Тоқаевтың тапсырмасы: Әбіш Кекілбаевтың Ақтаудағы музейінің құрылысы 2020 жылы аяқталады
Тоқаевтың тапсырмасы: Әбіш Кекілбаевтың Ақтаудағы музейінің құрылысы 2020 жылы аяқталады

ҚазАқпараттың мәлімдеуінше, Ақтау қаласында қазан айында Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталық ашылады.

Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Елдар Машырықовтың айтуынша, мәдени кешеннің құрылысы толықтай келесі жылы аяқталады.

«Қыркүйек айының аяғында тапсырамыз деп жоспарланған мәдени орталықтың дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта актілері, құрылысқа қажетті құжаттары жасақталып, тапсыруға дайындап жатырмыз. Ал кітапхана мен музей құрылысы 2020 жылдың аяғында бітеді», ­- деді Елдар Машырықов.

Орталықтың алдында Әбіш Кекілбаевтың ескерткіші орнатылады. Жобаның инвесторлары ­- итальяндық компания. Екі мың орындық кітапхана мен театры бар орталық 10 га аумақта орналасқан. Жоба авторлары - астаналық мамандар. Сондай-ақ, кітапханада 304 мың кітап қоры болады.

Кешеннің ашылуы қазан айының екінші аптасына жоспарланған.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Киелі өлкеден шыққан айтулы тұлғаларды барша халқымыз жақсы біледі. Солардың бірегейі - заңғар жазушымыз, мемлекет қайраткері, қазақтың абызы атанған Әбіш Кекілбаев. Әбіш Кекілбаевтың музейі салынып жатыр. Облыс әкіміне құрылыс жұмыстарын сапалы және уақтылы бітіруді тапсырамын. Мерейтойды біз тұтас ел болып, жоғары деңгейде атап өтеміз», - деп Ақтауға сапары барысында облыс басшысына тапсырма берген еді.