Бұл әдеттегідей теңгеміздің әлсіреуіне ықпал етті, 9 қыркүйектегі биржалық саудада теңге бағамы 426,50 деңгейіне жетті. Алайда сол күні кешке мұнай котировкасы қайта қалпына келді. Бірақ бұл арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Себебі алдымызда коронавирустың екінші толқыны келе жатыр. Экономикамыз мұнайға тәуелді болғандықтан, бар баққанымыз, әрине мұнай бағасы. Олай болса, алдағы жылы ел экономикасының жағдайы қалай болмақ? Әрине, Ұлттық банк басшылығы мұнай бағасының төмендеуіне ең алдымен инвесторлардың күмәні ықпал етіп жатыр дегенді айтады. Себебі инвесторлар көмірсутекке сұраныс артатынына сенбейді-мыс. Сенбесе, бір себебі бар шығар, себебі олар экономикалық өзгерістерден бір қадам алда жүруге бейімделген.
Биыл ел рецессияға ұшырай ма?
Экономист Бауыржан Исабековтің айтуынша, ел үшін негізгі сыртқы қауіп көзі – экономикамыздың мұнай және газ нарығына шамадан тыс тәуелділігі. Коронавирус пандемиясынан экономикалық белсенділіктің баяулауы барлық салаға белгілі бір дәрежеде әсер етіп жатыр. «Әртүрлі белгісіздік факторларына тап болған экономикадағы одан әрі болатын процестер көбінесе ақшалай және фискалдық қолдау шараларының тиімділігіне, олардың күйзелістердің жағымсыз салдарын азайту қабілетіне байланысты болады. Негізгі сценарийі бойынша ел биыл рецессияға ұшырауы мүмкін: өсу қарқыны нақты ЖІӨ шамамен 2%-ті құрайды. 2021 жылы осы көрсеткіш динамикасының төмен базасын қалпына келтіреді деп күтіліп отыр», – дейді. Оның пайымынша, Қазақстанның шикізат экспортының негізгі үлесі экономикалық қиындықтарға қарамай тұрақты сұранысқа ие энергия ресурстары болып отыр. Осыған байланысты Қазақстан терең рецессия қаупінен сақтандырылған, яғни ресми мәліметтерге сәйкес, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ небәрі 1,8%-ке төмендеді. Қазақстан экономикасының құрылымы ел халқының жартысына жуығын сәйкесінше құрылымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ресми жалақы үлесі ЖІӨ-нің 15%-ін құрайды. Бірақ қазақстандықтардың орташа кірісі, шын мәнінде қанша шығынға ұшырағанын бағалау өте қиын. Себебі ресми статистика көлеңкелі экономика үлесін 23,62% деңгейінде бағалап отыр. Ал Халықаралық валюта қоры біздегі көлеңкелі экономиканы 30-40% деп көрсетеді. Қалай десек те, карантиннен ең көп зардап шеккен сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілері. Бұған дейін бір ғана сауда саласының өзі 1,3 миллионға жуық қазақстандықты жұмыспен қамтығанын ескерсек, бұл көрсеткіш халықтың 15%-ін құрайды екен. Яғни, бір саладан ғана халықтың осынша бөлігі жұмыссыз екенін болжауға болады.Мемлекеттік қарыз өсуі мүмкін
Шикізатқа нарықтық бағаның түсуі, сондай-ақ ОПЕК + келісімі бойынша мұнай өндіруді азайту міндеттемелері энергия экспортынан бюджетке түсетін түсімнің жартысына азайтады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде үкіметтік қолдауды арттыру мүмкіндігін азайтады. Бауыржан Исабеков коронодағдарыс жағдайында кереметтер күтудің қажеті жоқ екенін айтады. «Егер 2019 жылы бюджет шығыстары Ұлттық қор трансферттері арқылы 28%-ке қаржыландырылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 34%-ке дейін өсуі мүмкін. Егер де карантин қайталанса, салық түсімдерінің түсуіне байланысты мәселелердің одан сайын ушығуына, мемлекеттік қарыздың өсуіне алып келеді. Қазіргі жағдайда мемлекеттік қарыз ЖІӨ-нің 28%-ке дейін өсуі мүмкін», – дейді экономист. Оның айтуынша, 2021 жылы сауда-саттық бойынша серіктес елдердегі іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және шикізаттың нарықтық бағасы аясында Қазақстан экономикасының жағдайы жақсарады. ЖІӨ-нің өсуі келесі жылдың басында ғана күтіледі. Шамамен 3%-ке жетуі мүмкін. Ал жыл аяғында экономика 3%-ке құлдырауы мүмкін, ал инфляция 8-9%-ке дейін көтерілуі мүмкін, бұл халықтың нақты кірісіне теріс әсер етеді, ал ресми жұмыссыздық 6%-ке дейін көтерілуі мүмкін.Мұнай бағасы 30 долларға құлдырай ма?
Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, Ұлттық банк 2021 жылға жасаған болжамында базалық сценариймен қоса балама сценарийлерді де қарастырады. «Мәселен, пессимистік сценарий ретінде COVID-19-ға байланысты жағдайдың нашарлауынан мұнайдың әлемдік қорының өсуі немесе оның ұсынысының ұлғаюы аясында мұнай бағасы 2021 жылы бір баррель үшін 30 АҚШ долларына дейін құлдырау сценарийі қаралды. Осы сценарийді іске асыру Қазақстан экономикасына теріс әсер етеді, экспорттың қысқаруына, ішкі сұраныстың азаюына, ал айырбастау бағамын тұтынушылық бағаларға ауыстыру әсері арқылы инфляцияны жеделдетуге алып келеді. Салдарынан 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ өсуі базалық сценарийге қарағанда төмен болады, ал инфляция 4-6% нысаналы дәлізден жоғары болады», – дейді ол. Ұлттық банк өкілі коронавирустың теріс серпіні шетелден, сол сияқты ел ішінде де өнім жеткізудің бұзылуына және бағаның тиісінше өсуіне әкелуі мүмкін екенін болжайды.Халықаралық валюта қоры не дейді?
Халықаралық агенттіктер орташа алғанда Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 2020 жылдың соңына дейін бір баррель үшін 40 АҚШ доллары және 2021 жылы бір баррель үшін 45 АҚШ доллары болатынын болжайды. Бірақ бұл тек болжам екенін ескеруіміз керек. Әрине, соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасы негізінен мұнай өндіру арқылы өсті, мұнай бағасының төмендеуі өндірістің құлдырауына, экономикалық белсенділіктің төмендеуінің негізгі факторларының біріне айналды. Көңілге демеу болары сол, халықаралық ұйымдар 2021 жылы жаһандық және ірі ұлттық экономикалардың қалпына келе бастайтынын болжайды. Бұл Қазақстандағы шикізатқа сұраныстың өсуіне серпін береді. Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2021 жылы әлемдік экономика нақты мәнде 5,4%-ке, дамыған экономикалар 4,8%-ке өседі, ал 2021 жылы тауарларға сұранысты қалыптастыратын негізгі экономикалар Жапония + 3%-ға, ал Қытай + 9,2% қарқынымен өседі. 2021 жылы Халықаралық валюта қоры шикізатты ірі импорттаушылардың өсуі шикізат бағаларын қолдауға мүмкіндік береді деп санайды. 2021 жылдан кейінгі кезеңде ұсыныстың теңгерімді ұлғаюы мұнай бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Біз осы сценарийге сенгіміз келеді...Тұмар МЫРЗА