Саладағы өзгерістерге не ықпал етті?
Көктемнен бері қай саладағы өзгерісті болмасын, коронадағдарысқа байланыстыруды әдетке айналдырдық. Ал банк секторының сарапшылары отандық банктердің акциялары төмендеп жатса, оған бірнеше фактор әсер ететінін, ал карантин соның бірі екенін айтады. Әлемдік экономиканың ахуалы, банк қызметіне сұраныстың көлемі, ШОБ субъектілерінің несиеге сұранысы сияқты сан түрлі себеп бар. «Сондықтан бұл жерде бар мәселені коронадағдарысқа телудің қажеті жоқ. Өйткені соңғы 5 жылда банк нарығындағы консолидация үрдісі жүрді, шағын және орта деңгейлі банктердің ірі банктерге қосылуы, банктер санының азаюы тіркелді. Сондай-ақ банктер көптеген мұнай компанияларымен, әсіресе шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтіндіктен, мұнай бағасы да банк акцияларына әсер етті. Экономика мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі де акция бағасына ықпал жасады», – дейді экономист Асхат Наметша. Банк саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев та банк секторындағы өзгерістерге карантиннің қатысы жоқ деп санайтындар қатарында. Оның пікірінше, Халық банк акциясының котировкасына карантиннің тікелей қатысы жоқ. Сол сияқты Kassa Nova банкінің сатылуы да 2 жыл бұрынғы жоспарланған, тиімді ұсыныстың түсуін күткен сауда. «Оның үстіне, кез келген кәсіпкер банк ісімен айналысқысы келмесе, акциясын сатып, одан түскен қаржыны тиімді жобаға салуы қалыпты жағдай», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, шетелдік инвесторлар белгілі бір елдің банк секторына жұмыс істеуге келгенде банктен ақша шығаруға немесе банкті банкрот етуге емес, тиімді бизнес жүргізуге келеді. Егер ол жоспары орындалмайтынын білсе, акциясын сатып нарықтан кетеді. GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың Қуанышевтар отбасының Tengri Bank-тегі үлесін сатуға банктің соңғы уақыттағы рейтингісінің нашарлауы себеп болуы мүмкін деген сөзінің жаны бар сияқты. Себебі төтенше жағдай кезінде Tengri Bank клиенттері өз есепшотынан қаржы ала алмай, төлем картасын пайдалана алмай қалғаны есте. Western Union және Золотая Корона жүйелері арқылы ақша аудару толық тоқтатылды. Банк өзінің негізгі акционеріне қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгінген. Бірақ Үндістанда COVID-19 вирусы таралуына тосқауыл қою бойынша қатаң шаралардың енгізілуіне байланысты PNB басшылығының (Tengri Bank-тің негізгі акционері – ред.) шешімін алудың өзі біраз уақытқа созылған. Осы және өзге де мәселелерден соң Қуанышевтар отбасы аталған банктегі акциясынан құтылуға тырысқан болуы мүмкін. Бірақ олардың акциясын кім сатып алғаны әзірге құпия. Алдыңғы сарапшылар айтқандай, бұл мәселеге пандемия белгілі бір деңгейде әсер еткен деуге болады. Экономист Мақсат Халық жалпы әлемдегі, елдегі банк секторындағы өзгерістерге бәрібір пандемияның ықпалы болатынын айтады. «Бүгіндері әлемнің көптеген қор нарығында біресе құлдырау, біресе өсу байқалады. Құлдырау табиғи процесс, ал өсім қолдан жасалып отыр. Себебі АҚШ пен өзге елдердің орталық банктері ақша басып шығару арқылы экономикасын қуаттап, қор индекстерін қалпына келтіріп жатыр. Бірақ бұл – уақытша амал. Егер ертең пандемия өршіп кетсе, одан да зор залал келуі мүмкін», – дейді. Ал Қазақстанның қаржы нарығында жағдай тіпті күрделеніп кетуі мүмкін. Себебі төленбей тұрған несиелер көбейді. Көптеген компаниялар несиесін қайта қаржыландыруға өтініш білдіріп жатыр. Халық пен бизнес субъектілері несие төлеуді доғарса, банк секторы үшін салдары ауыр болады.Фридом финанстың ойында не бар?
Коронавирустың екінші толқыны банк секторына қалай әсер етеді деп бас қатырып жатқанда, бұл салаға жаңа ойыншы қосылған сияқты. Иә, жуырда ForteBank-тің Kassa Nova-ның 100% акциясын Фридом финанс инвестициялық компаниясына сатуы көптің назарын аудара қоймаған сияқты. Бұл, бәлкім Kassa Nova банкінің ел арасында аса танымал болмауына байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне, Kassa Nova орта мөлшердегі банк саналады. Енді алдағы уақытта ол банк саласындағы ірі ойыншыға айналса, таңғалмаңыз. Себебі аталған банкті сатып алған «Фридом финанс» АҚ Қазақстан, Ресей және Украинаны қоса алғанда 7 елде клиенттерге қаржылық қызмет көрсететін Freedom Holding Corp. халықаралық инвестициялық тобына кіреді. Freedom Holding Corp. акциялары Nasdaq Capital Market-те, Қазақстан қор биржасында және Санкт-Петербор биржасында орналастырылған. Freedom Holding Corp. нарықтық капиталдандырылуы 2020 жылғы 31 шілдедегі жағдайы бойынша 1,13 млрд АҚШ долларын құраған. Freеdom Holding Corp. басқарма төрағасы Тимур Турлов Қазақстанда заманауи инвестициялық банктік сервисі бар банк құруды жоспарлап отырғанын айтады.«Бүгіндері әлемнің көптеген қор нарығында біресе құлдырау, біресе өсу байқалады. Құлдырау табиғи процесс, ал өсім қолдан жасалып отыр. Себебі АҚШ пен өзге елдердің орталық банктері ақша басып шығару арқылы экономикасын қуаттап, қор индекстерін қалпына келтіріп жатыр. Бірақ бұл – уақытша амал. Егер ертең пандемия өршіп кетсе, одан да зор залал келуі мүмкін»
GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қор нарығындағы ірі ойыншы саналатын Фридом финанс Kassa Nova банкін сатып алу арқылы еліміздің банк секторына кіріп отыр. «Мұны үлкен стратегиялық қадам деп айтуға негіз бар. Яғни, отандық банк нарығына жаңа ойыншы қосылды», – дейді сарапшы. Күні кешеге дейін ForteBank-тің еншілес кәсіпорны болған Kassa Novа-ның еліміздің 8 қаласында 18 сатылым басқармасынан тұратын филиалдар желісі бар екен.Шетелдік банктерден қорқудың қажеті жоқ
Қазақстанның банк секторында Ресей банктері үлесінің артуы белең алғанда Kassa Novа сынды банктердің ірі ойыншыға сатылуына қуану да керек сияқты. Бірақ сарапшылар шетелдік банктердің отандық қаржы нарығына келуінен қорқудың қажеті жоқ деп отыр. Олардың айтуынша, кез келген шетелдік банк отандық банктердің дамуына ықпал етеді. Мысалы, Асхат Наметша банк нарығына бәсекелес банктің келуі банк өнімдерінің ұлғаюына ықпал етеді, бастысы тұтынушыларда таңдау пайда болатынын айтады. «Осыдан 10-15 жыл бұрын біздің елде Англия, АҚШ, Нидерланды, Шотландия банктері жұмыс істеді. Бірақ соңғы кезде көптеген әлемдік және алпауыт банктер біздің нарықтан кетті. Дәл сол 15 жыл бұрын біздің банктер ТМД арасында бәсекеге қабілетті еді. БТА банк пен Казкоммерцбанк түрлі нарыққа экспанция жасай алды. Ресей, Украина, Грузия және Қырғыз елінде бұл банктер жақсы жұмыс істеді, басқару жүйесі, банк өнімдерін шығару бойынша эталон саналды. Мәскеу де БТА мен Казкоммерцбанкке қарап бет түзеді. Кейін екі банк нарықтан кетіп, Халық банкке біріктірілді. Ал енді соңғы жылдары Ресей банктерінің біздің нарықта күшейгенін көріп отырмыз», – дейді ол. Дүние кезек деген осы шығар, бұл біз үшін ойланатын мәселе. Сондықтан Қазақстан нарығына Ресейдің ғана емес, басқа елдердің де банктерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік берген дұрыс. Ол біздің нарықтың, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Жалпы, басқарудың жаңа стандартын енгізеді. Қазақстандық банктердің халықаралық банк жүйесіне кіруіне мүмкіндік береді. Мақсат Халық та шетелдік банктердің Қазақстанның қаржы нарығында көбейгенін қолдайды. Тек олардың арасында әлемдегі ірі ойыншылардың үлесі басым болса ғана отандық банк секторы ұтатынын айтады. Бірақ ол банктер пайыздық ставканы түсіреді деп үміттенуге болмайды. Себебі бізде ақшаның құнсыздану дәрежесі жоғары. Базалық пайыздың өзі жоғары – 9 пайыз.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ