ақын әртүрлі қылып айта­­ды. Қазақ ақыны айтса, Сүйін­бай жеңеді. Қырғыз ақы­ны айт­са, Қатаған жеңеді. Қата­ған мен Сүйінбай бірін-бірі жа­ман­дай­ды. Мұндай ырылдан ұлт арасының түсінбестігі туын­дай­ды. Тезек төрені қазақтар «хан Те­зек» деп атаған. Ірі феодал бол­ған. Сүйінбай Тезектен ті­лін тартпай, мінеп салады. Ұр­­лық пен зорлығын айтады. Со­ңынан мақтайды. Қатаған мен Сүйінбайды Тезек апарып ай­­тыстырған. Тезектің ауылы пат­ша ағзамның арқа сүйеп, ат бай­лар ауылы болған. Отауына рұқ­сатсыз адам бас сұқпаған. Алдынан адам шықпаған. Ауы­лы­на рұқсатсыз атпен ешкім кірмеген», – деп жазады. Қазір барлық жерде Сүйінбай ақын 1815-1898 жылдары өмір сүрген деп көрсетілген. Бұл – үлкен қате­лік.

Әлібек Қоңыратбаев Алматы об­лыстық НКВД басқармасы үшті­гінің 1937 жылғы 1 желтоқ­сан­­дағы қаулысымен 1937 жыл­дың 2 желтоқсанында НКВД-ның Мемлекет қауіпсіздігі бас­қармасының тергеу камера­сын­да атылған. Оған тағылған айып­­тарда: «1933 жылы Ілияс Жан­сүгіровпен антикеңестік-ұлтшылдық, террористік-диверсиялық, шпиондық-көтерілісшіл ұйымға тартылып, контрреволюциялық жұмыстарға белсене араласқан. Террористік топқа кіріп, Қазақстан ҚП(б) Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Мирзоян жолдасты өлтіруге дайындық жасаған. Жүргенов пен Жансүгіровтің тапсырмасы бойынша террорис­тік топқа Тәжібаевты және Жан­­ғалинді тартқан» деп көр­­се­тіледі. Бұл жасанды, келең­сіз, сұм­дық айыптар. Жаның­ды бер­месең, басқадай арылу жоқ. Ке­ңес Үкіметі соны жаса­ды. Әлі­бек Қоңыратбаев – Жазу­шы­лар одағының хатшысы, Ілияс Жансүгіровпен бірге істеген әріптесі болатын.

Рекомендация үшін Ілияс Жансүгіров 24 сұрағы бар анке­та­ны 1924 жылы толтырған екен. Соның №20 сұрағындағы: «Ок­тябрь революциясына де­йін репрессияға ұшырадың ба?» – дегенге, «жоқ» деп жауап қатыпты.

№22 сұрақта: «1917 жылдан бас­тап жұмыс қызметіңіз?» деген графаға:

«І. 1917-1919 жылдары Қапал уезі Ақсу болысында қара жұ­мыс­шы болдым. ІІ. 1919-1921 жыл­дары Ташкентте Киринпроста оқу оқып, сонда «Ақ жол» газетінде жұмыс істедім. ІІІ. 1921-1923 жыл­дары Талдықорған уезі Ақсу болысындағы Белтоған мек­тебінде ауыл мұғалімі қызме­тін істедім. ІV. 1923-1924 жыл­дары Алматы қаласында «Мек­теп» редакциясында және «Тілші» газетінде жауапты редак­тор қызметін жасадым. V. 23.02.1924 жылдан бастап Қазақ ағар­ту инс­­титутында директор қыз­ме­­­тін­демін» деп өз қолымен тол­ты­рып­ты.

№23 сұрақ: «Қызметтен тыс ат­қарылған арнайы тапсыр­ма­лар, комиссия-кампаниямен қа­тысу, зерттеу жұмыстарын жүр­гізу, т.т.б?» – дегенге, Ілияс­тың жазған жауабы: «1920 жы­лы қазақ ауыз әдебиеті ма­те­­риалдарын жинастыру ко­мис­­сиясы жұмысына, 1921 жылы Түркістан халық жер комитетінің сапарнамасымен көшпенді халықтың мал азығын дайындау жұмысына агитатор болып қатыстым» дейді. Бұдан Ілияс Жансүгіровтің 1917 жылдан 1925 жылға дейін қандай қызметтер атқарғаны нақты айқындалады. Әлі күнге дейін Ілияс Жансүгіровті ана қызметте, біресе мына қызметте істеді деп, әртүрлі саққа жүгіртіп жүргендерге тоқтам болғаны жөн.

Дерек үшін. «Ақ жол» газе­ті – шығарушы органы ЦК КПТ (Орталық комитеттің ком­мунистік партиясының еңбек­ші­лер органы). Газет 1920-1924 жылдарда қазақ тілінде шығып тұрған. Одан «Ленин жолы» деп аталып, шығарушы органы РКП (б) Сырдария губкомы болады. «Тілші» газеті 1918 жылдан шы­ғады. Басында «Жетісу ісші халық мұхбірі» деп аталыпты. 1919 жылы «Көмек», 1920 жылы «Ұшқын», 1922 жылы «Кедей еркі», 1922-1929 жылдары «Тілші» деген атпен шығады. Ал 1929-1934 жылдарда «Ең­бекші қазақ» газетімен бір­лесіп жарық көреді. 1934-1954 жыл­дарда «Сталин жолы» газеті деп аталған. Жалғасы – қазіргі «Жетісу» газеті. Ілияс Жансүгіров осы газеттердің барлығына дер­лік мақалалар жазып тұрған. Га­зеттердің белсенді мүшесі бол­ған жайы бар.

Әлеуметтік қамсыздандыру одағы. Әлеуметтік қамсыздандыру ода­ғы конференциясының деле­га­тына мандат. 4 қараша, 1924 жыл. Ағарту одағы қызметкерлері атынан Ілияс Жансүгіров әлеу­­меттік қамсыздандыру кон­фе­ренциясына делегат болып та­ға­йындалған. Хатшы Романов. Осындай құжат Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік архивінде (Ф -1368. Оп. - 3. Д - 64. Л – 8) сақ­талған. Ақын жайлы бұл дерек те оның қоғамға деген көз­­­қарасының дұрыстығын бай­қа­тады.

Ілияс Жансүгіров сан салалы жұмыстарды атқара жүріп, Қазақстанның небір түкпір шет­ке­йінен келетін оқырман хат­тарын да назарда ұстаған. Жа­уапсыз қалдырмаған. Тілектерін шама-шарқы келгенінше, мүм­кіндігінше орындап бақ­қан. Соның бірі 1936 жылы шал­­ғайдағы Маңғыстау ауданы Форт Александровск қаласы Бау­тин поселкасынан Сәттіғұл Жанғабысұлының жазғаны. Ол хатта: «Жолдас Ілияс Жансүгіров. Мен 1935 жылдан газет бетіне өлең беріп жүрмін. «Әдебиет майданы» журналы болсын, өлеңімді жа­рыққа шығарып, тікелей өз адресіме хабарласуыңызды сұ­рай­мын», – делінеді. Хат ие­сі қарапайым өлеңдерімен бір­ге Сталинге қастық ойлап, атыл­­ған қас дұшпандары «16-ты кісі» туралы толғау өлеңін қо­са жол­дап­ты. Әрине, Ілияс Жан­сүгі­ров Жанғабысұлы Сәтті­ғұл­дың өлеңдерін шығарып, тұсауын кескен де болар. Оны сол кездегі газет-журнал беттерінен іздесе, табылатын да шығар.

Ғабит Мүсірепов қорынан табыл­ған ақынның «Боз інген» толғауы «Күй» поэмасының әл­қис­сасы саналған. «Кіріспе» бөлі­мінің алғашқы нұсқасы «Табал­ды­рық» деп аталады. «Ертегі желісі бойынша» деп көрсетеді. Әуелде дербес туынды ретінде дүниеге келгенін аңғартады. Ілияс осы толғауымен болашақ үлкен шығармасының «құлақ күйін» келтіріп алған сынайлы. Толғау поэмаға түскенде ептеп өзгерген. Бірақ негізгі тіні сақталған. Тек соңына «Ескіге, ертегіге ертер үшін, Тамырын тартып шердің шертер үшін. Қолқалап «Боз інгенді» сұрағанда, Былайша, бастайтын шал ертегісін» деп, ары қарай поэма оқиғасын бастап кетеді. «Боз інген» әлқиссасында қобызшы Молықбайды «Күй» поэмасынан басқаша, шынайы, айқын бейнелейді. Мысалы: «Көзінің жаңылмасам ақшылы бар», «Шәйіден шапан киіп, үкі тағып, бұлғақтап болған де­сед жасында сал», «Бүгінде ке­дей, кәрі, күйі кеткен, та­мыр­шы, құмалақшы – күні еліт­кен», «А» деді, асқақтады, әнін қосты, үн қатса, қосылуға қо­быз тосты», – деп жазады. Қо­­бызшы қобызбен күйлер шерткенінде дауыс қосатынын көреген аталардың жеткізгендері бар. 1930 жылдарда Ташкенттен шық­қан грампластинкада қобыз­шы­ның орындауында («Жез киік», «Боз інген», «1916 жыл») үш күйі бар. Сонда керек же­рінде Молықбай қобыз үніне қосылып дауысын қосқаны бар екен. Сол пластинканы із­дес­­тіріп, Ташкенттен немесе грам­плас­тинкалар қорынан тапса ғой. Жетелі жетістік, құнды жәдігер болар еді.

Ілияс Жансүгіров: «Соңғы уа­қытта қазақ жұртшылығының әлеуеті өсуімен бірге мәдениетінің де, әдебиетінің де, шамамызша та­балдығын аттап қалдық. Едә­­уір нәрсе істелді. Істелгелі де жа­тыр. Оқу орындары мен оқу­­­­­шылар молайды. Баспасөз өсіп, жаңа жазушылар шығып ке­леді. Істелген нәрсенің бір қа­­­бырғалысы Затаевичтің жи­наған 1000 әні» деп бағалайды. Ақ­тарусыз жатқан қазынаны Затаевич­тің жинағанына зор мән береді. «Енді жинап жүрген 500-дей әні бар» деп марқайып, «За­таевич қазақ күйлерін жи­най бастаған көрінеді» деп шат­та­нады.

«Біздің елде ертеректе өткен Тойтан деген шал 40 күй тартады екен. Оның бұл күнде біреуін де ешкім білмейді. Тойтан өлімі 40 күйді ала кетті», – деп күйінеді ақын. «Күй жинаудың алғашқы адамы Затаевич. Газет, жур­нал­дардың бетінде жер-жер­дегі күйлердің аттары, маз­мұн­да­ры, күйшілердің аты-жөні, тұра­ғы жазылуы керек. Мұны жаза­тын елдегі тілшілер» деп үн тастайды. «Жетісудың Тал­дықорған уезі Ақсу болы­сы­ның домбырашылары Нұрсапа, Егеубай, Молықбай тартатын күйлер» деп, олардың шерткен күйлерін атап тізеді. Ілияс атаған күйшілер Егеубай мен Нұрсапа қазір ұмытылды. Ешкім олар туралы білмейді. Тіпті, есімдері де аталмайды.

Ілияс Жансүгіров – құнды қазына. Терең ілім. Аршу бола­шақ­ты жастардың ісі. Қат­қақ, суайттық қылмай, мардымды ғы­лыми жетелі, ізденістер қажет. Қол­дың олақтығы, істің шо­лақ­ты­ғы емес. Байыпты, бай­салды түрде, тұрақты, тың­ғылықты жұ­­мыстар атқарыл­ғаны жөн. Мың­жылдық қалыпты істерді жа­саған орынды. Әрсіз, әлсіз ет­пей, өміршең, қанымды бол­ға­ны абзал.


Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ,
өлкетанушы
Алматы облысы