Деректер не дейді?
2012-2019 жылы, яғни 7 жылдың ішінде 500-ге жуық ауыл иесіз мекенге айналыпты. Осыған дейін ауылдарға байланысты көптеген болжам айтылған. Сол болжамның біріне үңілсек, 2021 жылға қарай Солтүстік Қазақстан облысындағы 664 елді мекеннің әрбір алтыншысы жабылады екен. Бұл шамалап алғанда 110-нан астам ауылдың келешегі жоқ деген сөз. Осы болжам шындыққа айнала бастағанға ұқсайды. 38 ауылдың тізімнен сызылуы соның бір айғағы. 2000 жылдан бері СҚО-да 118 ауыл иесіз қалыпты. Демек, солтүстік аймақта елді мекендердің жойылуы қалыпты, әдеттегі жағдайға айналғанға ұқсайды. Осы ауылдардың әсерінен 290 мектеп жабылды. Бұл солтүстік өңірдің ауылдарына ғана тән жағдай емес. Шығыс Қазақстанның Қытаймен шекаралас аймақтарындағы елді мекендер де осы күйді кешті. Қазіргі кезде еліміздегі 6 416 ауылдың 3 477-сі ғана келешекте даму әлеуеті бар деп танылған. Яғни, болашақта ауылдардың 46 пайызы құрдымға кетуі мүмкін.Көші-қон мен жұмыссыздық ықпалы
Енді ауылдан ат ізін ала қашуға не себеп болғанын қазбалап көрсек. Ең әуелі мынаған көз жүгіртейік. Жоғарыдағы деректерге қарап отырып, ауылдары жойылған аймақтардың басында солтүстік өңірі тұрғанын білдік. Бұл жерде өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғаны айқын. Демек, олар өз тарихи отанына қоныс аударып жатыр. Ресми дерекке қарасақ, 2019 жылы елімізден 45 мың адам өзге елге көшіп кеткен. Басым бөлігі – өзге ұлт өкілдері. Ал елге сырттан келіп қоныс аударған қандастардың саны 12-14 мың аралығында ғана. Қош, келесі мәселе жұмыссыздық жайы. Кеңес үкіметі кезінде әр ауылда шаруа қожалығы болып, халықтың күнкөрісін дөңгелетіп отырды. Тәуелсіздіктен кейін оның біразы қараусыз қалды. «Арқадағы қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, ауылдардың қаңырап қалуына нақты бір себеп болғаны анық. Осыдан кейін қалған ойды тарқату еншісін көзқарасы бөлек екі әлеуметтанушыға берген едік Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, DataSight әлеуметтік және бизнес« зерттеу орталығының директоры: – Адамдардың мәселесі тек жұмыспен қамтумен шектелмейді. Тапқан табысын тиімді пайдаланып, ақшасын жұмсай алуы да қажет. Мысалы, сізді Маңғыстау, Атырау немесе Екібастұздағы жалақысы мол жұмыс орындарына қабылдауы мүмкін. Бірақ сол жалақыңызға сәйкес жақсы жағдай жасалғанын қалайсыз. Көбіне кен орындары орын тепкен аймақтардың ауасы ластау, жастары аз мекен болатынын білеміз. Демек, ауылдан қалаға көшуді тек жұмыспен, табыспен байланыстыруға болмайды. Адамдар ең әуелі қауіпсіздігін ойлайды. Ал ауылдық жерлерде немесе аудандарда мықты маман, білімді дәрігер бар дегенге жұрт сене қоймайды. Себебі білікті маманның бәрі қалаға шоғырланған. Одан кейін білім мәселесі бар. Кез келген ата-ана баласының қалада білім алғанын қалайды. Яғни, аңғарсақ азаматтарға қоғамдық қызметтердің сапасы маңызды. Көп ауылда мектеп, аурухана, интернеттің болмауы соның бір дәлелі. Тағы бір дерек, Жезқазған қаласында бассейн мен кітап дүкені жоқ екен. Тынығып, сауат ашқысы келген жанға бұл айтарлықтай проблема. Тағы бір себеп – депопулация. Елімізде оңтүстік өңірлерде адам көп, бала туу көрсеткіші жақсы. Ал солтүстікте керісінше, азайып жатыр. Бұған табиғи фактордың әсері бар. Сонымен қатар діни көзқарастың да ықпалын есепке алған жөн. Оңтүстік өңірлерде ұрпақ өрбіту секілді дүниелер адам өміріндегі ең басты міндеттің бірі саналады. Солтүстік аймақта олай емес. Жағдайы жетіп жатса ғана 1-2 баламен шектеле қояды. Сондықтан ауыл халқы қалаға тек жұмыс іздеп көшіп жатқан жоқ, азаматтар қолайлы, жайлы, сапалы өмір үшін осы қадамға барады. Рамазан САЛЫҚЖАНОВ, әлеуметтанушы: – Ауылдан көшіп кетіп жатқандардың көбі – жастар, жоғары оқу орнына түсіп немесе шаңырақ құрып, баласын қалаға алып кететін жандар. Бұлайша ауылды жайлы жер санамаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамдар ауылдық мектептегі білім сапасына сенбейді. Екіншіден, жұмыссыздық белең алған. Үшіншіден, ауылдағы ағайын мал асырағысы келеді, бірақ жайылымның барлығын таныс-тамыр арқылы бөлісу көбейген. Ал атажұртына көшіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жөні басқа. Кезінде зауыттар салынып, айтарлықтай дамыған ауылдар Кеңес үкіметі құлаған соң экономикалық талаптарға сай болмай қалды. Бірақ трагедия жасаудың қажеті жоқ. Соңғы 150 жылда урбанизация әлемдік процеске айналды. Қазақстанда да қалалықтардың саны артты. Қанша уақыт өтсе де, еліміздегі ауылдар түбегейлі жойыла қоймайды. Ауылдағы ағайындар ішінде ауылды атажұрты деп санап, өзге мекенге көшпейтіндер бар. Былайша айтсақ, қазақтағы қара шаңырақты ұстап қалатын ғұрыпты бұзбайтындар. Қалаға жабыла көшу үрдісінің тоқтайтын кезеңі болады. Барлық ауылда жағдай нашар деп айта алмаймыз.Мадияр ТӨЛЕУ