БАӘ азаматы алғаш рет ғарышқа ұшты
БАӘ азаматы алғаш рет ғарышқа ұшты
106
оқылды

25 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 19:58-де Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-15» ресейлік әуе кемесі көкке көтерілді.

Бортта ресейлік Олег Скрипочка, америкалық Джессика Меир мен БАӘ-ден шыққан тұңғыш ғарышкер Хаззаа әл-Мансури бар.

Бірнеше сағаттан кейін кеме Халықаралық ғарыш станциясына жақындап, «Звезда» қызмет модулінің қондыру станциясына қонды. Қазір ХҒС (Халықаралық ғарыш станциясы) бортында ресейлік Алексей Овчинин мен Александр Скворцов, америкалық астровновтар Кристина Кук, Ник Хейг және Эндрю Морган, сондай-ақ итальяндық Лука Пармитано бар.

Скрипочка мен Меир Жерге 2020 жылдың 30 наурызында америкалық Эндрю Морганмен оралады. Әл-Мансури ХҒС бортында сегіз күн өткізуі тиіс, ал 3 қазанда Овчинин және Хейгпен «Союз МС-12» ғарыш кемесімен Жерге қайтып оралады.


Хаазза әл-Мансури – әскери ұшқыш. Жасы – 35-те. Ғарышқа ұшуды бала кезінен армандаған. «Бала кезімде аспандағы жұлдыздарға қарап соларға қалай жетуге болады деп армандайтын едім. 4 сыныпта кітаптан араб ғарышкері Сұлтан бен-Салман әл-Сауд туралы көріп, өмірде мүмкін емес нәрсе жоқтығын түсіндім. Сондықтан әскери әуе күштеріне бардым: осылайша өзімді жұлдыздарға жақын сезіндім», - деді әл-Мансури NASA-да өткен конференция барысында. Әл-Мансури ХҒС-ға екінші борт инженері ретінде аттанған. Экипаждың өзге мүшелері сияқты ол да зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Аталған зерттеу жұмыстарының 15-ін БАӘ-дегі оқушылар жасақтаған. Әл-Мансури Жерге оралғаннан кейін оқушылар шыққан нәтижелерді салыстырады. Араб ғарышкері ғарышқа өзімен бірге 10 келілік жүк алып барады. Бұл өз мемлекетінің мәдениеті, мұрасы мен тарихы үшін маңызды заттар. Олардың қатарында БАӘ-нің туы мен елтаңбасы, Әмірліктің ұлттық ағашы саналатын Әл-Гхафтың тұқымы бар. Ғарыштан оралғаннан кейін ту мен елтаңба мұражайға жіберіледі, ал тұқымнан жаңа ағаштар өсіп шығады.