Ажырасу төрт есеге дейін азайды
Ең әуелі отбасы жақсылығына келер болсақ, карантин кезінде Жамбыл облысында ажырасу төрт есеге дейін азайған. Облыс әкімдігі аппаратының азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, карантин бастау алған 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 3 102 неке қиылып, 431 отбасы ажырасқан екен. Өткен жылғы дәл осы кезеңде 4 105 адам некеге тұрса, 1 692 азамат некесін бұзған. Бұл сандарға қарап отырсаңыз, былтырға қарағанда биыл некеге тұру да, ажырасу да азайғанын көруге болады. Әсіресе, шаңырағы шайқалып, ортасына түскен отбасылардың саны үш есеге кеміген. Бұл, әрине жанға жылу беретін ақпарат. Тараз қаласына келетін болсақ, 1 наурыз бен 3 қыркүйек аралығында 1 297 адам үйленіп, 231 отбасы ажырасқан. Өткен жылмен салыстырсақ, былтыр 1 750 адам некеге тұрса, 804 азамат осы кезеңде некесін бұзған. Мұнда да үйлену де, ажырасу да алдыңғы жылға қарағанда азайғанын аңғару қиын емес. Қала бойынша ажырасқан отбасылардың саны тіпті төрт есеге кемігені қуантады. – Көрші үйден коронавирус жұқтырған тұрғын анықталған соң біздің үйді де карантинге жапқан болатын. 14 күнге жететін азық-түлік қорымыз болмаса да, Тараз қаласы әкімдігінен келген азаматтар екі апта бойы азық-түлікпен, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етті. Сол кезде тіпті көршілермен де сөйлесуге тыйым салынғандықтан, үйде бала тәрбиесімен отырдық. Сабақтарына барынша көңіл бөліп, спортпен шұғылдандық. Жолдасым жұмыс бабымен бірде Қызылордада, бірде басқа қалада жүретіндіктен түсіне алмай қалатын кездеріміз көп болып жүрген. Карантиннің бір пайдасы күйеуіммен түсінісіп, балаларым да әкелерімен ойнап, құмарлары қанды, – дейді Тараз қаласында карантинге алғаш жабылған Қарасу алқабы №38-үйдің тұрғыны Аягөз Маялиева. Демек, карантин жұптардың түсінісуіне жәрдемдескен. Былтырғы жылға қарағанда облыс көлемінде де, Тараз қаласында да ажырасу фактілері 3-4 есеге азайғаны осыны айғақтап тұрғандай. Осы қырынан келгенде айлап карантинде жатқан отбасы мүшелері жұмысты ұмытып, отбасына көңіл бөлуге мүмкіндік алған. Сондықтан әлемдік пандемияға әйелдер қауымы алғыс айтатын сияқты.Жастар жаппай үйленіп жатыр
Енді карантин кезінде үйлену неге азайып кетті дегенге келсек, оған нақты жауап та бар. Бұл кезеңде тойханалардың есігі жабылып, көпшілік қуанышын бөлісе алмады. Алайда карантин шаралары жеңілдетілген бойда неке қиюға өтініш бергендердің саны күрт өсіп отыр. Мәселен, 9 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында бір ғана Тараз қаласы бойынша 651 жұп некесін қиюға құжат тапсырған. Карантиннің 6 айында қала бойынша 1 297 адам ғана үйленгенін ескерсек, 1 ай ішінде 651 адамның өтінім беруі сөз жоқ үлкен ілгерілеу. – Жыл басынан үйленуді жоспарлап жүргенмін. Сөз байласып қойған қызым да дайын болатын. Алайда карантин қолды байлап, той күнін кейінгі шегеруімізге тура келді. Содан ай-айға жалғанып, күзге бір-ақ жеттік. Осылай отыра берсек, биылдан қалып кететінімді түсініп, оған қоса карантин шаралары жеңілдетілгендіктен «қолдан ұзатып береміз» деп отырған құдалардың рұқсатымен қызды алып қаштым. Сөйтіп, есік алдында шағын беташар жасап, енді тойды кейінге қалдырып отырмыз. Мұны қайын жұртым да қолдауда. Себебі қазіргідей қиын кезде той жасау оңайға соқпайды. Алайда бір таңғалғаным күз келген бойы өз көшемдегі үш жігіт үйленді. Сол секілді тамыр-таныстарымның арасында да үйленіп жатқандар көп. Осылайша, жастардың жаппай үйленуіне карантин шараларының жеңілдетілуі түрткі болған секілді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұрбек Оспанов. Иә, байқап тұрсаңыздар карантин шаралары жеңілдетілген бойы жастар жаппай үйленіп жатыр. Бұл да болса әлемдік пандемияның бір пайдасы десек болады.Жүкті әйелдердің саны артты
Естеріңізде болса, коронавирус кеселі әлемді шарпыған алғашқы айында Қытай мемлекетінде ажырасу фактілері жиілеп кеткенін естігенбіз. Ал Жамбыл облысында, керісінше ажырасу азайып, жастардың некеге тұруы кейінгі айда қарқын алуда. Бұдан бөлек, әлемдік пандемияның демографиялық дүмпуге де өзіндік әсері болған секілді. Мәселен, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, соңғы 8 айда 6 255 нәресте дүниеге келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 46 балаға артық. Ал ең қызығы – 1 наурыз бен 1 қыркүйек аралығында 382 әйел жүкті ретінде емханаға тіркелген. Медицина мамандарының айтуынша, әйелдің жүктілігі 12 аптасына дейін тіркеуге алынады екен. Демек, наурыз айынан басталған карантин кезеңде ерлі-зайыптылардың үйде болуы отбасы мүшелері санын көбейтуге өз үлесін қосқаны анық болып тұр. Енді аталған 382 әйел жақын айларда босанса, бұл жыл соңына дейінгі көрсеткішімізді тағы жақсарта түсетіні даусыз. P.S.Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал зор алаңдаушылық тудырып отырғанын баса айтты. Президент, әсіресе кейінгі жылдары ерлі-зайыптылар арасында ажырасу фактілері жиілеп кеткенін, оған бірден-бір себеп жас отбасылардың бала сүйе алмау мәселесі екенін өзекті етіп көтерді. Осыған орай, Қасым-Жомарт Кемелұлы келер жылдан бастап «Аңсаған сәби» жобасын жандандыруды тапсырды. Әрине, мұндай ауқымды шаралар отбасы құндылығын сақтауға өзіндік үнін қосатыны анық. Ал карантиннен кейінгі қазіргі жағдайда – бұл бастама жамбылдықтар үшін нұр үстіне нұр болғалы тұр.
Саятхан САТЫЛҒАН