Елорда жылыжайларында өнімділікті арттыру мақсатында агротехникалық зерттеулер жүргізілуде, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары Led system media компаниясының өндіріс алаңында көкөністер мен жемістерді күн сәулесінсіз өсіру технологиясын жасауда. Өсімдіктер күн сәулесін нанофосформен толтырылған арнайы жарықдиодты шамдармен алмастырады.
«Осы жоба бойынша дипломдық жұмыс жаздық. Қазір ол бойынша магистрлік диссертация жазылуда. Көше шамдарын шығаратын Led system media компаниясы өзінің сипаттамалары бойынша күн сәулесіне жақын шамдарды сынақтан өткізеді. Біз қазір компания жылыжайында өсімдіктер үшін күн сәулесін осы шамдармен толықтай алмастыру жолын іздеудеміз. Біз қазірдің өзінде нәтижеге жақындап қалдық», - дейді ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультеті ауыл және өсімдік шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы Арысгүл Тұрлыбекова.
Оның айтуынша, бұл әдіс өсімдіктерді күн сәулесі түспейтін бөлмелерде өсіруге мүмкіндік береді. Солтүстік аймақтарда күн сәулесінің тапшылығы әсіресе қыста айқын сезіледі. Сәуле шашу спектрі жоғары болғандықтан, шамдар жемістердің өсуі мен жетілуін тездетеді. Олар энергия үнемдеу үшін де барынша тиімді.
Сонымен қатар елорда жылыжайларында дақылдарды топырақсыз өсіру технологиясы зерттелуде.
«Олар гидропониканы пайдаланады, яғни көкөністер мен жемістер тамшылатып суару әдісімен арнайы субстратта өсіріледі. Ол арқылы өсімдіктер дәрумендермен байытылады. Бұл әдістің артықшылықтарына арамшөптердің болмауы және өсімдік ауруларының төмен пайызы жатады. Мұндай жылыжайларда микроклимат реттеледі. Бұл көкөніс дақылдарын өсірудің өте жоғары технологиялық тәсілдері», - деп түсіндірді Арысгүл Тұрлыбекова.
Оның айтуынша, осылайша алынған жемістердің сапасы жердегі жылыжайларда өсірілгендерден кем түспейді. Алынған өнімдер химиялық құрамына тексеріледі және барлық қажетті стандарттарға сәйкес келеді.
ҚАТУ жобаларына агрономия факультеті ауыл және өсімдік шаруашылығы кафедрасының студенттері де қатысады. Олар үшін жылыжайларда көкөніс пен жеміс өсіру бойынша практикалық сабақтар өткізіледі. Студенттер жаңа технологиялармен танысады. Олар үшін мұнда сабақтар үш жыл бойы өткізіледі.