Осыдан бір жарым жыл бұрын Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Жер көлемі 40 мыңнан 117 мың гектарға ұлғайған үшінші мегаполиске Сайрам, Төлеби және Ордабасы аудандарынан 41 елді мекен қосылды. Қала көлемінің ұлғаюына байланысты жаңадан Қаратау ауданы құрылды. Әрине, осылайша шекарасы 3 есеге артқан шаһардың жұмыс ауқымы, проблемасы да осыншаға көбейетіні белгілі. Қала халқы Шымкенттің мегаполис болғанына қуанғанымен, шеткі аумақтардағы қалаға жаңадан қосылған ауылдардың мәселесі шаш етектен еді.
Осы бір жарым жылдың ішінде мегаполисте 3 әкім ауысты. Республикалық қала мәртебесін қабылдап алған сол кездегі қала басшысы Нұрлан Сауранбаев ертесіне-ақ қала тізгінін қайтадан осыдан 7 ай бұрын әкім болып кеткен Ғабидолла Әбдірахымовқа тапсырды. «Зың әкім» атауымен танымал болған Әбдірахымов та бұл орынтақта ұзақ отырған жоқ. Бір жылдан кейін-ақ қызметтен түсіп қалды. Жұрт оның тақтан таюын Лондонға барған жұмыс сапары кезінде ресми келіссөзден соң Instagram желісі арқылы сол жақтан сәлем жолдап, барша жұртты Қазақстанда еңбек етіп, шетелде демалуға шақырған бейнежазбасынан опық жеді деп қабылдады. Шымкентке алғаш әкім болып келгенде «Шымкентті Лас Вегас сияқты гүлдендіремін» деп батысты аңсап келген «болашақтық» әкімнің Шымкенттегі тағдыры ақыры батыспен ұштасып аяқталды.
Ал осыдан 6 ай бұрын алып шаһарға кезінде халқының саны жағынан еліміздегі ең үлкен облыс саналатын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, одан соң осы өңірдегі Отырар ауданының әкімі қызметін атқарған Ерлан Айтаханов келді. Жақында Ерлан Қуанышұлы қызметінен кетті. Ал енді әу бастан көңілді, руханиятқа бүйрегі бұрып тұратын жылы жүзді әкімге мәртебелі орынтақта ең болмаса неге 1 жыл отырмады? Жұрттың әңгімесі сан-сақта... Ол қай жерден мүлт кетті?
Ерлан Қуанышұлы миллион халқы бар мегаполиске басшы болып отыра салысымен, алғашқы жұмысын шалғай елді мекен тұрғындарының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Қалаға жаңадан қосылған Испиджаб, Игілік, Жаңаталап және Сайрам елді мекені тұрғындарымен кездесу өткізіп, оларды толғандырып отырған проблемаларға ден қойды. Республикалық маңызға ие мегаполис халқының сапалы ауызсу, табиғи газ, электр қуаты, жол, кәріз жүйелерінің жеткіліксіздігі, қоғамдық көлік мәселесінде әлі де түйткілді тұстардың көп екеніне көз жеткізді. Қала әкімі осынау өзекті мәселелерді шешу жолындағы өзінің жоспарларымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты таныстырып, Мемлекет басшысынан едәуір тапсырмалар алып қайтқан болатын. Келген соң аудан әкімдеріне әр ауданды секторға бөліп, әлеуметтік карта әзірлеуді тапсырған. Республикадан осы тапшылықтарды жою үшін 6,2 млрд теңге қосымша қаржы алуға қол жеткізді.
Осылайша, республикалық қала болғалы алғаш рет қаржы 2020 жылға реттеліп, бюджет көбейді. Әр ауданға инфрақұрылымын жақсарту үшін 1 млрд теңгеден қаржы берілмек. Ендеше Е.Айтаханов шалғай елді мекендердің проблемасына көзжұма қарады дей алмаймыз. Ол аймақтар үшін 2020 жылға шама-шарқынша қаржы қарастырып, биыл жұмысқа білек сыбана кіріспек болған.
Шыны керек, Ерлан Қуанышұлының алып шаһардан кетіп қалғаны шымкенттік шайырлардың жанына батты. Әдебиетсүйер қауым үшін руханиятшыл әкімнің әрекеттері сүйкімді болатын. О бастан өзінің Facebook әлеуметтік парақшасына ғұламалардың сөзін салып отыратын Ерлан Айтаханов Шымкенттің басты көшелеріне қазақтың ойшылдары айтқан ұлағатты сөздерін дәріптеп, 70-ке тарта билборд орнатты. Бүгінде қала көшелерінен өтсеңіз, билбордтардан «жалаңаш» жарнамалар емес, әдемі, тәрбиелі мәні зор мағыналы сөздерді оқисыз. Бұл – Айтаханов туралы айтқанда алғаш еске түсетін жайт. Одан соң айналасы 1-2 айда ақын-жазушылармен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу ұйымдастырып, олардың мұң-мұқтажына құлақ асты.
Айтқандай, Әбдірахымовты «зың әкім» деп атап кеткен қалалықтар Айтахановты «қайырымды қаланың әкімі» деп есте сақтайтын болды. Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына «Қайырымды қала» деген балама атау беруді ұсынған да осы Айтаханов болатын. Бүгінде қаладағы кез келген қайырымды іс осы хэштекпен беріліп жүр. Арнайы логотип те жасалған.
Қала басшысының бастамасымен ақын-жазушылардың өлеңдері қала көшелеріне ілініп, жас ақындардың антологиясы жарық көрді. Ал жуырда «Жеңіс» саябағында әдеби-мәдени «Мәртебелі поэзия мінбері» бұрышы ашылды. Поэзия бұрышында алдағы уақытта қала тұрғындары арасында мәдениетті насихаттау мен дамытуға бағытталған әдеби кештер, жазушылар және ақындармен кездесулер, шығармашылық іс-шаралар мен философиялық лекциялар ұйымдастырылу көзделген. Сонда қала әкімі: «Кез келген адамның көкейде жүрген сұрақтарына өлеңнен жауап табуына осы поэзия мінбері мұрындық болады деп ойлаймын» деп пікір білдірген.
Айтқандай, Әбдірахымовты «зың әкім» деп атап кеткен қалалықтар Айтахановты «қайырымды қаланың әкімі» деп есте сақтайтын болды. Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» атты белгілі философиялық еңбегіне сүйене отырып, Шымкент қаласына «Қайырымды қала» деген балама атау беруді ұсынған да осы Айтаханов болатын. Бүгінде қаладағы кез келген қайырымды іс осы хэштекпен беріліп жүр. Арнайы логотип те жасалған.
Сонымен қатар Айтахановтың тұсында қала көшелеріндегі қоқыс мәселесінде жиі дау шығып, оны тазарту шаралары да белсенді атқарылды. Ал қаланың облыспен бөлінгелі бері тоқтап қалған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі биылғы күзде Ерлан Қуанышұлының бастамасымен қайта қолға алынды. Шаһар басшысы бұл бағытта Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп әр аптаның сенбі күндері Шымкентке әр ауданның диқаны мен кәсіпкерлерінің өнімдерін әкелуді ұйымдастырды.
Қарап отырсаңыз, әкім осы уақыт аралығында біраз тірлікті жайғаған сияқты ғой. Ендеше жоғары жаққа несімен жақпай қалды екен?
Иә, мегаполистің тірлігі бір идеологиямен шешілмейтіні тағы белгілі. Шыны керек, Е.Айтаханов идеология саласын мықтап қолға алғанымен, шаһардың инвестициясы мен экономикасына тіс батыра алмады-ау. Ол өзінің зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуінде «Құлдыраған кез келген экономиканы аяққа тұрғызуға болады. Ал руханият бір шайқалса, оның зардабы ғасырларға созылуы мүмкін» деген болатын. Одан бөлек, естеріңізде болса жуырда Шымкент қаласындағы конкурстан өткен 176 салымшының тұрғын үйін әкімдік Жастар жылына орай жастарға беріп жібергені туралы дау шыққан болатын. Әкімдікті жаулап алған салымшылар тиесілі үйлерін қайтарып беруін талап етіп, сол маңда қону жағдайы да орын алды. Әлеуметтік желіде жұрт Айтахановтың кетуін дәл осы тұстан кеткен кемшілік деп жүр.
Қалай болғанда да, биліктің әлеуметпен санасуы тиіс екені рас. Біреуге жақсылық жасап, екіншісін ұмытып кетуі тұрғындардың ашу-ызасын туғызса керек-ті. Сондай-ақ Айтахановтың идеологияға басым бағыт бұрғандығынан шығар, өзін жарнамалауы жиілеп кеткені де бар. Кез келген тіпті кітапханадағы жылт еткен жаңалық ортасынан да өзінің табылуы, орынбасарларының көрінбеуі тағы бір қателігі болса керек. Ал инвестиция мен индустрияның сол күйі жабық тақырып болып қалғанын жоғарыда айттық. Сонымен, бұрынғы басшының неден мүлт кеткенін әркім әртүрлі топшылап жүр. Ал біз алты айда атқарған шараларын ғана айтып шықтық. Енді жаңа әкім Мұрат Әйтенов 2020 жылға бекітілген бюджетті тиімді ұйымдастырып, тиісті салаға бағыттайтын шығар деген ниеттеміз. Ең бастысы, қала маңындағы ауылдардың мәселесі аяқсыз қалмаса болғаны...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы